Рухани жаңғыру

Ырыс мерейі

Шәкәрім бабамыз: «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дейтіндей, бүгінгі мерекенің – Қазақстан халқы бірлігі күнінің де өз орыны, өз ерекшелігі бар.
Тағдырдың жазуы, Қазақ елінде байырғы тұрғындар – қазақтармен қатар бірнеше ұлт өкілдері өмір сүруде. Қазақстан оларға да бөтен емес. Өз елі, өз Отаны санайды. Солай болу керек-ақ. Себебі біз ортақ мақсат, ортақ мүдде жолында тіршілік етіп жатырмыз. Біздің көздегеніміз – Отанымыздың одан әрі гүлденіп, көркеюіне тамшыдай болса да үлес қосу. Қазақстанымызды өзге елдерден кем қылмау, керісінше, дүниежүзіндегі ең алдыңғы қатарлы, жетілген, өсіп-өркендеген мемлекеттердің қатарына қосу.

Қазақ – бауырмал халық. Мұны тарих та талай рет дәлелдеді. ­Ста­линдік қуғын-сүргін кезінде жер аударылған сан халықтың өкілдерін – поляктарды, кәрістерді, шешендерді, немістерді… бауырына басып, паналатты. Өзі аш құрсақ отырса да, қолындағысымен бөлісті. Бұл жақсы­лық ұмытылмауы тиіс.
Қазақтың өзгеге, бөтенге жана­шырлығы әлі де жалғасуда. Соның бірі әрі бірегейі ретінде әлемде баламасы жоқ саяси құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясын айтуға болар. Бұл еліміздегі әрбір ұлт өкілінің мүддесін қорғайтын қоғамдық бірлестік. Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі – елі­міздің жоғары заң шығару органы – Парламентте этностық топтар мүдделерінің кепілді өкілдік етуін қамтамасыз ету. Қазіргі күні Парламент Мәжілісіне Ассамблея­дан сайланған депутаттар елдегі түрлі этностар атынан өкілдік етеді. Бір сөзбен айтқанда, елімізде отандастарымыздың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған.
Не нәрсенің де қайтарымы бол­ғаны жақсы. Елдегі этнос өкілдері жа­салып отырған қамқорлық жердің, елдің иесі саналатын қазақ ұлтының өздеріне деген ыстық ықыласы, адал пейілі екенін сезінгендері абзал. Қазақтың жүзі жарқын, көңілі тоқ болса басқалардың да сағанағы сарқ, қағанағы қарқ. Олай болса қазаққа қатысты мәселелерді шешуде өзге де ұлт өкілдері бірлесе ұмтылса бұдан ешқайсысының да шыққан төбесі аласармайды. Қайта мерей-мәртебелері бұрынғыдан да арта түседі.
Осы ретте жақында өзіміз сүйініш танытқан игі бастаманы тілге тиек еткіміз келеді. Талдықорғандық әріптесіміз, облыстық «Огни Алатау» газетінің редакторы, ұлты ­шешен Атсалим Идиговтың жергілікті газетте «Кәнекей, қазақ тілін бірге көтерейік!» деген мақаласы жарық көрді. Мақаланы оқып отырып, автордың қазақ тілінің еліміздегі орнын жете түсінетіндігін, жалпы елдегі бейбіт өмірді, тыныштықты қолдайтын азамат екендігін аңғардық. Мақаладан кейбір үзінділер келтіре кетейік. «Нұрсұлтан Әбішұлы үш тілділікті айтқанда қазақ тілі әлгі үшеуінің бірі ғана емес, ерекше мәртебесі бар тіл екенін әрдайым айтып келеді. Оның халықты біріктіруші және үйлестіруші күші бар. Бұл шын­­дық. Мәселен біз, 18 миллион қазақстандық, күнде таңертең қа­зақша: «Қайырлы таң!» деп амандасып жатсақ бір-бірімізді бұрынғыдан да жақсы түсініп, туысқан адамдай жақын тартып кетер едік. Қазақша айтқанда, бір-бірімізге бауырдай жақын болатынымыз хақ». Айтады ғой: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп. Мен басқаша айтар едім: «Қазақстандық қазақстандықпен қазақша сөйлессін!». Алла бұйырса осыған жетеміз! «Мемлекеттік тіл – біздің тіл! Біз сыйламасақ кім сыйлайды? Біз қорғамасақ кім қорғайды. Біз сақтамасақ кім сақтайды?» Бұл келтірілген үзінділер қара әріппен қазақша жазылған.
Міне, нағыз отандастың сөзі!
Елге жаны ашитын, арамыздағы татулыққа, ынтымаққа мүдделі жан­ның жүрегі осылай соқса керек.
Елдің бірлігі – ең асыл қазына. Осы асылымыз бұрынғыдан да жайнап, жарқырай берсе нұр үстіне нұр.
Ырыстың мерейі – бірлік.

Нұрперзент Домбай
«Ана тілі»

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button