Рухани жаңғыру

Жаңғырудың жаңа белесі

Алматы теxнологиялық университетінде «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» атты жиын өтті. Жиынды аталған университеттің «Қазақ тілі қоғамы», «Мемлекеттік және шетел тілдері» кафедрасы, «Қазақ тілі» әдістемелік бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды. 

Сонымен, елімізде латын графикасын енгізудің өзектілігі қандай? Жаңа емле-ережесі бойынша кірме сөздерді жазу ұстанымы, әдістемесі, ұлттық әліпбидегі біріккен сөздердің жазылу емлесі қандай болмақ? Медициналық терминдерді латын әліпбиімен жазуда кездесетін қиындықтарды шешу жолдары, латын әліпбиіне көшудегі түркі тілдес мемлекеттердің тәжірибелері қандай? Осы және өзге де өзекті мәселе­лерді қамтыған жиынды Алматы теxнологиялық университетінің бірінші ­проректоры, техника ғылымының докторы, профессор Бауыржан Нұрахметов жүргізіп отырды.
Ол өз сөзінде латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына тоқталып, «Мемлекеттік және шетел тілдері» кафедрасының ұйымдастыруымен университет қабырғасында атқарылып жатқан шараларды атап өтті. Білім ордасының «Технолог» газетінде былтырдан бастап латын қарпімен мақалалар жарияланып келе жатқанын, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы қор ашылғанын тілге тиек етті.
Негізгі баяндаманы «Мемлекеттік және шетел тілдері» кафедрасы­ның оқытушысы, педагогика ғылымының магистрі Айнұр Абдықадырова жасады. Аталған кафе­дра­ның аға оқытушысы, универси­теттегі «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Қарлыға Әбдірахманова латын әліпбиіне көшу барысындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жиын барысында Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымының докторы Қ.Қалыбаева, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкерлері, филология ғылымының кандидаттары Д.Пашан, А.Солтанбекова, Г.Көбденова, С.Асфендияров атындағы ҰМУ «Тілдік пәндер» кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты Т.Зайсанбаев, ҚРМУ «Тіл пәндері» кафедрасының қазақ тілі пәнінің оқытушысы Р.Құлабаева, ҰҚК академиясының доценті, филология ғылымының кандидаты Г.Бірәлі, АТУ Роболаб-роботехника зертханасының жетекшісі Н.Жұмахан және т.б. сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті. Заман ағымына қарай балабақшада халықаралық тіл деген желеумен ағылшын тілін үйрету басталғанын, соның салдарынан анасының сүтімен келген ана тіліне шорқақ ұрпақ өсіп келе жатқаны айтылып, латын әліпбиін үйретуді балабақша-мектептерден бастау қажеттігі сөз болды. Мамандар тарапынан U(ұ) және Y(у) әріптерінің орны ауысса, бұл латын әліпбиінде ұ мен ү-ні ажыратуға жеңіл болар еді деген ұсыныс айтылды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, латын әліпбиінің еліміз үшін берері мол. Өйткені латын әліпбиі арқылы көптеген кірме сөздерді өзіміздің тіл заңдылықтарына ыңғайлауға негіз бар.

Бағдагүл Балаубаева,
Гүлбақыт Жанұзақ

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button