Рухани жаңғыру

Ескерткішке бай өлке

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында халық санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеу қажеттігін айтты.

Облыс көлемінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру жұмыстары үш бағытта жүргізіліп жатыр. Бірінші бағыт — Ақтөбе облысындағы киелі жерлерді анықтау. Екінші бағыт — облыс аумағында тарихи және мәдениет ескерткіштерін орнату және ғылыми реставрация-консервациялау жұмыстары. Ал, үшінші бағыт — облыс аумағындағы киелі жерлерді ғылыми тұрғыдан зерттеу.

Ақтөбе өңірі еліміздің басқа да аймақтары секілді, тарих және мәдениет ескерткіштеріне өте бай. Біздің өлкеде азаттық үшін, қазақтың жерін қорғау үшін болған шайқастарға, халқымыздың ғасырлар бойғы туыстық-бірлігіне куә, сондай-ақ, ел жадында сақталған оқиғаларға қатысты тарихи орындар жетерлік. Бұлар — халықтың өткенімен байланысты, тарихи-мәдени мәні бар ежелгі жерлеу орындары, культтік ғимараттар, архитектуралық кесене-мазарлар, ортағасырлық сәулет өнері ескерткіштері, бірегей археологиялық кешендер, әр кезеңдерге жататын қорған-қорымдар. Сонымен қатар хан-сұлтандар, батырлар, би-шешендер, әулие-әмбиелер, ишан-ахундар, т.б. тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті жерлер бар.

Жалпыұлттық және өңірлік маңызы бар қасиетті орындарды анықтау және оларды зерттеу ісі, бір жағынан, оларды ел игілігіне, соның ішінде ішкі және сыртқы туризмді дамытуға пайдаланылады.

Үш бағытты қамтыған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірімізде біраз жұмыстар атқарылды. Мысалы, бірінші бағытқа тоқталар болсақ, облыс бойынша республикалық маңызы бар киелі жерлерге 10 ескерткіш енгізілді. Олардың қатарында Қобда ауданындағы Абат-Байтақ қорымы, Қобыланды батыр мемориалдық кешені, Исатай батыр кесенесі, Әйтеке би ауданындағы Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымы, Кенесары ханның қарындасы — Бопайдың моласы, Темір ауданындағы Досжан ишан мешіті, Шалқар ауданындағы Есет-Дәрібай Көтібарұлының кесенелері, Алға ауданындағы Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешені, Хромтау ауданындағы Ойсылқара қорымы және Ырғыз ауданындағы Жаманшың метеорит кратері бар.

Ал жергілікті маңызы бар киелі жерлер тізіміне 34 ескерткіш нысан енді.

Бірінші бағыт аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері Астана қаласындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығынан шыққан «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты қос кітапқа енді. Сондай-ақ, аталған орталық тарапынан «Қасиетті Қазақстан» атты жинақтың 2-томы әзірленіп, Батыс Қазақстандағы төрт облыстың киелі жерлері қамтылған энциклопедия жарық көрді.

Энциклопедияның жарыққа шығуына облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының мамандары да атсалысты. Аталған жинаққа облыстағы аса маңызды архитектуралық ескерткіштер және археологиялық қорғандар мен қорымдар туралы мәліметтер енгізілген.

Облысымыздан «Киелі жерлер географиясы» жобасына енген ескерткіштер жоғарыда айтылған 44 нысанмен шектеліп қалмайды. Бұл бағытта біз ғылыми-сараптамалық кеңеске өз ұсыныстарымызды жібердік, ұсыныстар бойынша өңірімізде республикалық маңызы бар нысандар қатары — 27-ге, ал жергілікті маңызы бар нысандар саны — 48-ге, сөйтіп, ескерткіштердің жалпы саны 75-ке  жеткізілмек.

Ата-бабаларымыз «Туған жер — тұғырың, туған ел — қыдырың» деп бекер айтпаған. Елбасы атап көрсеткендей, біздің жеріміздегі киелі орындар — бізді және болашақ ұрпақты кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыз.

Бақытжан ҚАЛНИЯЗ,

облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының бас инспекторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button