Экономика

Былтырғы бюджет қалай игерілді?

Мәслихат

 Облыстық әкімдікте №1 Жамбыл сайлау округінің депутаты Аркадий Нидің төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

Отырысқа облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.

Комиссия отырысында әуелі облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлназ Сисенованың «2018 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы» есебі тыңдалды. Оның ақпаратына сүйенсек, түсімдер бойынша облыстық бюджет жыл ішінде бес рет өсіп, 13 млрд 535,2 млн теңгеге көбейіп, 167 млрд 219,2 млн теңгеге жетті. Кірістердің түсімі негізінен салықтық төлемдерден, салықтық емес түсімдерден, негізгі капиталды сатудағы түсімдерден, сондай-ақжартысынан көбі, яғни 108 млрд 693,7 млн теңге трансферттерден түскен. ҚР Бюджет Кодексінің 44-бабына сәйкес үнемдеу есебінен құралған республикалық бюджеттен бөлінген трансферттердің 2018 жылы пайдаланылмаған 552,9 мың теңгесі толықтай республикалық бюджетке қайтарылды.

  • 2018 жылы облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің кредиторлық берешегі 342,7 миллион теңге болды. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармасы және полиция департаментінің үлкен берешектері бар, — деді есебінде Г.Сисенова.

Аталған мәселені талқылау барысында облыстық мәслихаттың депутаттары сұрақтар қойып, өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, бюджет қаражатының тиімді және мақсатты пайдаланылуына бақылауды күшейту керектігі баса айтылды.

Пікірталас барысында депутаттар кейбір кәсіпорындардың өздері келіскен жұмыстарын алдын ала орындап тастап, келесі жылы бюджеттен түсетін қаражаттарын күтіп жүргендері, жұмысшыларына айлықтарын бере алмай, кәсіпорынның банкроттықтың алдында тұрғандығы да айтылды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова тек бұл жайтқа ғана қатысты емес, жалпы бюджетті игеру дұрыс жоспарланбайтынын, соны пысықтау қажеттігін алға тартты. Ал отырыс төрағасы Аркадий Ни егер шынымен де осындай жайттар орын алған болса, кәсіпорын басшылары оны растайтын орындалған жұмыстар актілерін және басқа да қажетті құжаттарын ала келсе, мәселені шешуге өзінің араласатынын жеткізді.

Отырыс соңында комиссия қаулы қабылдап, күн тәртібіндегі мәселені облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button