Білім

Мұғалімдер мерейі

Кәсіподақ

Ұстаз еңбегінің қоғамдағы мәртебесін көтеру мақсатында сондай-ақ Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай «Қазақстандық сапалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен оқу жылының қорытындысы бойынша дәстүрлі «Ұстаз мерейі — кәсіподақ жемісі» атты салтанатты шара өтті.

Жиында 150-ден астам білім және ғылым қызметкерлері марапатталды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі және Құрмет грамотасы, ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, республиканың түкпір-түкпіріндегі шипажайларда демалуға сертификаттар табысталды.

— Бүгінгі шара мұғалімдердің жазғы демалысын тиімді өткізіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізуіне септігін тигізері сөзсіз.

Әрбір мұғалім жүйелі түрде жұмыс істесе,  нәтиже шығады. Нәтиже шыққан соң, еңбек те бағаланады. Мен Ырғыз ауданында 12 жыл ұстаздық қызмет атқарып, он жылдан астам уақыт селолық округ әкімі, кейіннен «Ырғыз-Торғай» табиғи резерватында, өзге де салаларда еңбек еттім. Соңғы 5 жылдан бері Ырғыз аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасымын.

Бүгін, міне,  ұзақ жылғы еңбегім бағаланып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып отырмын. Осы орайда мұғалімдердің мәртебесі өсе берсін деген тілегімді білдіремін, — деді марапат иелерінің бірі Айтбай Бейсенбайұлы.

Шара барысында «Ақтөбе облысының кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жеңісбек Ақбергенов мұғалімдерді құттықтап, марапаттады.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша облыстық білім басқармасы мен білім қызметкерлері кәсіптік одағының бірлескен екіжақты марапатымен жазғы демалыс кезінде облыстық кәсіподақ есебінен 51 үздік ұстаз Бурабай өңірінде демалуға сертификатқа ие болды. Сондай-ақ 66 кәсіподақ мүшесі «Зәру» пантосауықтыру шипажайында, 31 білім қызметкері Ақтау қаласындағы Каспий теңізінің жағалауында, 5 жас кәсіподақ мүшесі Алматы облысы Жетісу өңірінде өтетін жас педагогтардың республикалық лагеріне демалуға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, бүгінде облыстық білім және ғылым қызметекерлері кәсіподағының 32 мыңға жуық мүшесі бар.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button