Ауыл

Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл ауылдарына спорт кешені мен мектеп керек

Темірліктерді жұмыссыздық мәселесі де алаңдатады   

Сәрсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Темір ауданына барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады, шіркеудің құрылыс жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, Кеңкияқ, Шұбарши, Саркөл ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады.

Облыс әкімі алдымен Темір қаласындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысын барып көрді. Құрылыс жұмыстары 2017 жылдың қараша айында басталған нысан алдағы маусым айында халық игілігіне тапсырылмақ. Жобаның құны — 72 миллион теңге. Мердігер мекеме «БатысКоммерцСтройСервис» ЖШС өкілдері қазіргі таңда ғимаратты салуға 7 құрылысшының тартылғанын, құрылысты мерзімінде аяқтайтынын жеткізді. Өз кезегінде Темір аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Есентемір Демегеновтің айтуынша, мұнда болашақта күніне 50 адам қарала алады, оларға 1 дәрігер, 8 медбике қызмет көрсетпек. Медициналық мекеменің аужайымен танысқан Оңдасын Сейілұлы енді амбулаторияға қойылатын қондырғылардың жайын реттеу керектігін, бәрінің заман талабына сай болуы — басты талап екенін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына мықтап ескертті. «Жаңа ғимарат бар, енді оның іші жақсы медициналық аппараттармен толығуы керек. Тұрғындар үшін ең бастысы сол. Ғимаратты қабылдап алғанда да сапасына баса мән беріңіздер. Осы екі мәселені жауапты мамандарға тапсырамын», — деді өңір басшысы.

Одан соң 1905 жылы іргетасы қаланған Темір қалалық мешітінің жай-күйі таныстырылып, сондағы имам өлкедегі діни ахуал жайында баяндады. Құран оқылды. Артынша қазіргі таңда демеушілердің есебінен күрделі жөндеуден өтіп жатқан православтық шіркеуге де соқты. Мемлекет қамқорлығына алынған ғибадат орны таяуда есігін қайтадан айқара ашпақ.

Оңдасын Оразалиннің Кеңқияқ ауылдық округіндегі тұрғындармен кездесуіне бірқатар облыстық басқармалардың басшылары да қатысты. Өйткені мұнда жұмыссыздық, мектеп салу, жастардың бос уақытын тиімді өткізетін орталықтардың жоқтығы сияқты мәселелер ерекше өзекті. Жол, ауызсуға қатысты түйткілдер, «Жедел жәрдем» көлігінің ерекше қат екендігі және бар.

— Тұрғындардың басты проблемасына айналған жол мәселесі кезең-кезеңімен оң шешімін табады. Ақтөбеден Қандыағашқа дейінгі жол жөндеу жұмыстары жоспарға енсе, ал Қандыағаштан Шұбарқұдыққа баратын жолдың құрылысы басталып кеткенін өздеріңіз білесіздер. Ауызсу мәселесіне келсек, Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл ауылдық округтерін сумен қамтамасыз ету үшін жүргізілетін құрылысқа қажетті 850 миллион теңге бюджеттен бөлінеді. Газ қысымының төмендігіне байланысты аудан әкіміне тиісті тапсырмалар бердім, — деді облыс әкімі.

Сұрақ-жауап бөлімі келгенде арыз-шағымын айтушылар аз болған жоқ. Олардың дені аудандағы жұмыссыздық мәселесін көтерді. «Іргемізде мұнай өндіріліп жатса да, жағдайымыз мәз емес. Балаларымыз жұмыссыз, үйде отыр» деген зейнеткерлер ауыл дүкендеріндегі баға мәселесінің де өршіп тұрғанын, оны қадағалап жатқан ешкімнің жоқтығын ашына айтты. Кеңқияқтықтар бала санының артуына байланысты мектеп пен спорт кешені салынса деген де тілегін жеткізді.

— Жастардың бос жүрмей, спортпен айналысамын дегені өте орынды. Дене шынықтыру орталықтарының керектігі сөзсіз. Оның қанша адамға шақталатынын алдымен пысықтау керек. Тиісті органдармен бұл мәселені зерттеп, бәрі нақтыланған соң жауабымды айтамын. Аталған мәселе бақылауымда болады, — деп уәде берді Оңдасын Оразалин.

Кездесу соңында белсенді үш азаматқа облыс әкімдігінің Алғыс хаты, тағы бір мәдениет қызметкеріне ҚР Мәдениет және спорт министрінің марапаты табыс етілді.

Кеңқияқтағы жеке қабылдау кезінде жергілікті тұрғындар облыс әкіміне тағы да жұмыссыздық, баспана, атаулы әлеуметтік көмек, т.б. мәселелермен жолықты.

Ал Шұбарши ауылындағы жұртшылық пен саркөлдік тұрғындармен жүздесуде ауызсу, көгілдір отын, мектеп пен спорттық нысандар салу мәселелері сөз болды. Мұнымен бірге, ауыл тұрғындары тарапынан Шұбаршиде мал қорымы мен дәрігерлік амбулаторияның жоқтығы, газ қысымының төмендігі баса айтылды. Жолдың нашарлығы да шұбаршиліктерді алаңдатады.

— Аудан әкімі мал қорымын салуға 17 миллион теңге қажет деп отыр. Облыстық мәслихаттың сессиясына осы сұраныс жіберілетін болады. Дәрігерлік амбулатория да солай. Бұл мәселелерді мейлінше тез арада шешуге тырысамыз, — деген облыс әкімі Шұбарши ауылында мектеп-интернат пен жатақхана салынатынын атап өтті. Кейін мұнда да жеке қабылдау өткізді.

Сапар барысында өңір басшысы Темір ауданындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Әнуар Ахметзяновтың шаңырағына бас сұғып, жағдайын білді. 93 жастағы ақсақал тың екен, атқарушы билік өкілдеріне батасын беріп, ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, арнаулы топ Шұбарқұдық ауылында орналасқан Досжан Ишан кесенесіне де барып, баба рухына тағзым етті.

Айта кетейік, Темір ауданында қазіргі таңда 37 мыңнан астам халық тұрады. Ауданның жалпы аумағы — 12,6 мың шаршы шақырым. 1 қала, 10 ауылдық округ пен 25 елді мекені бар ауданның тыныс-тіршілігі осындай.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

Ақтөбе-Темір-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button