Ақтөбе — 95

Әкем газеттің жанашыры еді

Менің әкем Нұрмағамбет Жолекенов Ұлы Отан соғысы басталғанда 44 жаста екен, броньмен тылға қалдырылған. Мәртөк ауданының «Жаңатаң» ұжымшарында кеңестік алғашқы трактормен жер жыртып, қыста өгіз шанамен даладағы шөпті тасып, қоғамдық малды қыстатуға қатысқан. Жалпы әкем сол бейнеті мол, азапты жылдар туралы көп ашылып та айтпайтын. «Көппен бірге көрген ұлы той» дейтін де қоятын. Тың және тыңайған жерлерді  игеруге қатысты.

Біздің ауылдың тұрғындары сол жылдары облыстық «Социалистік жол», аудандық «Колхозная правда» газеттерін жаздырып алатын. Бала болсам да әлі есімде, аптасына  бес рет шығатын облыстық газетті хат тасушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қуаныш Келбатыров аудан орталығынан кідіріссіз жеткізетін.

Әкем тек арбаша хат танитын. Сондықтан келген газеттерді маған оқытатын. Әкем облыстық газеттің жанашыры еді, жылда бірден 12 айға жазылатын. Бұл менің баспасөзге, кітап оқуға деген құштарлығымды оятты. Сол жылдардан бастап, күні бүгінге дейін өзімнің сүйікті басылымымнан ажырап көргенім жоқ.

Облыс орталығындағы Пушкин атындағы саябақта «Социалистік жол», «Актюбинская правда» газеттерін ілетін әйнектелген стендтер болды. Мектеп оқушысы кезімде 1962-63 жылдары газетті сол жерден талай оқыдым.

Ал мақалаларымды газет «Коммунизм жолы» аталған тұстан жиі жаза бастадым. 1968 жылы әскер қатарынан оралған соң, «Жайсаң» кеңшарының бөлімшесінде есепші болдым. Мал қыстату, көктемгі далалық жұмыстар, егін орағы мен қоғамдық малға азық дайындау туралы репортаждар, мақалалар облыстық газет бетінде үзбей жарияланып тұрды. Қазір есептеп отырсам, 50 жылдай аудандық және облыстық газеттердің штаттан тыс тілшісі болдым.

Тіпті әскер қатарында болған кезде де қолымнан қаламым түскен жоқ. Урал әскери округінің «Красный боец» газетінде де мақалаларым басылып жүрді. Республикалық бірсыпыра газеттерде де хабарларым жарияланып тұратын.

Қазір Мәртөк селосында аудандық «Ленинский путь», облыстық «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» газеттерінің ұзақ жылдар штаттан тыс тілшісі болған Ғабдулмәлік Ахметов ақсақал тұрады. Ол жарияланған мақаласы соңына М.Ахметов деп қол қоятын. 1931 жылы туған, тыл ардагері Мәлік аға Мәртөкте бір кездескенімде, жастық жылдарын, облыстық және аудандық газеттердің штаттан тыс тілшісі болған жылдарын сағынышпен еске алды.

Осындай ақсақалдарды газеттің мерейтойларында ескеріп отырса, жарасты болар еді.

1977 жылы облыс орталығына көшіп келген соң, Мәртөк аудандық газетін жаздырып алып оқып жүремін. Ал «Ақтөбе» газетіне өзім жұмыс істеп, зейнеткерлікке  шыққан №16 «Аққайың» балабақшасының тыныс-тіршілігі туралы, қаладағы жолаушылар тасымалы, кейбір келеңсіз көріністерді жазып жүрмін. «Бесбармақ атауы — ұлтты кемсіту», «Шанқайдың шалшығы мен балшығы», «Қолдауы жоқ қамқорлық», тағы басқа сын мақалаларым әр жылдары «Бұқара» бетінде жарияланды.

Қазір «Ақтөбе» газеті 95 жылдық тойына қомақты таралыммен, түрлі-түсті бояумен шығады. Газет журналистері де тәжірибелі, қай тақырыпты да талдап, оқырманға нақты дерекпен жеткізіп жүр. Газеттің 90 жылдығына шыққан екі кітапты маған сыйға тартқан еді, қазір бұл менің мұрағатымдағы құнды жәдігерге айналды. Үйге келген қонақтарға  альбом түрінде шыққан кітаптарды қарауға беремін.

Кеңестік заманда жұмысшы-ауыл-село тілшілерін алғы шептегілер дейтін. Олар газет журналистеріне шаруашылықтағы, өндірістегі жағдайды баяндап, әр кез оларға көмекші бола білді. Бұл тәжірибе қазірде де бөтен емес сияқты.

«Ақтөбе» газеті — облыстың айнасы, 95 жылдық тойы құтты болсын. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін!

 Сағидолла ЖОЛЕКЕНОВ,

 ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button