Жеңіс

Әлия музейі: 10 мың жәдігер

Биыл Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқанына 75 жыл. Ал келер жылы жерлес батыр қызымыз тірі болса 95 жасқа толар еді Осы екі атаулы датаға орай Ақтөбе қаласындағы Әлияның музейіне ол туралы білуге ұмтылып, мәдениет мекемесіне арнайы келетіндердің саны артқан. Олардың қатарында шетелдіктер де аз емес.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің директоры Елена Қалтаеваның айтуынша, алдағы жылы ресми түрде ашылғанына 35 жыл толатын мекемеде қазіргі таңда Ұлы Жеңіс күніне арналған шаралар көптеп өткізіліп жатыр.

— Әлияның қайтыс болған 14 қаңтар күні жыл сайын еске алу шаралары, облыстық «Мерген ару» байқауы ұйымдастырылады. Әрі биыл — батыр қызымыздың қайтқанына 75 жыл. Жыл басынан бері осыған орай музейден бөлек, мектептерде танымдық-тәрбиелік шаралар өтіп, жастарға оның ерлік жолы жіті түсіндіріліп жатыр.

Сондай-ақ, бізге келушілер қазақтың батыр қыздары Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Ақтөбеден шыққан Кеңес Одағының Батырлары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы жасақталған экспозициялармен де таныса алады. Музей қорында барлығы 10 мыңға жуық экспонат бар. Оның ішінде ең құндысы, әрине, батыр қызымызға қатысты. Мәселен, Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы құжатты, оның майданнан жазған хаттарының көшірмесі, мектептегі оқу үлгерімі туралы деректер, басқа да жәдігерлерді ерекше атап өтуге болады, — дейді Елена Қалтаева.

Әлияның құрметіне ашылған облыстық деңгейдегі мемориалды музей тек Ақтөбе қаласында болса, батырдың туған жері — Қобда ауданында «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы, ал Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы орта мектептерде шағын музейлердің бары белгілі. Әңгімелесушіміз аталған мекемелердің баршасымен тығыз байланыста екенін, соңғы жылдары Әлияның музейіне алыс-жақын елдерден келетіндердің саны өскенін баян етті. «Біздегі экспозиция залына жылына 40 мыңға жуық адам келеді. Олардың қатарында еліміздің өзге өңірлерін айтпағанда, шетелдіктер де бар. Мәселен, Қытай, АҚШ, Еуропа мемлекеттерінен Әлияның тұлғасын жақыннан тану үшін арнайы жол жүріп келетіндер кездеседі. Әсіресе, келушілердің арасынан америкалық азамат ерекше есімде қалыпты. Ол жерлес мерген қызымыз жайлы барлық мәліметті жан-жақты сұрастырып, суретке түсіріп, айрықша қызығушылық танытты. Сол сияқты елшілердің де Әлияның мемориалды музейіне жиі жолы түседі», — дейді сөз арасында музей басшысы,

Бүгінгі таңда музейде барлығы 16 адам жұмыс істейді. Олар 9 мамыр — Жеңіс күнінде келушілерді қабылдайтынын, кіру ақысыз екенін қосты.

Айта кетейік, музейдің жалпы аумағы — 331 шаршы метр. Оның 220-cы экспозиция залына тиесілі. 20 жылдан бері шаһардағы тұрғын үйлердің бірінің 1-қабатын мекендеп келе жатқан музейге басыбайлы һәм кең ғимарат қажет-ақ. Музей директоры бұл сұрақтың біршама уақыттан бері көтеріліп келе жатқанын, ғимараттың шынымен тарлық етіп тұрғанын атап өтті.

— Музейде бір-ақ зал бар. Ал экспонаттарымыз көп. Оның үстіне, соңғы жылдары Ұлы Отан соғысына қатысушылар — аталары туралы мәлімет-деректерді тапсырып жатқан ақтөбеліктердің саны көп. Яғни Әлияны айтпағанда, Ақтөбенің батырлары туралы жәдігерлер жыл өткен сайын толықтырылу үстінде. Соның барлығын қамтитын үлкен ғимарат берілсе деген тілегіміз бар. Сонымен қатар, мұндай мәдениет мекемесіне жеке мультимедиалық зал, сканер құрылғылары орналасқан бөлме, дөңгелек үстелдер өтетін орын, басқасын былай қойғанда, гардеробы бар, қысқасы, заман талабына сай ғимарат керек. Көп ұзамай осы мәселенің оңды шешілетініне үмітіміз зор, — деп түйіндеді сөзін Е.Сәрсеналықызы.

Ақтөбе — батырлар мекені екенін ескерсек, Әлиядан бастап барлық жаужүрек ақтөбеліктер жайында сыр шертетін музейдің қажеттігі сөзсіз.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button