Жаңалықтар

Съезден соңғы әсер: сабақтастық жалғасы

Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінің күн тәртібінде алдағы 9 маусымға белгіленген Президент сайлауына кандидат ұсыну мәселесі қаралды.

Съезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз алып, елдегі бүгінгі ахуал туралы ойларын ортаға салды.

«Мемлекетті басқаруға басшылардың жаңа буыны келетін заман болды. Бұл іс Қазақстанның абыройын арттырып, беделін биіктете түседі деп сенемін. Біздің қазіргі шешіміміз соған қолдау көрсетіп, жағдай жасайтын болады» — деді ол съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде.

Елбасы партия төрағасы ретінде партияның атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды және «Мен Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанды басқаруға лайықты азамат деп сенемін. Тоқаев әр іске зор жауапкершілікпен қарайтын мемлекет қайраткері, халықаралық аренада беделі бар тұлға. Оның дипломатиялық тәжірибесіне Біріккен Ұлттар Ұйымы да жоғары баға берді» деп атап көрсетті.

Бұл съезге Ақтөбе облысынан облыс әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Оңдасын Оразалин бастаған 30 делегат қатысты.

— Делегация құрамында партияның аудандық филиалдары төрағаларының орынбасарлары, жергілікті мәслихат депутаттары бар. Біздердің қай-қайсысымыз да бұл тарихи съездің маңызды екенін, оның жауапкершілігін анық сезіндік. Себебі Тәуелсіздіктің тұғырын нықтап, егемендіктің елге берген игілігін көріп, алдағы күндерде де осы бағытта ілгерілей беруіміз үшін Президенттікке лайықты кандидатты ұсыну бәрімізге сын екені анық. Біздің артымызда ел халқы тұрғанын және ұмытуға болмайды, — деді Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Есмағамбетова.

Съезд делегаты, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Аманкелді Есіркепов Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінің ұйымшылдықпен, бірауыздылықпен өткенін алға тартты. «Елбасының ұсынысына съезд делегаттары толығымен қолдау білдірді. Шығып сөйлегендер таңдауды мақұлдап, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде Елбасы жария еткен «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл — ел бесігі», «Құтты мекен» партиялық жобаларының елдегі орындалуы барысы және мұқтаж жандарға нақты қолдау жолына айналғаны атап көрсетілді. Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасына қолдау білдіре отырып, осындай оңды бағыттың жалғаса беретіне сенім білдірдік», — деді ол.

«Еліміздегі жетекші партия ретінде Nur Otan-ның халық арасындағы беделі жоғары екеніне қазір ешкім де күмәнданбайды. Тұңғыш Президентіміздің осы партия тізгінін ұстап тұруы да маңызды. Сондықтан біздің съезімізде Президентікке кандидаттыққа Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынылуын заңдылық деп білеміз және қолдаймыз. Өйткені жылдар бойы қоғамымызда қалыптасқан сабақтастықтың сақталуы, бейбітшілік пен тыныштықтың орнығуы ел мүддесіне, халық қалауына сай келеді», — деді бізбен съезден алған әсерін бөліскен Азамат Ерғалиев.

Nur Otan партиясының ХІХ съезінен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Мен Елбасы, партиямыздың Көшбасшысы ұсынған кандидатураны толықтай қолдаймын. Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тұңғыш Президентінің сенімді серіктесі ретінде Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен-ақ еліміздің сыртқы саясатын қалыптастырды, оған атсалысты. Екіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлы ең қиын кезеңде Қазақстан Үкіметін басқарды. Мен сол кезде Үкімет мүшесі ретінде оның басшылығымен қызмет істедім.

Үшіншіден, жер бетіндегі барша қазақтарды бір ұлт деп есептейтін болсақ, сол барша қазақтың атынан әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым — Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас  хатшысының орынбасарлығына көтерілген жалғыз қандасымыз. Сондықтан елімізде де, халықаралық деңгейде де  танылған тұлғаның мемлекетіміздегі биік лауазымға ұсынылуын толық қолдаймын және барша қазақстандықты Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын қолдауға шақырамын», — деп Президенттіктен үміткер тұлғаның үш ерекшелігін айрықша атап айтты.

Партияның бұл съезінің ерекшелігі — бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өнімді жұмыс істеуіне жан-жақты жағдай жасалды. Журналистер қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Көптеген әріптестеріміз съезд жүріп жатқан кезде кідірместен жан-жаққа жедел хабар жөнелтіп жатты.

Осылайша Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезі жоғары деңгейде өтті.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Нұр-Сұлтан қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button