Әлеумет

Сертификат тапсыру сәтіндегі көңілсіз көрініс

Баян СӘРСЕМБИНА,

«Ақтөбе».

 Бүгінгі сөз

Қазір билік мұң-мұқтажы көп отбасыларын жан-жақты қамқорлыққа алып жатқаны белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдар мен фотосуреттер, кадрдағы көріністер арқылы қалың жұрт пәтерге қолы жетіп жатқандар мен қаражаттай қолдауға ие болып жатқандардың шат-шадыман жүздерін көріп, қуанышты лебіздерін оқып, танымаса да осыған дейін қиындық көріп келген осы жандардың келешектегі тірліктеріне тілектес болып отырады.

Журналист ретінде осындай көптеген жарқын оқиғаларға куә болып жүретін біздердің де көңіліміз сергіп қалатынын жасырып қайтеміз. Дегенмен…

Мына бір көріністер көңілімізге кездейсоқ қаяу түсіргенін айтпасқа және болмайтын секілді.

Облыс әкімінің Ембідегі жұртшылықпен кездесуінің соңында жергілікті кәсіпкерлер аз қамтылған отбасыларға ақшалай сертификаттар табыстап жатты.

Бұл жолы ембілік кәсіпкерлер  қиын  жағдайда жүрген ауылдастарын біртіндеп шақырып, 100 мың теңгенің сертификаттарын  коммуналдық қарыздарын өтеуге, үйлерін жөндеуге, құрылыс материалдарын сатып алуға жұрт көзінше бере бастады.

Азаматтың ауылдасына беріп жатқан көмегін тәптіштеп жазу өте қиын. Ол әркімнің өз шаруасы. Залда тұрып сертификат алып тұрған келіншектердің жүздерінде аздап ұялу да бар. Ыңғайсыздықты да байқап  қалдық. Бұл да түсінікті делік.

Бір кезде  рәсімнің орта тұсына келгенде, залға еңгезердей, жап-жас жігіттер бірінен соң бірі шықты. Шықты да тола жұрттың қолшапалақтауымен 100 мың теңгенің сертификатын құшақтап, мінбеден мәз болып түсіп жатты. Ол, байқап отырсыз, аз қамтылған отбасы болғаны үшін, көпбалалы отбасының әкесі болғаны үшін осындай қолдауға ие болды. Бұл жайды ежелеп айтуға да ыңғайсыз. Бірақ көрген көзде жазық жоқ.

Ойланайықшы. Тепсе  темір үзетіндей ер-азаматтар  қайырымдылық көмекке зәру ме? Кәсіпкерлер де қазір жетісіп  жүрген жоқ. Ал әр тиынын санап, үнемдеп, бір теңгеден екі теңге құрап жүрген құрдасының қолынан жұмыссыз болғаны үшін, аз қамтылған отбасының әкесі болғаны үшін 100 мың теңге алу жігітке сын емес пе? Әлгінде ғана көтеріңкі болып отырған көңіліміз дереу ортайып сала берді.

Қазақ «Арым — жанымның садағасы» дейді ғой. Әлгі жігіт ең болмаса, тола жұрттың көзінше 100 мың теңге үшін шықпай-ақ қояйын деп, үйіндегі әйелін жіберсе, бұл ерсілікті  байқамас та едік пе?

Әйтеуір, Ақтөбеге жеткенше осы көрініс көз алдымнан кетпей қойды…    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button