Экономика

Кедендік одақ жұмысын бастады

шілде айының алтысынан бастап ресми түрде Қазақстан мен Ресей және Белоруссия кеден одағына енді

… Әуелгіде  Ресей арзан газ бермегені үшін 1 шілде күні болған ресми шараға келмей қалған Белоруссия үкіметі көп ұзамай райынан қайтып, 6 шілде күні Астанада өткен Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесінің 27-ші отырысына келді. Осы отырыста үш мемлекеттің басшылары ортақ шешімге келді. Енді 6 шілде Астана күні — Қазақстан мен Ресей, Белоруссия елдері арасындағы Кедендік одақтың жұмысын бастаған күн ретінде де тарихта қалатын болды.

Бұл одаққа Тәжікстан мен Қырғызстан елдері кіруге бекініп отыр. Қазір бұл елдерде Кедендік одаққа тезірек кіру мүмкіндігін зерттейтін жұмыс тобы құрылып, жұмыс жасап жатыр.

Қысқасы, Кедендік кодекс қабылданды. Сол кодекс бойынша қазір одаққа мүше елдердің арасында кедендік рәсімдеу шаралары, кедендік барлық төлемдерді төлеу, декларациялау алынып тасталады. Яғни, қазір біз  Қазақстан мен одаққа мүше өзге екі ел арасында жүктерді кедендік рәсімдеусіз, тек еркін кіргізіп-шығаруға арналған рұқсат сертификаты арқылы алып жүре аламыз. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, 2011 жылғы 1 шілдеден бастап бұл сертификат та алынып тасталып, толықтай еркін тауар айналымына түсетін боламыз. Түсініктірек айтсақ, енді үш ел арасындағы тауар тасушылар бұрынғыдай кеден бекеттерінде сағаттап құжат толтырмайды, кедендік бақылаудан өткен соң келесі елге еркін кіріп-шыға беретін болады.

Бұл жөнінде қоғамда түрлі қайшы пікірлер айтылды. «Кедендік одақ — Ресейдің геосаяси жобасы. Оның құрылуына мүдделі болған бірден-бір ел — Ресей. Онсыз да шикізат елі танылып отырған Қазақстанды ірі өнеркәсіпті Ресей рыногы жаншып тастауы мүмкін», —  дейді бір пікір. Екіншілері жаңа құрылымның Қазақстан үшін пайдасы зор екендігін айтады. Ел Президенті Н.Назарбаев әлгіндей пікірлерге: «Кедендік одақ, сөз жоқ, Қазақстанға пайдалы. Экономикалық жағынан тиімді. Ендеше, одаққа кірсек, тәуелсіздігімізден айырыламыз деп айқай салудың жөні жоқ», — деп үлкен нүкте қойды.

Кедендік одақ 170 миллион тұтынушысы бар алып нарық қалыптастырады. Бұл, сарапшылардың айтуынша, индустриялдық алпауыт боламыз деп отырған Қазақстан үшін зор мүмкіндік. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың айтуынша, осы уақытқа дейін 16 миллионнан астам халқы бар Қазақстанның шағын нарығына келуге ынталы болмаған қаржыгерлер енді бізге бет бұрады. Ал бұл еліміздегі шикізаттық емес саланы одан әрі дамытуға жол ашады екен.

Елеусін Сағындықов,

Ақтөбе облысының әкімі:

Бұл — орынсыз қорқыныш…

Кедендік одақ — еліміздің әрбір аймақты бос, болбыр жүрістен арылтып, ұйқыдан оятататын нәрсе болуға тиіс. Өйткені бұл алып бәсекенің кеңістігі болмақ. Кедендік одақ Ресеймен шекаралас жатқан Ақтөбе облысының да бәсекеге төтеп бере алатындай қажыр-қайратпен жұмыс жасауын талап етеді.

— … Осыдан тоғыз жыл уақыт бұрын біз Ресейдің Орынбор облысымен арадағы экономикалық тауар айналымы миллиард долларға жетеді деген ой түсімізге де кірмеген болатын. Әрі кетсе, 100-150 млн. доллар туралы айттық. Ал биыл екі арадағы тауар айналымын 2 миллиард долларға жеткіземіз деп отырмыз.

Мысалы, Орынбордан келетін азық-түлік тауарлары бізге нағыз бәсекелестік туғызады деуге болады. Бірыңғай кедендік одаққа кірген қазіргі уақытта оған ешқандай кедергі болмайды. Көпшілігі кедендік одаққа кірсек, азық-түлік пен басқа да тауарлар біздің нарықты жаншып тастайды деп қорыққан еді. Бұл — орынсыз қорқыныш. Кедендік одақ біздің өндірушілерден өте сапалы тауар шығаруды талап етеді, ал бұл халыққа  әртүрлі жоғары сапалы тауарды ғана тұтынуға жол ашылады деген сөз. Біздің де қалағанымыз осы емес пе? Осыдан келіп халыққа қызмет көрсетудің сапасы, қызмет көрсету мәдениетінің деңгейі артады.

Біздің нарыққа енуге Белоруссия да мүдделілік танытып отыр. Халықаралық көрмеге олар да өз тауарларын алып келді, — деді облыс әкімі Елеусін Сағындықов «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» деп аталатын ІХ Қазақстан-Ресей өнеркәсіп көрмесінде сөйлеген сөзінде.

Марат Балмуханов,

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы:

Отандық бизнес өкілдері кедендік одақ аясындағы жаңа мүмкіндіктерді пайдалануы керек…

— Кедендік одаққа кіру алдымен осы интеграциялық бірлестікке кіретін ел халықтарының әлеуметтік жағдайын, тұрмысын жақсартуға септігін тигізеді, екіншіден, бизнес өкілдерінің белсенділігіне сай әр елдің экономикалық дамуына серпін береді.

Экономикаға инвестиция құйылады. Одаққа кіретін елдер өзара бірлескен кәсіпорындар құру арқылы экономикалық әлеуетін арттыру мүмкіндігіне ие болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бірлескен кәсіпорындарды құру әлемдік нарыққа бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруды қамтамасыз етеді. Кедендік одақтың негізгі элементі — бірыңғай кедендік тариф пен үшінші елдерге қатысты бірыңғай сауда саясатын қалыптастыру, ал бұл Кедендік одақ елдері арасындағы тауар айналымына тосқауыл болатын әкімшіліктік кедергілерді жояды.

Бірыңғай кедендік тарифті қалыптастыру кезінде баж салығының 40 пайызы сәйкес келді, яғни олар өзгеріссіз қалды деген сөз. Қалған алпыс пайызын бірыңғайлау барысында өндіріліп жатқан өнеркәсіптік тауарларға қатысты жоғары баж салықтары бекітілді. Өндіріске үшінші елдердің шикізаттарын пайдаланатын қазақстандық кәсіпкерлердің қызметіне жоғары баж салығының кері әсер етпеуі үшін Қазақстан өтпелі кезең барысында импортталатын 400-ге жуық тауар түріне төменгі баж салығын қою құқығына ие болып отыр. Мұндай тауарларға дәрі-дәрмектер, медициналық құрал-жабдықтар, мұнай-химиялық салаға қажетті шикізат пен алюминийден жасалған кейбір бұйымдар, целлюлоза, қағаз бұйымдары, т.б. жатады.

Біз алыс шетелдерден алуға мүдделі болып кейбір тауарлардан баж салығын алып тастау механизмі де қарастырылып жатыр. Осыған байланысты кейбір тауарларға қатысты Қазақстан Республикасының «Инвестициялар туралы» заңының аясында «мақсатты импорт» режимін енгізу үшін кейбір заңдылықтарға өзгерістер енгізілмек. Мысалы,  аталған режим шеңберінде біздің ел тарапынан «Актюбрентген» акционерлік қоғамында бұрын шығарылмаған «General Eleсtric» компаниясының медициналық рентген техникасын шығару, ауылшаруашылығы өнімдері, «Агромашхолдинг» акционерлік қоғамының базасында автобустар мен басқа да жол-құрылыс техникаларын шығару секілді, т.б.  инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Баж салықтарын өзгерту ел экономикасын диверсификациялау бағдарламалары мен жобалары негізінде республикамыздың өндірістік әлеуеті мен импорт географиясын есепке ала отырып, отандық бизнес өкілдерінің қатысуымен жасалды.

Десек те, Кедендік одақтың Қазақстан экономикасына табысты әсер етуі отандық бизнес өкілдерінің Ресей мен Белоруссиядағы әріптестерімен серіктестік қарым-қатынас орнатып, кедендік одақ аясындағы жаңа мүмкіндіктерді пайдалану үшін тиімді бағдарламаларды таңдауына байланысты.

Аталған одақтың аясындағы интеграцияны дамытудың келесі кезеңі — тараптардың көліктік инфрақұрылымына еркін кіруді қамтамасыз ететін бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыру болмақ. Осы секілді мәселелерді талқылау үшін биыл 13 сәуірде Ақтөбеде Батыс аймақтың бизнес өкілдері мен қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен үлкен жиын өтті…

Мақсат Қуандықов,

Ақтөбе облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы:

Ресейден гөрі бізге тиімдірек

— Қазір облысымыздың кеден бекеттерінде тауар айналымы жаңа кеңестіктің ережелеріне сай кедендік рәсімдеулерсіз жүргізіліп жатыр. Бірақ, халық кедендік рәсімдеу алынып тасталғанымен кедендік бақылаудың бұрынғыша қалғанын түсінуі керек. Мемлекеттер арасында шекаралық бақылау да қалпында қалды. Біз фитосанитарлық, ветеринарлық, техникалық бақылауларды жүргіземз. Тек санитарлық бақылау ғана біздің құзырымызға кірмейді.

Шетелде кеден құзырына бақылаудың барлық түрі берілген. Болашақта біз де осыған келеміз.  

Қазір біздің облысымызда Жайсаң мен Әлімбет кеден бекеттері жұмыс жасап жатыр. Бұрын тауар тиеген көліктер осы бекеттерде кемінде 5-6 сағат тұратын еді, қазір бақылаудан өткен соң емін-еркін кете береді.

Күнделікті дерекке сүйеніп айтсақ, Ресейден Ақтөбеге негізінен құрылыс материалдары мен  металл өнімдері және азық-түлік көп әкелінеді. Ал Қазақстан негізінен шикізат елі болғандықтан, біздің тараптан мұнай, хром, т.б. шикізат көбірек сыртқа шығарылады. Жақында «Актюбрентген» зауытынан керемет томограф шығарылды. Бұл барлығымызды қуантты. Көрші елдерден сұраныс түсіп жатса, шикізат қана емес, осындай өнімдер де сыртқа шығарыла бастайды ғой…

Кейбір сарапшылар «біз Ресейге тәуелді болып қаламыз. Ресейлік рынок бізді жаншып тастайды» деп байбалам салады. Мен сол қорқынышты түсінбеймін. Қараңыз, қазір Ресейде қосымша құн салығы 18 пайыз, ал бізде 12 пайыз. Осы тұрғыдан келгенде кедендік бірыңғай кеңістік тіпті Ресейден гөрі бізге тиімдірек. Оның үстіне заңдылықта қандай да бір тауар айналымы біздің экономикамыздың дамуын тежейтін болса, оны тасымалдауға шектеу қоюға құқымыз бар екендігі айтылған. Сондықтан, ештеңеден қорқудың қажеті жоқ.

Кедендік рәсімдеу алынып тасталған соң жұмыс азаятыны заңдылық, ал бұл кеденшлер арасында жұмыссыздық тудырмай ма деген сұрақтың болуы орынды. Меніңше, жұмыссыздық орын алмайды. Өйткені біз қазір бар күшті кедендік бақылауға жұмылдырып жатырмыз. Бір жылдан соң кедендік бақылау алынып тасталады, осы кезде күшті шекараға жұмылдырамыз. Біздің кеденшілер мүмкіндіктерінше оңтүсітк шекараға жұмысқа барады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button