Рухани жаңғыру

Ел қорғаған ер

Конференция

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде батыр Құттығай Ебескіұлына арналған  ғылыми конференция өтті. Жиында ақтөбелік ғалымдар  батыр туралы тың деректер мен зерттеулерін көпшілікке ұсынды.

Құттығай Ебескіұлы — елін қорғаған батыр, сардар, ел мүддесі үшін маңызды саяси оқиғаларға белсенді қатысқан тұлғалардың  бірі. Жиында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универсиетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Есқалиев батыр туралы баяндама жасады. Ресей мен Қазақстан мұрағаттарындағы деректерді келтірді.

Әбілқайыр ханның қолбасшылығымен Бұланты және Аңырақай шайқастарында жоңғарлардың тегеурінді жойқын шапқыншылықтарына тойтарыс берілгенмен жалпы сыртқы саяси жағдай күрделі болып қала берді. Әсіресе, батыс және солтүстік-батыс бағытта башқұрттар және Еділ қалмақтарымен  күрес  өрши түсті. Бұл күресте  белгілі зерттеуші И.В.Ерофееваның атап көрсетуінше, Әбілқайыр хан ерекше ұйымдастырушылық және қолбасшылық дарындылығын көрсетті.
Осындай күрделі кезеңде қазақ еліндегі саяси оқиғаларға Алтай және Құттығай Ебескіұлы да белсене қатысты. Бұл туралы Мәскеу қаласындағы Ресейдің сыртқы істер мұрағаты және Орынбор мұрағатындағы құжаттарда деректер кездеседі. Алтай мен Құттығайдың батырлық данқы қазақ жерінің солтүстік- батыс аймағы үшін Еділ қалмақтарымен 1723-1729 жылдардағы соғыс кезінде және  кейінгі жылдары Сырдарияның төменгі ағысындағы жоңғарлармен шайқаста  елге танымал болды. Құттығай батыр Жем, Сағыз және Ойыл өзендерінің аймағында қалмақтармен жиі болған кескілескен ұрыстарда асқан ерлік көрсетіп, шыңдалды. Ол  ержүрек батырлығымен қатар, шайқастарда сарбаздарды жеңіске жетелейтін қолбасшылық қабілетімен көзге түсті.

Жиында батыр туралы осы және өзге де деректер айтылды. Философия ғылымының профессор Б.Ахан мен педагогика ғылымының кандидаты Н.Беріков ата шежіре — ұлт тарихының бастауы екенін айтса, профессор Ж.Асанов фольклор және қазақ батырлары туралы баяндама жасады. Мәдениеттанушы

Е.Әзи «Тарих тереңінде қалған ерлер» атты баяндамасын оқыды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button