Жастар

Бүгінгі күн — жұлдызды сәт

Сәрсенбі күні Елордада Елбасының қатысуымен тікелей эфирде өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу рәсіміне ақтөбелік жастар да куә болды.

Бейнебайланыс арқылы өткен шараны облыстық әкімдік ғимаратына жиналған жастар да бір кісідей ұйып тыңдады.

Елбасының алға қойған міндеттерін тиянақты орындап, тартынып қалмайтындықтарын айтқан ақтөбелік жастар келесідей үн қосты.

— Бүгінгі шарада Мемлекет басшысының айтқан әр сөзі еліміздің жастары үшін үлгі секілді. Жастар мәселесі Елбасы назарынан ешқашан қалыс қалған емес. Соның бір үлкен дәлелі ретінде бүгінгі жиынды айтуымызға болады. Шарада түрлі салада жетістікке жеткен бірнеше жас баяндама жасады. Баяндамашы жастардың түпкі мақсаты бір. Ол — қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда еліміздің келешегі үшін тынбай еңбек ету.

Елімізде бұған дейін де жастар саясаты саласында түрлі бағдарламалар қарастырылып келді. Биылғы жыл да жастар үшін тосын сыйға толы болары анық.

Бүгінгі шарада Елбасы Үкіметке Жастар жылында жүзеге асырылуы тиіс бірнеше нақты тапсырма берді. Соның бірі — жұмыс істейтін жастарды баспана мәселесімен қамту. Бұл ретте Ақтөбе облысында да жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі таңда бюджеттік және мемлекеттік салада жұмыс жасайтын жастардан арнайы бағдарлама бойынша пәтерге өтініш қабылдау жұмыстары басталды.

Жалпы, облыс әкімдігі мен облыстық жастар саясаты мәселелері  басқармасы өңірдегі жастарға бағытталған 13 бағыттан тұратын жылдық жоспар әзірлеген болатын. Жыл бойы аталған жоспар бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Әрине, бүгінгі Мемлекет басшысы берген тапсырмалар жоспарда міндетті түрде көрсетіледі,  — деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Елеуов.

Ал «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының кеңесшісі Мұрат Мұстафин биылғы жыл жастар үшін сенім мен жауапкершіліктің жылы екендігін айта келе пікірін келесідей жеткізді.

— Елбасы өткен жылғы қазан айында жолдаған Жолдауында биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағанда барлығымыз зор шабытпен қабылдаған болатынбыз. Жаңа 2019 жылға мақсаттарымызды айқындап, бірнеше тың жобалар жасақтадық. Бүгінгі күн еліміздің әрбір жасы үшін жұлдызды сәт. Біздің әрқайсысымыз биыл жаңа жоспар құрып, тілек тілеп және оның орындаларына сенеміз. Биылғы жылдың еліміздің жастары үшін тарихи жыл болары сөзсіз.

Бүгінгі жиында Мемлекет басшысы жастардың табысты еңбек етуі үшін алдымен сапалы білім керек екендігін баса айтты. Осы ретте білім гранттарының саны көбейіп, жатақханалар саны артпақ. Жиындағы тағы бір мәселе ретінде нақты тапсырма ретінде — баспана мәселесі қаралды. Расымен де баспана мәселесі шешілсе, жастардың талмай еңбек етуі үшін ешқандай кедергі болмас еді, — деді ол.

Сондай-ақ Жастар жылының ашылуында Мемлекет басшысы ерікті жастарға көңіл бөлу мәселесіне де тоқталды. Университетте оқып ерікті түрде жұмыс жасап жүрген студенттердің шәкіртақысын көтеруді тапсырды.

— Мені Елбасының еріктілерге қолдау көрсету керектігін айтқан тұсы қуантып тастады. Бұны еліміздегі әрбір ерікті жас қуанышпен қабылдағаны сөзсіз. Университетте жүрген студент-еріктілердің шәкірт ақысын көбейту туралы ұсынысты Мемлекет басшысы бекерден-бекер айтқан жоқ. Ол мемлекеттің жарқын болашағы үшін ерікті жастардың қосар үлесі зор екендігін біліп отырғандығы. Әрине, болашақта ерікті жастардың еріктілік сағатын жұмыс тәжірибесіне айналдырып жатса, тіпті керемет болар еді. Жалпы, Жастар жылынан күтер жақсылығым көп. Жастардың бірқатар көптен  көкейде жүрген мәселелері биыл шешіледі деп үміттенем, — деді әлеуметтік кәсіпкер Нарқозы Қартжан.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

ЕҢБЕК — ЖЕТІСТІК НЕГІЗІ

Қай заманда да қоғамның негізгі қозғаушы күші, болашағы — жастар.

Мемлекет басшысының  кешегі жастар форумында айтқан сөздері — осының дәлелі.

Елбасы еліміздің әр саладағы белсенді жастарын жинап, үлкен проблемаларды ортаға салды, ақылын айтты. Еңбек еткен, ізденген, оқыған жасқа қашанда мемлекеттен қолдау болатынын тағы бір мәрте еске салды. Жас кәсіпкерлерге көмек көрсетілетіні, грант саны екі есеге дейін артатыны және  ауылда еңбек еткен жастардың жалақысы жүз пайызға көтерілетіні айтылды.

Агроөнеркәсіп саласына ерекше маңыз берілетіні де бізді қуантып тастады.  Ел  жастары өз тілін, мәдениетін, тарихын білу керектігін Елбасы бұл жолы да жастардың есіне салды.

Елбасының сөздерін тыңдап отырып, көп нәрсені көңілге түйдім. Рас, «таланттың тоқсан тоғыз пайызы еңбек» демекші, еңбектенсек, жетістікке жететініміз анық. Мен де ел жастарының бірімін. Мүмкіндігім келгенше, еліме қызмет етуге тырысып жүрмін. Өзім жұмыс жасайтын колледжде үлкенге құрмет кішіге ізет, көрсетуге үндейтін шараларды жиі өткізуге тырысамын. Жастарды ұйымшыл болуға шақырамын.

Биыл біздің облыста да Жастар жылына байланысты ірі жобалардың қолға алынғаны, оның ішінде жеңілдікпен баспана берілетіні қатты қуантты. Бұндай мүмкіндік жастардың еңбекке деген ынтасын оятып, болашаққа сеніммен қарауына үлкен әсерін тигізеді.

Заманай ҚАЙНАРҰЛЫ,

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің

жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button