Ақтөбе — 150Жастар

150 жылдық мерейтойға — 150 пәтер

Брифинг

Жастар жылында Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай 150 ақтөбелік жас тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов мәлімдеді.

Қазіргі уақытта жастар  үшін өзекті мәселелердің бірі — баспана. Осыған байланысты Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасына сай Ақтөбе қалалық әкімдігі мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып,  жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша бағытты іске асыруға кірісті. Мемлекет тарапынан азаматтарға, оның ішінде баспанасыз жүрген жас отбасылар мен жастарға қолдау көрсету мақсатында жаңа бағдарлама әзірленді.

— Аталмыш бірегей бағдарламаға 29 жасқа дейінгі жұмыс жасайтын облыс тұрғындары қатыса алады. Соңғы 5 жылда жекеменшік үйінің болмауы және Ақтөбе қаласында тұрақты тіркеуі болуы тиіс. Сондай-ақ, әрине, төлем қабілеттілігін растай алуы қажет. Қазіргі күні аталған барлық талаптарды қамтыған ресми хат барлық облыстық басқармалар мен департаменттерге жолданып, аталған басқармаларға қарасты мекемелердің бағдарламаға қатысуына ықпал ету сұралды. Барлық жиналған ақпаратты облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақтөбе  облыстық филиалына жолдайды. Кейін банк қызметкерлері үміткерлердің мәліметтерін сараптап, тиісті шешім қабылдайтын болады. Бағдарламаның бірінші кезеңінде қаламыздың 150 жылдығына орай 150 пәтер ұсынамыз деген жоспар бар, — деді Нұрлан Күнтуов.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Рауан Баяштың айтуынша, бағдарлама «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асырылатын болғандықтан аталған банкте есепшотыңыз болуы шарт.

Мәселен, аумағы 40 шаршы метр болатын пәтер алғыңыз келсе, есепшотыңызда 350 мың теңге болса жеткілікті. Ай сайынғы төлемақы шамамен 35 мың теңге, қосымша коммуналдық төлемақылары бар. Ал  аумағы 55 шарты метр болатын пәтер алғыңыз келсе, есепшотыңызда 450 мың теңге болуы тиіс.

— Бұл — жастар үшін бүгінгі күнгі ең тиімді бағдарлама. Берілетін пәтерлердің барлығы Ақтөбе қаласының Алматы ауданына қарасты «Нұр Ақтөбе» ауданында орналасқан. Пәтерлердің барлығы аумағы 40-50 шаршы метр болатын 1 бөлмелі. Таза әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 100 000-120 000 теңге аралығында, — деді Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенова.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button