Ғылыми еңбектің таныстырылымы өтті

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында күрескер тұлға әрі қайраткер Жоламан Тіленшіұлының есімін ұлықтау мақсатында«Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Кітап 1822-1840 жылдары аралығында болған Жоламан Тіленшіұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті сипаттауға арналады. Аталған көтеріліс қазақ даласында отарлауға қарсы ұйымдастырылған ең ірі қарсылықтардың бірі болатын. Ғылыми еңбек тікелей архив деректеріне негізделген. Мұнда бұрын белгісіз болып келген көптеген оқиғалар нақты деректер негізінде қалпына келтіріліп, қалың көпшілікке тұңғыш рет ұсынылып отыр.
Басқосуға кітап авторыШ.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Нұржан Жетпісбай, «СНСП-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ардагерлер ұйымы және «Көкжиде Эко» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Боранбай Абдулла, өлкетанушыҚалдыбайҚұттымұратов, тарихшы Исламғали Бітік және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновация департаментінің бас ғылыми қызметкері, аға оқытушы Бақыт Байшов қатысты.
Шара қонақтары Жоламан Тіленшіұлы туралы,XIX ғасырдың басында Батыс Қазақстанда қалыптасқан әлеуметтік-саяси жағдай,көтерілістің кезеңдері жөнінде айтты:
— ЖоламанТіленшіұлының жерленген жерінанықтау, тарихи әңгімелерін жинақтау, оның жанында жүрген батырлардың, қарулас серіктерінің тағдырларын, өмір жолдарын зерттеу — келер күннің еншісінде. Бұл жерде қалың жұртшылықты осыған дейін мектеп оқулығы мен желілік ақпараттар деңгейінде жүрген Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтерілістің жалпы сипатымен таныстыру, мүлдем беймәлім болған тұстарын жариялау мақсаты болған. Еңбек осы бағыттағы алғашқы талпыныс десе де болады. Тақырып бойынша қосымша ғылыми ізденістер жалғаса береді,— деді кітап авторы Н.Жетпісбай.
Кешті қорытындылаған кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова қонақтарға алғысын білдіріп, жылы лебізін білдірді.
Шара барысында «Ел қорғаған батырлар ерлігі — ұрпаққа мұра» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар назарына Жоламан Тіленшіұлы және оның сол кездегі серіктестері Сүйінқара Үргенішбайұлы, Асау Барақұлы, Дербісәлі Қиғылықұлы, Құттыбас Төлепұлы, Бәсібек Байғотанұлы туралы кітаптар мен мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалар, архив материалдарының көшірмелері ұсынылды.
Динара Мырзабаева,
С.Бәйішев атындағы облыстық
әмбебап-ғылыми кітапхананың
оқырмандарға қызмет көрсету
бөлімінің кітапханашысы.



