Ырғызда ахуал тұрақтанды

Ырғыз ауданында Құйлыс, Жайсаңбай, Белшер елді мекендерінде су тасқынына қарсы бөгеттерді нығайту жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға Ақтөбе гарнизонының әскери қызметшілері, төтенше жағдайлар және өрт сөндіру қызметінің мамандары жұмылдырылуда.
Аудан әкімдігінің берген деректеріне сүйенсек, бүгінге дейін Нұра ауылында — 115, Мамыр ауылында — 25, Белшер ауылында 4 тұрғын үйді су басқан. Ең бастысы, адам шығыны жоқ.
Қазіргі таңда Нұра, Мамыр, Белшер және Құйлыс ауылдарының тұрғындары аудан орталығындағы №1 орта мектеп пен Ырғыз гимназиясына орналастырылған.
Нұра, Мамыр, Белшер, Құйлыс елді мекендерінен жалпы саны 1037 адам эвакуацияланып, 672 адам туыстарының үйіне кеткен. 365 адам эвакуациялық пунктте тұрып жатыр. Көпбалалы және мүгедектігі бар азаматтар аудан орталығынан жеке тұрғын үйлерге орналастырылған. Көшірілген тұрғындардың жағдайы жақсы, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.
Бүгінде үйі суға кеткендердің арасында біржолғы өтемақы алуға 202 отбасы өтініш берген. Оның 108-і өтемақы алған. Ал комиссияға өтініш берген 171 адамның үйіне техникалық тексерулер мен бағалаулар жүргізіліп жатыр. Өтінішті тіркеу жұмыстары 8 мамырға дейін жалғасады.
Д.АЙДАР,
Ырғыз ауданы.



