Құқық

Тұрмыстық зорлық-зомбылық — қылмыс

Заң

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. Бұл — әйелдер мен балаларды қорғауды қамтамасыз ету тұрғысынан ТМД елдеріндегі бірінші заң.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
Президент 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.
Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.
Жаңа заңнама бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыс деп танылады, кінәлілерге жаза қатаңдатылады және жазалау шараларымен қатар, бірқатар алдын алу шарасы қарастырылады. Сондай-ақ енді балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жаза күшейтіледі. Тұтас алғанда бұл — мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік пен әлеуметтік теңдік қағидатын нығайтудағы маңызды қадам.
Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді:
– денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Заң бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген адамға 200 АЕК (164 доллар) айыппұл немесе 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегу немесе 50 күнге қамау жазасы тағайындалады. Ал қол көтерген адамға заңға сәйкес 80 АЕК (658 доллар) айыппұл не 80 сағат қоғамдық жұмыс я 25 күнге қамау жазасы қарастырылған. Қазіргі заң бойынша 15 АЕК (123 доллар) және 15 күнге қамау жазасы тағайындалады. Егер мұндай әрекеттер кәмелетке толмаған балаға не қызметте болмаса кәсіп немесе қоғамдық борышын орындап жүрген адамға аса қатыгездікпен жасалса, бас бостандығын екі жылға дейін шектеу болмаса бас бостандығынан екі жылға айыру жазасы қолданылады.
– неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;
– отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады;
– тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;
– өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;
– 16 жасқа толмағандарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;
– кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;
– білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;
– 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.
Халықаралық ұйымдар заңнамалық өзгерістерді жоғары бағалап, оларды «тұрақты, гүлденген қоғамның негізін қалайтын» «барлық азамат үшін теңдік, әділдік және қауіпсіздік жолындағы маңызды қадам» деп атады.

Г.АЛТАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button