Ақтөбе — 150

Мерейтой тартулары

Мерейтойлық жылда Ақтөбеде үш зауыт іске қосылып, жылыжай кешені, перинаталды орталықжәне мектеп пайдалануға беріледі. Қалада жаңа гүлзарлар пайда болып, аулалар мен көшелер көріктендіріліп,  жолдар жөнделеді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен мерейтойлық шараларды өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің кеңейтілген мәжілісіне Ақтөбе қаласының және аудандардың әкімдері, облыстық мемлекеттік мекеме басшылары, ардагерлер мен қоғам қайраткерлері, кәсіпорындар өкілдері, жетекші құрылыс компаниялары мен бизнес-құрылымдардың басшылары қатысты.

Ұйымдастыру комитетінің тізгінін өз қолына алған облыс әкімі 150 жылдық мерейтойға арналған шаралардың Ақтөбенің Қазақстанның осы заманғы  өндірісті, білім мен ғылыми-инновациялық және мәдени орталықтарының бірі екендігін айшықтайтын имиджін қалыптастыруы керек екендігін ерекше атап өтті.

Облыс басшысы мәжіліс қатысушыларын ұйымдастыру комитетінің мерейтойлық шараларды атап өту жөніндегі жоспарымен таныстырды.

— Біз биыл қаламыздың 150 жылдық мерейтойын атап өтетіндіктен, 150 жетекші кәсіпорынды, мекемені, нысанды, қаланың 150  танымал тұрғынын, шаһардың 150 рекорды мен жетістігін, қала үшін жасалатын 150 қайырымды іс-шараны анықтауымыз керек, — деп ұсыныс жасады облыс әкімі. — Мерейтойлық жылда өткізілетін шаралардың бәрі ақтөбеліктердің әл-ауқатын  арттыруға қызмет етуі тиіс. Ол шаралар қаланың  инвестициялық тартымдылығын күшейтетін қосымша фактор ретінде облыс орталығы әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа бағыттарын айқындайтын  нақты жобаларды жүзеге асыратын әлеуетті инвесторларды тартуға септігі тиюі керек.

Ұйымдастыру комитеті аясында төрт жұмыс тобы құрылып, олардың әрқайсысы жеке бағытта жұмыс істейтін болады.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жетекшілік ететін бірінші топқа «Қаланың 150 жетекшіұйымы мен кәсіпорны» байқауын өткізудің ережесін әзірлеу  тапсырылды.

Облыс әкімі қазіргі уақытта қалада кең көлемде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан әртүрлі компания өкілдерін, облыстық мемлекеттік мекемелердің басшыларын тұрғызып, барлық нысандарды биыл тапсыру керектігін нықтап тапсырды.

Бүгінгі күні Ақтөбеде ұяшықты автоклавты газбетон (ФОТОН ЖШС), құрылыс материалдарын шығаратын  («Көктас Ақтөбе» АҚ), керамогранит және керамикалық плита өндіретін («Зерде Керамика Ақтөбе») пиггментті хром оксиді цехы «АЗХС» АҚ), жылыжай кешенінің 5-інші кезеңін жүзеге асыратын  («Грин Кэпитал КазахстанЖШС өндіріс орындары мен облыстық перинаталды орталықтың және «Нұр Ақтөбе» массивінде 900 орындық  мектептің құрылыстары жүріп жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин басқаратын екінші топқа қаланы көріктендіру,   тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеу мен қайта жаңғырту, көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын бақылап һәм жеделдету тапсырылды.

— Үйлердің сыртқы түрін, ғимараттардың қасбетін, көшелерді ретке келтіріп, көше, гүлзар, саябақ, аула аумақтары мен өзге де қоғамдық орындарды  көгалдандыру жұмыстарын қолға алу керек, — деді облыс әкімі. — Тұрғындар арасында «Жекеменшік сектордағы ең жақсы үй», «Жекеменшік сектордағы ең әдемі көше» қалалық байқауын өткізудің ережесін жасау қажет.  Басқарушы компаниялар арасында үздік  үйді, әдемі ауланы, көппәтерлі үйлердегі ең таза  подъезді,  ерекше балалар қалашығын анықтайтын байқаулар өткізу керек.  Кәсіпорындар мен мекемелердің, ұйымдардың арасында «Заманауи ғимарат — жайлы аумақ» атты байқау ұйымдастыру қажет.

Облыс әкімі сондай-ақ екінші топқа «150 қайырымды іс», «Таза жағалау», «Әдемі гүл әлемі», «Ағаш ек», «Ақтөбе — сұлулық әлемі» атты әлеуметтік акцияларды жүзеге асыруды тапсырды.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов басқаратын №3 топқа республикалық, облыстық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында Ақтөбенің PR-кампаниясын жасау тапсырылды. «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы»  жеке сайты құрылып, облыстық телеарнада «Қала —  қалалықтар көзімен» жобасын іске қосу, қала жөнінде фильм түсіру, бейнеқұттықтаулар  байқауын ұйымдастыру, «Ақтөбе», «Қала және біз» фотоальбомдарын, «Олардың атымен аталған» электронды анықтамалығын шығару жоспарланып отыр.

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен қала әкімдігі конкурстық негізде Ақтөбе қаласының логотипін әзірлейтін болады.

Сондай-ақ үшінші топқа тарихи-мәдени және спорттық шараларды өткізу, Ақтөбені гүлдендіретін  экономикалық факторлардың бірі ретінде қарастырылатын мәдени туризмді дамыту бағытында жұмыс істеу тапсырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов басқаратын №4 топ қала, облыс бюджеттері және бюджеттен тыс қаржы көздерін қарастыру арқылы   150 жылдықты  ұйымдастыру және қаржымен қамтамасыз ету мәселесіне жауап беретін болады.

Мәжіліс қатысушылары ұйымдастыру комитеті ұсынған жоспарды мақұлдады.

— Мерейтойға орасан зор дайындық жұмыстарымен бірге біз өскелең ұрпақтың тәрбиесін ұмытпасақ екен, — деді ардагер Еркін Құрманбеков. — Біз жастардың  қоғамдық орындарда, концерт залдарында, кинотеатрларда өзін-өзі ұстау мәдениетіне мән беруіміз керек. Материалдық жағдай жасай отырып,   тәрбиені де ұмытуға болмайды.

— Құрылыстарды жүргізу,  қайта жаңғырту мен көріктендіру  жұмыстарын қаржыландыру үшін Ақтөбе қаласы аумағында орналасқан кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржысын белсенді түрде тарту керек, — деді облыс әкімі қорытынды сөзінде.  — Мен бұл тапсырмаларға өте жауапкершілікпен қарауға, бос уәде  бермеуге  шақырамын. Ай сайын екі рет мәжіліс өткізетін біздің ұйымдастыру комитеті тапсырмалардың орындалуын қатаң қадағалайтын болады. Жас ұрпақты  рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеу мәселесін ұмытпауымыз керек деген пікірге толық қсыламын. Мерейтойлық шараларға Ақтөбенің ересек тұрғындарын ғана емес, жастарды да жұмылдыру қажет. Оларға жасампаздықтың үлгісін көрсетіп, біздің қаламызды көріктендіруге үлестерін қосуға мүмкіндік беруіміз керек.

Санат РӘШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button