Қарғалылықтардың тартуы
Кеше Бөкенбай батыр көшесінде жаңа сквер ашылды. Бұл — Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына Қарғалы ауданының сыйы ретінде қолға алынған жоба.
Сквер аудан кәсіпкерлері мен тұрғындарының қаржысына салынған. Жалпы жоба құны — 30 млн теңге.
Салтанатты шарада Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева биыл қаламыздың 150 жылдық мерейтойына орай 150 игі іс-шара ұйымдастырылатынын, оның ішінде облыс аудандары өз тартуларын жасап, қаланың көркеюіне үлес қосып жатқанын атап өтті.
— Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай бұған дейін Шалқар, Мұғалжар аудандары аллея ашса, бүгін, міне, Қарғалы ауданы «Болашақ» шағын ауданының тұрғындарына сквер салып беріп жатыр. Мен қала басшылығы және қала тұрғындары атынан Қарғалы ауданына өз ризашылығымды білдіремін.
Айта кету керек, биыл қаламыздың 150 жылдығына арналған игі іс-шаралар желтоқсан айында өз мәресіне жетеді. Жыл соңында қала әкімшілігі тарапынан үлкен шара өткізіліп, жылдың қорытындысы бойынша қаланың дамуына, көркеюіне үлес қосқан белсенді азаматтар, аудандар марапатталады. Сондықтан бүгінгі шараға жиналған баршаңызды жаңа сквердің ашылуымен құттықтай отырып, қаламыз көркейе берсін демекпін. Қарттарымыз аман, балаларымыз бақытты болсын! — деді А.Арынғазиева.
Шарада Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов ақтөбеліктерге аудан тұрғындары атынан құттықтау лебізін жеткізді.
— Біз бір ай көлемінде осы сквердің құрылысын жүргізіп, жұмыс жасадық. Барлық аудан тұрғындары, кәсіпкерлер болып осы игі іске атсалысып, бүгін, міне, қала тұрғындарына өз тартуымызды сыйлап жатырмыз. Алдағы уақытта осы шағын ауданның тұрғындары кешкілік скверде демалып, балалар асыр салып ойнайды. Сондықтан осы көше тұрғындарын жаңа сквердің ашылуымен құттықтаймын! Ақтөбеміз көркейіп, гүлдене берсін! — деді ол.
Бұдан кейін шарада Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегенов және Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов сквер аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.
Шара соңында ардагерлер мен «Болашақ» шағын ауданының тұрғындары Қарғалы аудандық өнер мектебінің ұйымдастырған сурет көрмесін аралап, аудандық Мәдениет үйінің концерттік бағдарламасын тамашалады.
Қарғалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Өтегеновтің айтуынша, сквердің жалпы ұзындығы — 1,6 шақырым, ал аумағы — 3670 шаршы метр. Скверге орындықтар қойылып, брусчатка төселген.
— Сквердің кіре берісіне аркалар орнатылып, аумағы жарықтандырылды. Сондай-ақ әртүрлі ағаш көшеттері егіліп, сквердің ортасына Қарғалының табиғаты бейнеленген тастан безендірілген сарқырама көрінісі қойылды, — дейді ол.
Данагүл ҚАЗИХАН.