Челлендж мәреге жетті
Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай «Ұлы істерге ұмтылған — 150 жыл» жобасы аясында ұйымдастырылған челлендж өз мәресіне жетті. Дүйсенбі күні Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта төрт ай бойы челленджге қатысқан үздіктермарапатталып, мерекелік флешмоб өтті.
Ақтөбе қаласы әкімдігінің, қалалық мәслихат хатшысының, Ақтөбе қаласы қоғамдық кеңесінің қолдауымен қала және аудан мектептері арасында бір мектептен екіншісіне берілетін флешмоб түрінде өткен іс-шараның идея авторы — самбодан әлем чемпионы Райса Байлиева. Балалардың туған қаласына деген патриоттық рухын ояту және туған қаламыздың 150 жылдығын сезіну, және олардың кішкентай ғана үлесін бейнелейтін бейнероликтерді көрсету арқылы тәрбиелік орта қалыптастыру мақсатында өткен шараға қала мектептерімен қатар Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау, Ойыл аудандарының да мектептері қатысты.
Бұл ауқымды жобада Ақтөбе қаласы Алматы ауданына қарасты №60 мектептің оқушылары жеңімпаз атанса, бірнеше мектеп түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Шара барысында қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова барлық мектеп ұжымдарына ұлтжандылық пен отаншылдық, жауапкершілік пен ұйымшылдық танытқаны үшін алғыс білдіріп, қала әкімі Мавр Абдуллиннің Алғыс хатын табыстады.
Мерекелік шарада «Шығармашыл ұжым» номинациясымен марапатталған Хромтау ауданының оқушылары бұл жобада арнайы флешмоб билеп, түрлі түсті киім киген оқушылар «150» санын бейнелеген.
— Флешмоб аудан орталығына жақын маңдағы Дөң елді мекенінде өтті. Хромтау қаласы мен ауыл мектептерінен қатысқан 200-ге жуық оқушы Ақтөбе туралы ән айтып, би биледі. Мұндай шараның өсіп келе жатқан жасөспірімдер үшін берері мол, — дейді Хромтау ауданындағы жастарға жауапты орталықтың басшысы Нұрсұлтан Қожабеков.
Ал Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта өткен қорытынды флешмобқа 2000-нан астам адам қатысты. Марапаттау кеші мерекелік концертпен аяқталды.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.