Мәртөктің сыйы
Ақтөбенің 150 жылдығына арналған кезекті сыйды Мәртөк ауданы ұсынды. Есет батыр көшесі мен Әлия Молдағұлова даңғылының қиылысында тағы бір жаңа гүлзар ашылды.
Сквердің құрылысы аудан кәсіпкерлері мен демеушілерінің қаражатына жүргізілген.
Жаңа гүлзардың ашылуына Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегенов, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары Медет Ысқақов, сондай-ақ аудан ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Құтты мекеннің гүлденуіне өзіндік үлесін қосып жатқан аудан басшылығы мен тұрғындарына шаһар басшылығы атынан алғыс білдірген Айгүл Арынғазиева Ақтөбе қаласын әрі қарай дамытудың маңыздылығына тоқталды.
— Бұл — Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай аудандар тарапынан беріліп жатқан төртінші гүлзар. Бұған дейін Шалқар, Мұғалжар, Қарғалы аудандарының атынан жаңа аллеялар ашылып, халық игілігіне берілген болатын. Жыл соңына дейін тағы 6 аудан құтты мекенге осындай тамаша сый жасамақшы. Мен қала басшылығы атынан шаһардың дамуы мен гүлденуі жолында жасап жатқан жұмыстарыңыз үшін өз ризашылығымды білдіремін.
Бұл маңның енді балаларымыз бен қариялармыздың сүйікті орнына айналатынына сенімдімін. Қала тұрғындарын тағы бір жаңа гүлзардың ашылуымен құттықтаймын. Осы алаңға орнатылған нәрселерді көзіміздің қарашығындай сақтап, қаламыздың әрі қарай гүлденуі жолында бірге еңбек етейік, — деді қала әкімінің орынбасары.
Бұдан соң сөз алған қала тұрғыны Сәния Сәрсенова 5-шағын ауданы тұрғындары атынан Мәртөк ауданы әкімдігіне ризашылығын білдірді.
— 2012 жылдан бері қаланың осы ауданында тұрамын. Бүгін біздер үшін және немерелеріміз үшін үлкен қуаныш. Жаңа демалыс алаңында балаларға арнап жаңа алаңқай бой көтерсе, біздер үшін арнайы орындықтар орнатылыпты. Өзімнің замандастарымды, қала тұрғындарын жаңа сквердің ашылуымен құттықтап, қаламыз көркейе берсін демекпін, — деді ол.
Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары Алмас Салықбаевтың айтуынша, жаңа гүлзардың жалпы аумағы 800 шаршы метр. Толықтай абаттандырылып, жарықтандырылған. Орындықтар орнатылып, брюсчатка төселген.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.