Спорт

Ақтөбеліктер жеңіспен оралды

Керлинг

«Алматы Арена» мұз айдынында жарыстың бірнеше түрінен керлинг фестивалі өтті. Бұл — осымен он жетінші рет ұйымдастырылған шара. Қазақстан Республикасының Кубогы сарапқа салынған турнирде ақтөбелік спортшылар бірінші орынды жеңіп алды.  

Еліміздің тоғыз аймағынан қатысқан командалар керлинг фестивалінде жарыстың бірнеше түрінен өнер көрсетті.  Облыстан барған құрама команданың негізін Алға ауданының спортшылары құрады. Себебі, өткен жылдан бері облыста бірінші рет Алғадағы балалар үйінде  олимпиадалық спорттың осы түрін дамытуға  ден қойылған болатын. Аталған жарыста біздің құрама команданың спортшылары сәтті өнер көрсетті. Турнирлердің ең бастысы — ел чемпионатында — аралас жұптар жарысында спортшыларымыз үшінші орынға табан тіреп, команда кубокқа, қола медальдар мен дипломдарға ие болды. Ал ерлер мен әйелдер командасы арасындағы жарыста ақтөбеліктер бесінші орыннан көрініп, аралас командалар турнирінде жетінші орында болды.  Ал Қазақстан Республикасының Кубогы сарапқа салынған жарыста облыстан барған аралас команда сапындағы спортшыларымыз бірінші орынды жеңіп алып, кубокпен қоса, алтын медальдармен және бірінші дәрежелі дипломдармен марапатталды. Бұл турнирде ақтөбелік әйелдер командасы екінші орыннан көрініп, кубокты және күміс медальдарды еншіледі.

Айтпақшы, бұл жарыстарда бірде-бір ақтөбелік керлингшілер медальсыз қайтпады. Сондай-ақ, фестивальдің өзге бағдарламалары бойынша да ақтөбелік спортшылар нәтижелі өнер көрсете білді.

Бұдан кейін Н.Назарбаев атындағы Қазақстан Ұлттық керлинг-орталығында Алматы қаласының ашық чемпионаты ұйымдастырылып, аралас командалар арасындағы жарыста ақтөбелік қыздар екінші орынға қол жеткізді. Айта кету керек, тартысты өткен бәсекеде Алға балалар үйінің тәрбиеленушілері, спорт шеберлігінен үміткерлер Марина Реймова, Албина Орынбасарова, Әсем Сәбитова, Қобдадағы отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушісі Ольга Балашова, Ақтөбе мұнай және газ колледжінің оқушысы Дмитрий Шроо, сонымен қатар ауыл шаруашылығы колледжінде білім алушылар Павел Крестьянов пен Виталий Лунголдар облыс намысын қорғады. Команда ойыншысы әрі жаттықтырушы — балалар үйінің тәрбиеленушісі, Алғадағы мектеп-гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қуаныш Тоқсанбаев.

Облыстағы керлинг федерациясындағылардың айтуынша, бұл чемпионат биыл ақпанда өтетін Жастардың республикалық қысқы ойындарына айтарлықтай дайындық болды.

Мирал ЖАРМҰХАНБЕТОВ.     

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button