Мереке

Жүрекке жылы жүздесулер

Жаңашылдыққа жол бастап…

Ян Тампаев, Ақтөбе бейметалл құбырлар зауытының директоры:

— Әлі есімде, 2004 жылдың 24 наурызында, яғни Наурыз мейрамы тұсында Президентіміз инвестициялық-инновациялық саясат мәселесі бойынша бір топ адамды қабылдады. Біздер Ақтөбеден, Қарағандыдан, Оңтүстік Қазақстаннан, Қостанайдан, тағы басқа бірнеше облыстан келген өкілдер, барлығы жеті адам, Елбасымыздың жалпы республикамыздың экономикасын дамыту бағытындағы ауқымды істер аясында өңірлердің үлесі қандай екенін біздер арқылы білгісі келгенін байқадық.

Ол әрқайсысымыздың айтқан сөздерімізді, ұсыныстарымызды мұқият тыңдап, ара-арасында сұрақтар қойып отырды. Президентіміздің бұл мәселеге қаншалықты маңыз беретінін, алдағы уақытта осы бағытта ірі қозғалыстар болатынын бәріміз де білдік.

Мемлекет басшысы әрбір жобаның ерекшеліктерін жедел аңғарып, жоғары интеллектуалды маман ретінде кейбір мәселелерді нақтылап отырды.

Біздің идеяларымыз бен ұсыныстарымыз ескерілмей қалған жоқ, 2003-2015 жылдарға арналған мемлекеттік инвестициялық-инновациялық бағдарламаға енгізілді.

Мені Президенттің бүгінгі күннің жетістіктеріне қанағат тұтпай, келешектегі көп істерді алдын ала ойластырып отыратыны тәнті етті.

2000 жылдардың басынан бастап елімізде экономикалық ахуалда оң өзгерістер пайда болып, белгілі бір даму қарқыны сезілді. Экономиканы әртараптандырудың жолы ретінде жоғары технологиялар таңдалды. Өнім экспортының шикізаттық бағытынан тауарлар өндіруді әртараптандыруға көшетін уақыт жеткені байқалды. Осыдан келіп елімізде инвестициялық-инновациялық бағдарламаны жасау қажеттігі туды. Бұл Президент ұстанған бағыттардың бірі еді.

Елбасының ұшқыр ойы, жақсы бастамалардың жүзеге асатынына сенімділігі бізге жігер берді. Сондықтан да мен Ақтөбеде алғаш рет бейметалл құбырлар зауытын іске қосуға белсене кірістім. 2007 жылдары біздің өнімдерімізге сұраныс берушілер арасында Ақтөбе, Лисаковск, Орал, Тараз, Қызылорда, Теміртау, Бұқара, Ставрополь өлкесі, Солтүстік Кавказ, Самара, Мәскеу, Набережные Челны, Красноярск, Чита облысы, Екатеринбург, Златоуст, Сызрань өңірлері болды.

Әрине, қиын кезеңдер болды, бірақ біз сол кезде нарық кілтін таба алдық деп ойлаймыз.

Біздің арамызда ашық та іскерлік бағыттағы әңгіме өрбіді. Шынын айтқанда, уақыттың қалай өткенін де байқамаппыз. Белгіленген уақыттың 45 минут екенін білетінбіз, ал біздің кездесуіміз бір жарым сағатқа созылды.

Қоштасар сәтте Президентіміз бізге Қазақстанның экономикасын дамыту жолында табыстар тіледі, ерекше ықылас білдіріп,  бізбен бірге суретке түсті, сосын бәріміздің қолымызды қысты. Сол кездегі Нұрсұлтан Әбішұлының алақанының жылуы әлі сезіліп тұрғандай әсерде боламын.

Әр сөзі жігер береді

Аманғос Төлеуов, Қарғалы ауданы «Степное» ЖШС директоры:

— Президентпен кездесу адамға ерекше жігер, күш-қайрат береді. Мен Елбасымызбен жолыққан сайын сондай сезімге бөленемін.

Заманның бір қиындау кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының Ақтөбеге келгені жадымда мықтап сақталып қалыпты. Нақ сол уақытта біз Чехияның жоғары сапалы «Прокоп» фирмасының  диірменін орнатып, жұмыс істеп жатқанбыз. Мұндай жағдайға көптеген шаруашылықтар іліге қойған жоқ еді. Тіпті оны айтасыз, олардың бірқатары құлдырау шегінде тұрған. Осы жайларды анықтап біліп алған Елбасы маған «Осы шаруасы шайқалған құрылымдарды бетімен жібермей, өзіңе қосып ал, халыққа жұмыс тауып бер» деді әңгіме арасында. Мен мұны өзіме берілген Президент тапсырмасы деп ұқтым және жоғары дәрежеде орындауға ұмтылдым.

Арада жеті-сегіз жыл өткенде реті келгенде ол кісіге тапсырмасының орындалғаны туралы айттым. Шағын шаруашылықтардың басын біріктіріп, бұл кезде ірі құрылымға айналғанбыз. 2015 жылы 30 мың гектар жерге егіс салып, төрт түлік малды өсіріп отырғанымызды, ауыл тұрғындарын түгелдей жұмыспен қамтып отырғанымызды жеткіздім. Ол кісі ырза болып қалды.

Президентіміздің мұнайға тәуелді болып отыра бермей, ауыл шаруашылығын дамытуды, оның өнімдерін молайтуды көздеген саясатын біз үнемі өз ісімізбен қолдап келеміз.

Елбасымен әр кездесудің мәні зор екенін ұмытпаймын, жан-жағыма айтып та жүремін.

2009 жылдың көктемінде Астанаға республикалық үлкен жиынға бардық. Үзіліс кезінде Президентіміз жанымыздан өтіп бара жатып, маған қарай бұрылды.

— Сен Ақтөбеден келдің ғой. Ол жақта екі-үш жылдан бері астық шықпай, қуаңшылық болып тұрғанын білемін. Амандық болса, биыл молшылық болады,— деп жылы сөйледі. Бір түрлі жүрегім жылып, қуанып кеткендей болдым.

Шынында да, сол жылы егісіміз бітік шықты, мол астыққа кенелдік. Елбасының игі тілегі есімнен кетпей қойды. «Апыр-ай!» деп қуанып жүрдім.

Мен Президенттің қолынан «Отан» орденін кеудеме тақтым. Ақ Ордадан мәртебем биіктеп, көңілім көкке көтеріліп шықты.

Мен Нұрсұлтан Әбішұлын Алланың бізге жіберген адамы ғой деп айтып жүремін. Елбасымыз аман болсын, бізді, қазақ халқын биіктерге бастай берсін.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button