МЕЙРАМНЫҢ КӨРКІН КЕЛТІРДІ
Наурыз мейрамы қаламыздағы бірнеше жерде тойланды. Абай даңғылының бойында орналасқан Абай ескерткішінің маңында мерекелік іс-шара өтті. Наурыз-думанды Amanat партиясының мүшелері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің кәсіби шығармашылық бөлімі бірлесе ұйымдастырды. Іс-шара барысында университет ректоры Лаура Чапайқызы жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
— Наурыздың өтуіне облыстық білім басқармасы қолдау көрсетті. Қаламыздағы мектептер мен арнаулы оқу орындарының білім алушыларынан жасақталған топ әсем әннен шашу шашты. Университет жанынан құрылған «Самғау» би тобы, «Сәйгүлік» «Батыс» және «Luar» триолары әннен шашу шашып, «Жұбанов» ауылының жастары театрландырылған көрініс көрсетті. Одан бөлек ұлттық бұйымдарымыздан көрме жасақталды. Бұл біздің ортақ мерекеміз. Ұлық мерекенің кең көлемде атап өтуге барынша үлес қостық, – дейді Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің музыка және хореография кафедрасының меңгерушісі Арайлым Қуандыққызы.
Абай ескерткішінің маңында өткен мерекелік думанның көркін қой көтеру сайысы қыздырды. Алып денелі жігіттер салмағы 20 келіден асатын қойды сан мәрте көтеріп, жұршылықты таңғалдырды.
Нәтижесінде Райымбек Орынбай қойды 220 рет көтеріп 1-орынды жеңіп алса, авар ұлтының азаматы Руслан Магомедов 206 рет көтеріп 2-орынды иеленді. Ал ең жас қатысушы Арслан Шаукилов 3-орынды місе тұтты. Жеңімпаздарды Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы және өңірлік кеңес қаржылай марапаттады.
— Наурыз мерекесі биыл жылдағыдан ерекше өтті. Жиналған жұрт ұлттық тағамдардан дәм татып, тілектерін жаудырып жатыр. Қала тұрғындары этноауылға саяхат жасап, мерекелік концертті, ұлттық спорттық ойындарды тамашалап, мәре-сәре болды. Әсіресе, қой көтеру сайысы тартысты өтті. Бұл сайысқа ешбір даярлықсыз қатыстым. Қойды 220 рет көтеріп жеңімпаз атанамын деп ойламаппын. Мені қолдаған жанкүйерлеріме алғысым шексіз, — дейді MMA бойынша ережесіз жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Райымбек Орынбаев.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және Өңірлік кеңес ұйымдастырған іс-шараны қолдауға келген Ырғыздық әжелер тұсаукесер рәсімін өткізіп, ұршық иірді. Наурыз-думанда кәсіпкерлер палатасы жиналғандарға наурыз-көже ұсынып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін спорттық ойындарды ұйымдастырды.
Өз кезегінде өңірлік «Атамекен» палатасының директоры Дидар Боранқұлов ақтөбеліктерге, еңбек адамдарына, кәсіпкерлерге өңірдің дамуына, экономикалық тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, баршаға амандық тіледі.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.