Мереке

ҰЛЫҚ МЕЙРАМ, ЖАҢАРҒАН НАУРЫЗ

Ұлыстың ұлы күнін ақтөбеліктер мен қала қонақтары ерекше атап өтті. Олар «Қазақ еліне мың алғыс» стелласы алаңында ұйымдастырылған «Наурызнама» атты концерттік бағдарламаны тамашалап, мерекелік дастарханнан дәм татты. Мерекелік думанды тамашалаған ақтөбеліктердің көңіл күйі көтеріңкі болды.
Жұртшылық орталық алаңға ерте жиналып, өнерпаздардың халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына қатысты қойған көріністерін тамашалады. Бұл күні 50 киіз үй тігіліп, 3 тонна бауырсақ, 6000 литр наурыз көже таратылды. Іс-шара Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртістері сахналаған театрландырылған көрініспен басталды. Одан соң облыс әкімі облыс әкімі Асхат Шахаров жұршылықты мерекемен құттықтады:

— Наурыз – жыл басы ғана емес, бұл ең алдымен береке мен бірліктің бастауы, ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Бұл күнге де аман-есен жеттік деп халық мәре-сәре болып, өкпе-ренішті ұмытып, бір қазаннан Наурыз көже ішіп, тойлаған. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызып, егін салған. «Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады» — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы. Биыл Наурыз мейрамының мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өту керектігін дүйім жұртқа жеткізді.
Наурыздың қадір-қасиетін айшықтайтын «Наурызнама» онкүндігі жарияланып, тұжырымдама қабылданды. Бұл онкүндік – қоғамды біріктіру, қазақ халқының ұлттық бірегейлігі мен мәдени ерекшелігін сақтау және насихаттауға бағытталған. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болды. Қазақтың ежелгі жыл санауы бойынша биыл – Ұлу жылы. Барша түркі жұрты, оның ішінде халқымыз бұл жылы қамба астыққа, жер беті ырысқа кенеледі деп жорамалдаған. Отандастырымыз үшін жайлы, ырысты жыл боларына кәміл сенемін. Осы жылды ақтөбеліктер үлкен жетістіктермен қарсы алып отыр. Аянбай еңбек етіп, әр іске жұмыла кіріссек, халықтың дастарханы дәмге, шаңырағы ырысқа толатыны сөзсіз. Еліміздегі тұрақтылық тұғыры берік болсын! Әз-Наурыз елімізге тыныштық, жерімізге молшылық, әр отбасына ырыс-құт әкелсін деп тілеймін! — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Мерекелік думанда қала тұрғындары ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, жылы лебіздерін білдірді. Солардың бірі Әйтеке би ауданынан келген 77 жастағы ақсақал — Бекет Сүлейменов. Ол «Ақтөбенің Наурызына» алғаш рет қатысып отыр. Оның айтуынша, бұл күн ұлыс үшін ұлық мереке:

— Баршаңызды еңбек пен берекенің, бірлік пен татулықтың, ырыстың жарқын мерекесі, Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Татулықтың бастауы болған, әрбір шаңырақтың берекесі мен несібесінің жемісі әз Наурыз ұлтымыздың болмысының бір белгісі. Ұлттық құндылықтарымыз дәріптелетін Ұлыстың ұлы күнінде халқымызға — игілік, мемлекетімізге — молшылық, әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз, — деді ол.

Мерекелік думанға жиналғандар Тұңғыш Президент атындағы саябақта қаз-қатар тігілген киіз үй ішіне қойылған облыстық тарихи өлкетану музейінің қорындағы ескі жәдігер бұйымдармен танысуға мүмкіндік алды. Музейдің бөлім меңгерушісі Майра Тыныштыққызының айтуынша, 12 қанатты киіз үйге тері бұйымдары, кесеқап, қалқан, торсық, кебеже секілді ескі бұйымдар қойылған.

— Мұндағы бұйымдардың ерекше бір түрі — көшпелілер тұрмысында қолданылған аяққап және кесеқап. Аяққап – табақ сияқты тамақ ішуге арналған үлкен ыдыстарды салатын арнайы қап түрі. Ол көбіне алашадан, киізден және матадан даярланған. Кесеқап – көші-қонда қыш, кәрлен кеселер сынбас үшін салынатын, ағаштан, теріден, киізден жасалатын қап түрі. Кесеқаптар ертеректе пайда болып, ХVІІІ ғасырда қазақ арасына қытайдың фарфор ыдыстары кеңінен тарай бастағанда, аталған ыдысты сындырмай алып жүру қажеттілігінен молая түскен. Кесеқапты қазақтар мен Орта Азия шеберлері ағаштан, шиден, тобылғыдан иіп, тоқып, сонымен бірге теріден, көннен тігіп жасаған. Айталық кесеқапты теріден жасағанда ірі қараның жаңа сойылған терісін жібітіп, түгін ұстарамен қырып жасаған, — дейді ол.

Сондай-ақ іс-шара барысында қалалық техникалық шығармашылық орталығы және қаламыздағы жоғары және арнаулы оқу орындары студенттерінің өз қолынан жасаған бұйымдары көрермен назарына ұсынылды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Көңілді думан Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының ұжымы және белгілі әнші Досымжан Таңатаров, «Алашұлы» тобының ән-шашуымен жалғасты.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button