Ауыл

Ойылда қымызхана ашылды

Жуырда сарбиелік кәсіпкер Жандос Галиакпаров аудан орталығында қымызхана ашты. 2015 жылдан бастап «Атамекен» шаруа қожалығын құрып, жылқы өсірумен айналысып отырған кәсіпкер халықты саумал, қымызбен қамтып, алдын ала емдеу шараларын жүргізу мақсатында осындай үлкен бастама бастап отыр.

Қымызхананың салтанатты ашылуында аудан әкімі Дастан Сағыров кәсіпкердің бұл бастамасына алғысын айтып, сәттілік тіледі.

Өз сөзінде аудан әкімі алдағы уақытта қымызхананың ауқымын кеңейтіп, аудан аумағына ғана емес, облыс көлеміне шығару, қымыз өнімін өңдеп, брендке айналдыру керектігін жеткізді.

Бұрын бос тұрған екі қабатты ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, ішін ұлттық нақышта безендірген кәсіпкер бұл бастамасымен көптің ықыласына бөленді. Мұнда қымызбен қатар 25 адамдық қазақы нақыштағы асүй, 10 адамға арналған қонақжай бөлмесі бар.  Бұл жерден адамдар емделіп, саумал терапиясын алады. Ол үшін арнайы бие сауатын, қымыз өңдейтін орын дайындап, тұтынушыларға жайлы жағдай жасаған. Екі айдан бері осы жұмыстың басы-қасында жүріп, аналық жылқыларды уақтылы сауып, дайындайтын Әлібек Қазиевтің айтуынша, күніне әр биеден 2 литрге дейін қымыз алынады.

Күніне үш мезгіл сауамын. Бір ай бойы тұрақты саумал терапиясын тұтынып жүргендер бар. Саумалдың, жалпы жылқы сүтінің емдік қасиетін айтудың өзі артық. Қымызханаға келіп, саумал ішіп, ем жасап жүргендер қан қысымының қалпына келіп, басқа да дерттеріне дауа табылғанын айтып, кәсіпкерге алғысын жаудырып жатыр. Биелерді ауыстырып тұрамыз. Асаулары үйретіліп жатыр. Бірте-бірте оларды да көбейтеміз, — дейді Ә.Қазиев.

Оның айтуынша, бие сауу оңай жұмыс емес. Себебі бие сауу ер адамға болмаса, әйел адамға өте қиын. Үйренбеген адамға бие сауғызбайды.

Кәсіпкер өз жобасына 50 млн теңге қаржы жұмсаған.

Самат Нарегеев,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button