ДенсаулықМәселе

Екі мыңнан астам бала екпеден бас тартқан…

Ақтөбе қаласында 1645 баланың ата-анасы екпеден бас тартып отыр. Бұл туралы қала әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен өткен жиында белгілі болды. Екпеден бас тартқан ата-аналарға және мектеп формасын сақтамай жүрген оқушыларға қатысты түсіндірме жұмыс жөніндегі жауапты мекемелердің біріккен отырысына облыстық денсаулық сақтау, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшылары, «Нұр Ғасыр» орталық мешітінің наиб-имамы, қалалық білім бөлімі өкілдері қатысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманованың айтуынша, бүгінде облыс бойынша 2560 баланың ата-анасы екпеден бас тартып отыр. Соның 1645-і — Ақтөбе қаласында тұратындар. Олардың ішінде діни көзқарастары бойынша және басқа да себептерге байланысты бас тартып отырғандар бар.

— Бүгінде жеке көзқарастары бойынша екпеден бас тартып отырғандар саны күрт өсті. Яғни ақпарат құралдарынан, басқа да дерек көздерден екпе туралы, оның асқынулары туралы жағымсыз ақпараттар оқып алып, екпе алмау туралы жеке шешім қабылдаған ата-аналар. Дегенмен, қазір балаларына екпе алдырмайтын ата-аналар санының күрт өсуі азайды, белгілі бір деңгейде тұрақтылыққа қол жеткіздік. 2006-2016 жылдары олардың саны жыл сайын кемінде 200-300-ге дейін артып отыратын. 2017-2018 жылдары 60-70 адам ғана қосылып отыр. Тұтастай алғанда облыста жағдай тұрақты, балаларды екпемен қамту көрсеткіші — 95-98 пайыз. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген меже бойынша, бұл көрсеткіш 95 пайыздан төмен болғанда ғана дабыл қағу керек, — дейді ол.

Басқарма басшысының пікірінше, жеке көзқарастары бойынша екпеден бас тартқан ата-аналарды райынан қайтару діни көзқарастағы ата-аналарға қарағанда жеңілдеу.

— Райынан қайтқан ата-аналардың он пайыздайы ғана діни көзқарасына сүйеніп шешім қабылдағандар. Жалпы балаға 11 екпе берілуі керек. Облыс орталығындағы екпе алмаған 1600-дей баланың мыңнан астамы бірде-бір рет екпе алмаған. Екпе алғаннан асқыну болған жағдай облыста тіркелген жоқ, керісінше алмағандықтан, ауырып қалған балалар бар. Естеріңізде болса, перзентханада туберкулезге қарсы екпе алмаған сәби бір жастан асқанда осы аурумен ауырып қалды. Екпеден қорықпау керек, бізге Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сертификатталған, әлем елдері қолданып отырған екпелер келеді, — деді С.Есенаманова.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері емханалардың қызметкерлерімен бірлесіп ата-аналармен жұмыстар жүргізіп жатыр. Аталған басқарма басшысы Аманжол Утеғалиевтің айтуынша, әр адаммен жеке-жеке кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 57 бала екпе ала бастаған.

Бүгінде №1 қалалық емхана бойынша екпеден бас тартқан 341 бала бар екен, соның ішінде 26 баланың ата-анасы райынан қайтып, баласын емханаға әкеле бастапты. №2 қалалық емханада осы санат бойынша тіркеуде тұрған 265 ата-ананың 8-і өз шешімін өзгерткен. №3 қалалық емхана бойынша 85 ата-ананың 5-еуі, №4 қалалық емхана бойынша 277 ата-ананың 10-ы, №5 қалалық емхана бойынша 253-тің 2-еуі, №6 қалалық емханада 57 адамның 2-еуі балаларын екпеге әкеле бастаған. Сондай-ақ отбасылық медицина клиникасы, Қарғалы қалалық ауруханасы, Медикус орталығы мен теміржол ауруханасы бойынша екпеден бас тартқан ата-аналардың тек бірді-екілісі ғана өз шешімін өзгерткен. «Дару» клиникасы, отбасылық медицина орталығы, Ақтөбе медициналық орталығы бойынша өз шешімін өзгерткен ата-аналар мүлде жоқ.

— Статистикаға сүйенсек, екпеден бас тартқандардың 903-і (54,8%-ы) діни ұғым бойынша, 521-і (31,6%-ы) жеке бас пікірі, 152-сі (9,2%-ы) екпеге сенімсіздік, 69-ы (4,1%-ы) жағымсыз ақпараттар салдарынан осындай шешімге келген. Перзентханаларда нәрестелерді вирустық гепатитке қарсы профилактикалық екпеден 367 ата-ана, туберкулезге қарсы профилактикалық екпеден 282 ата-ана бас тартып отыр, — дейді басқарма басшысы.

Қазіргі кезде аталған басқарма тарапынан «Ақтөбе қаласында 2018 жылға жұқпалы дерттерге қарсы профилактикалық екпелер алудан бас тартқан адамдармен жүргізілетін жұмыс жоспары» әзірленген. Соған сай құрамында қала әкімдігі мамандары, басқарма эпидемиологтары, дәрігерлер, салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметі және дін істері басқармасы мамандарынан құралған мобильдік топ құрылды. Мобильді топ әр ата-анамен жеке-жеке жұмыс істеуге кірісті, үйлерді аралап, перзентханаларда жас босанған аналармен кездесулер өткізді.

— Бұл бағытта түрлі шаралар өткізіп жатырмыз. Ай сайын перзентханалардағы, қалалық емдеу мекемелеріндегі екпеден бас тартқандар бойынша мониторинг жүргізіледі. Түсіндіру-ақпараттық жұмыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Егер жағдай осы күйінде бола берсе, алдағы уақытта екпе арқылы ғана бетін қайтара алатын жұқпалы дерттерге шалдығудың кез келген уақытта жоғарылауы және аурушаңдықтың күрт таралуы мүмкін, — дейді А.Утеғалиев.

Жиында мектеп формасын сақтамағандықтан, мектепте келмей отырған оқушылар туралы да айтылды. Қалалық білім бөлімінің әдіскері Ғазиз Қаламовтың айтуынша, бүгінде 17 отбасындағы 24 қыз бала мектеп формасын сақтамағандығына байланысты сабаққа қатыспай жүр. Бұған дейін жүргізілген ақпараттық-түсіндірме жұмыстардың нәтижесінде 19 қыз бала мектеп формасын киіп келуге келіскен.

— 17-22 қыркүйек аралығында ардагер ұстаздар мен қала әкімшілігі мамандарымен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде тағы үш қыз баланың ата-анасы балаларына кимешектерін шешіп, мектеп формасын кигізуге келісімін берді. Бүгінде мектеп формасын сақтамағандықтан сабаққа келмей отырған 24 оқушының 10-ы оқу жылы басталғалы бері парта көрмей отыр.  Ақпараттық топтар түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізе береді, — деді ол.

Жиын барысында қала әкімі Ілияс Испанов бұл мәселелерге қатысты жүргізіп жатқан жұмыстарды күшейту қажеттігін айтып, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button