Басты жаңалықтар

Тамыздағы толымды істер

Әр айдың өз ерекшелігі, жетістігі бар. Биыл тамыз айында республика, облыс көлемінде көптеген бастамалар қолға алынып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуын қамтамасыз ету мақсатында игі іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен…

«Каспий конституциясы» қабылданды

Ақтауда Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекет қана емес, теңіздің геосаяси және өзге де қолай­лылығына қызы­­ғу­шылықпен қарап, оған қатысты жағдайды қада­ғалауды ұмыт қалдыр­май­тын алыс-жақын елдер­дің назарын аудар­ған бесінші Каспий сам­миті өтті. Ақтау саммиті бес мемлекет арасын­дағы көп жылдан бергі келіссөздердің нәти­жесі сынды тарихи құжат – Каспий теңізінің құқық­тық мәртебесі туралы кон­венцияға қол қойы­луымен ерекшеленді.

Қазақстандық делегация Венгрияда өткен «тұран» құрылтайына қатысты

10-12 тамызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басқарған қазақстандық делегация Венгрияда өткен түркі халықтарының «Тұран» деп аталған Үлкен құрылтайына қатысты. Делегация өкілдері іссапар аясында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

 Көшпелі отырыс: 6 мәселе қаралды

Байғанин ауданында облыс әкімдігінің көшпелі отырысы өтіп, күн тәртібінде алты мәселе қаралды. Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев негізгі көрсеткіштердің барлығы өткен жылмен салыстырғанда жоғарылағанын, дегенмен, кейбір көрсеткіштеріміз республикалық көрсеткіштен төмен екендігін айтты.

Акция: 4 ауданның күні өтті

«Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында тамыз айында Ақтөбеде Темір, Алға, Әйтеке би, Ырғыз аудандарының күндері өтті. Аталған акция аясында «Бақытты бала» жобасы аясында іс-шаралар өткізіп, ауылшаруашылық жәрмеңкелері, қайырымдылық шаралары, сондай-ақ Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта жылжымалы көрмелер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Спорт апталығы ұйымдастырылды

 10-18 тамыз аралығында облыста спорт апталығы өтіп, онда облыс аумағында әртүрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, барлық спорт мектептері ашық есік күнін өткізіп, ардагер спортшылармен кездесулер өтті. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек спорт сарайында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасы ІІ спартакиадасы өткізілді. Онда еліміздің 17 өңірінен келген спортшылар спорттың 10 түрі бойынша сынға түсті.

Жекпе-жек сарайында Спорт күніне арналған мерекелік шара аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев спорт саласының ардагерлері мен белгілі спортшыларды, сондай-ақ белсенді азаматтарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасын, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

 250 адам сынама тапсырды

Ақтөбе қаласындағы №39 орта мектепте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл — қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа емле ережелерінің қанатқақты жобасына сынама жұмыстарын жүргізді. Оған Ақтөбе қаласындағы мектеп мұғалімдері, мемлекеттік және әскери сала қызметкерлері, барлығы 250-ге жуық адам қатысты.

Шыңғыс — үздік азаншы 

«Нұр Ғасыр» мешітінің 10 жылдық мерейтойына орай облыс орталығында ІІІ республикалық «Әдемі әуезді азаншы» жарысы ұйымдастырылды.

Қазылар алқасының шешімімен Қызылорда облысынан келген «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұстазы Шыңғыс Жаппарханұлы «Әдемі әуезді азаншы – 2018» деген атқа лайық деп танылды. Бәйге жеңімпазына 1 000 000 теңгенің сертификаты мен байқаудың естелік кубогы сыйға берілді. Ал II орынды «Нұр Астана» мешітінің азаншысы Салман Хадиршаевқа, ІІІ орынды Павлодар облысынан келген «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің азаншысы Серік Темірғалиев иеленді.

Құрылысшыларға құрмет көрсетілді

Құрылысшылар күнінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Сәулет Құрылыс Сервис-2007» ЖШС көлік жүргізушісі Алмас Құжановқа үш бөлмелі пәтердің сертификатын, «Фагот и К» ЖШС бас инженері Зинаида Примакқа «Лада Ларгус» маркалы автокөліктің кілтін табыс етті. Сондай-ақ, бір топ адам ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің атынан «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші» төсбелгілері мен Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Ал осы саланың 8 ардагеріне облыс әкімінің Алғыс хаты мен 50 мың теңге, тағы бірқатар еңбек адамына 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар берілді.

Қымызмұрындық тойланды

«Сазды» демалыс орталығында облысқа белгілі ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қымызмұрындық мерекесі өтті. Онда киіз үйлер тігіліп, келген қонақтарға қымыз құйылып, табақ-табақ ет тартылды.

Мектептер ашылды, тұрғын үй берілді

Конституция күніне орай Алға ауданында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 60 пәтерлі жаңа үйдің кілті иелеріне салтанатты жағдайда табысталды. Аталған шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.

Сондай-ақ мереке қарсаңында Ақжар-2 елді мекенінде 900 орындық Мәлік Ғабдуллин атындағы №70 жаңа орта мектеп пайдалануға берілді.

Байғанин ауданының 90 жылдығы атап өтілді

 Қазақ әдебиетіне дарындар шоғырын сыйлаған, басқа салаларда да перзенттерінің аты озған Байғанин ауданының тоқсан жылдық мерейтойы өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Астана, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары және Ақтөбе қаласынан келген белгілі тұлғалар қатысты. Мерейтой аясында Байғанин ауданының асылтұқымды малдары мен ауылшаруашылық өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі, «Туған жер — алтын бесік» атты театрландырылған мерекелік мәдени-көпшілік шарасы ұйымдастырылып, аудандық шығармашылық орталығының ашылу салтанаты өтті.

Тамыз кеңесі: үш мектепке гранттар табысталды

 Биылғы тамыз кеңесі Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілді. Өнер орталығында ұйымдастырылған шараға 1200-ден астам педагог қатысты. Кеңесте үздік педагогтар марапатталып, «Үздік білім беру ұйымы» аталымы бойынша үш мектепке гранттар тапсырылды.

                                                                                                               Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button