Спорт

Рекордсмендер спорттық шоу ұйымдастырады

Бүгін Ақтөбе қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық  мәдениет және демалыс саябағында

Конституция күніне арналған «G-STRONG POWER FEST» спорттың күштік түрінен IV республикалық ашық фестиваль өтеді. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Аталған фестивальді ұйымдастырушы — Ақтөбе қаласының дене тәрбиесі және спорт бөлімі. Қатысушылар гір спорты, қол күрес, армлифтинг, мас-рестлинг, жатып сығымдап көтеру, халықтық жатып сығымдап көтеру, күштік воркаут және стронгмен, яғни спорттың осындай 8 түрі бойынша бақ сынайды.

Баспасөз мәслихатында әрбір спорт түрлерінің ерекшелігіне тоқталған Ақтөбе қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров:

Мұндай турнир жыл сайын өткізіледі. Жылма-жыл өткізілетін спорт фестивалінің ауқымы кеңейіп, бақ сынасуға Азия және Еуропа, әлем, ел чемпиондары қатысып жүр. Сондай-ақ, бұл турнирге Ақтөбе қаласы тұрғындарының да қатысып, өз күшін көрсетуге мүмкіндігі бар. Әрине, мұндай турнир тек кәсіби спортшылардың ғана қатысуы үшін емес, қала тұрғындары мен қонақтарының да кәсіби жарыста спорттық қарым-қабілетін дәлелдеуге мүмкіндік береді. Бастапқыда бұл фестиваль қалалық деңгейде өткізілгенмен, кейін турнир географиялық аясы кеңейе түсті. Яғни, турнирге ел аймақтарынан бөлек, Ресей, Украина елдерінен, сондай-ақ жақын шетелдерден келіп, күш сынаушылар қатары көбеюде, — деді ол.

Е.Гончаровтың айтуынша, спорт фестиваліне «Street workout» спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасының бас бапкері Айтым Жақыпов, күш қолданылатын нөмірлерден 4 дүркін рекордсмен Сергей Цырульников, сондай-ақ Ресей Федерациясының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін Ресей, Еуропа және әлем чемпионы Иван Денисовтер құрметті қонақ ретінде шақырылған. Бұл турнирде Сергей Цырульников Астананың 20 жылдығына арнап рекорд жаңартуға тырысса,  ал Иван Денисов күш-қуатын дәлелдеу үшін шоу ұйымдастырмақ. Яғни ол Елорданың 20 жылдық мерейтойына арнап 100 келі штанганы 200 рет көтеруге тырысады.

Біз қаламызда қосымша 3 workout алаңын жасақтадық. Спорттың бұл түріне екі адамнан қатысады. Шарт солай. Ең бастысы, спорттық жарыстарға қатысушылардан өз денсаулығының қауіпсіздігіне байланысты жазбаша қолхат алынады, — деді Е.Гончаров.

Турнирді ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздардың барлығына ақшалай сыйлық үлестіріледі. Жүлде қоры — 1 миллион теңге.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button