Тарих

Қиындыққа қайыспаған адам

ХХ ғасырдың дүрбелеңге толы жылдарында өмірге келген Имаш Әубәкіровтің ғұмыры мен еңбек жолы тұтас бір тарих. Ол революция, одан соңғы ақ пен қызылдар қырғыны, елді жайлаған аштық, қуғын-сүргін, коллективтендіру, Отан соғысы, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру  қиындықтарын бастан өткерген.   Жиырма жасқа толғанда жалғыз сиырын ортаға салып, коллективтендіруді ұйымдастырып, оған басшылық жасауы оны ерте есейткен. Бірнеше колхозда басқарма болған Имаш Әубәкіров Социалистік Еңбек Ерлері Жиенғазы Молданиязов, Есберген Жүндібаев, Тойманқұл Елбетов, «Данқ» ордерінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаевпен бірге жұмыс жасаған.

Тоқсан жылдық белесті бағындырған Байғанин ауданының өміріне араласқан қаншама азамат болды десеңізші. Бұлардың бірқатары күні кеше көз алдымызда жүрді. Солардың бірі – «Абай» совхозы Жаңатаң бөлімшесінің тұрғыны Имаш Әубәкіров болатын. Біз көп жылдар бойы Жаңатаң ауылында бір көше бойында тұрдық. Күнде көріп жүрген соң, ол кісіні жақсы білеміз деп  ойлаушы едік. Бірақ, оның тағдырлы тірлігінен білмейтініміз көп болып шықты. Маған белгілісі әр жылдары колхозды басқарғаны, ұзақ уақыт еңбек еткені. Сондықтан архивке жүгініп, ол кісімен еңбектес болған алдыңғы толқын өкілдерінен, отбасынан сұрастыруға тура келді.

Имаш аға 1917 жылы Жем бойында дүниеге келген. Әкесі Әубәкір мен шешесі Жәниядан сегіз перзент өмір есігін ашады. Аласапыран заманда бір қоғамнан екінші қоғамға өтіп жатқанда қиындықтарды бала күннен бастап өткерген.  Әке-шешеден ерте айырылады. Ағайын-туыстарының қасында болып, Жаңатұрмыстағы мектепте 3 класты ғана бітіреді. Өз қатарлары секілді отызыншы жылдарда комсомолға мүше болады. Өткен ғасырдағы ашаршылық тауқыметі бұл отбасын да айналып өтпейді. Имаш 14 жасқа келгенде аштық басталып, 1931 жылы 5 қыз, 3 ұл жетім қалады. Қолда барын балаларының аузына тосқан әке мен шеше бір түнде мәңгілікке көз жұмады.  Сонда  «Ақкенже деген қызы ши артында бақи дүниеге аттанған анасының емшегін сүт шықпаса да, еміп жатыр екен деп еске алатын әкеміз» дейді қызы Ақбал.

Заманның ағымына сай 1933 жылы 16 жасында №14 ауылға колхоз мүшесі болып кіреді. Аштықтан соңғы дүрбелең жайлаған кезеңде 1934-1937 жылдары Жаңатұрмыс колхозына бригадир, 1937-1938 жылдары тауарлы сүт фермасының меңгерушісі болып ел қатарлы тірлік ете бастайды.  Жиырма бір жасында оның еңбекқорлығын, көпшілікті ұйымдастыра білетіндігін ескеріп, Жаңатұрмыс колхозының басқармасы етіп сайлайды.

Ойлап көріңіз, бүгінгі осы жастағы кейбір жігіттің ондай басқару қызметі түгілі,  қарақан басын алып жүруі екіталай. Өзіне тапсырылған  жұмысты үнемі тиянақты орындай білгендіктен оны 1940 жылы партия қатарына кандидат етіп өткізеді. Араға бір жыл салып партия мүшелігіне қабылдайды.  Сұрапыл соғыс жүріп жатқан, сол бір қара бұлт қаптаған уақытта көп ұзамай Имаш та 1942 жылы әскерге алынады. Тұтқиылдан келген жауға қарсы 364-атқыштар дивизиясы мен 46 армияның 72-атқыштар полкі құрамында дұшпанмен талай ұрысқа түседі. Бірнеше рет жау оғынан жарақаттанады. Кезекті бір шабуылда оң жамбасынан ауыр жарақат алып, госпитальда ұзақ емделіп, әскерге жарақсыз деп табылып елге қайтарылады.

Майданнан оралған ол 1944-1953 жылдар аралығында «Жаңатаң», «Ворошилов», «Абай», «Жаңатұрмыс» колхоздарында басқарма төрағасы болып қызмет жасайды. Ол бір естелігінде ағайынды үшеудің үлкені Қази (1901 жылы туған) Отан қорғауда қаза тапқанын айтады. Бауырының сүйегі қай жерде қалғанын білмей өткен Имаш ақсақал «оның бейітіне бір уыс топырақ салсам» деп армандап кеткен. Кейін ұрпақтары Қази атасының Ленинград облысы, Минск ауданы Свердвен  деревнясы үшін болған ұрыста жау оғынан қаза тапқандығынан хабардар болады. Естелік кітабында  сол жайлы №434 бейітте көмілген деген мәлімет табады.  Отбасындағы екінші ұл Жұман да соғысқа қатысқан. Майданнан хабарсыз кеткен. Қай жерде қалғаны белгісіз. Ал Имаш болса, партия мүшелігіне өткен бойда майданға сұранған. Сұрапыл жылдардағы бір отбасының тарихы осылай.

— Әкем туралы айтар болсам, 1953 жылы соғыстан алған жарақатынан қатты

ауырды,- дейді қызы Балдай. — Денсаулығына байланысты басқармалық жұмыстан босатылады. Тіпті жүре алмай қалған соң Ақтөбе қаласына барып емделуге тура келеді.

Сол бір қиыншылық кездері Тақыл деген бауыры Ақтөбеде ағасын емханаға арқалап апарып, арқалап алып қайтып жүреді. Сөйтіп ет жақын туыстығын танытады. Жазылып ауылға келген кезде отбасында тағы бір қызды болады. «Тағдырым талайлы болып еді, талай ауыртпалықты бастан өткердім-ау» деп оның атын Талайлы деп өзі қойған екен. Одан соң  соңғы бес жылда аудандық май өндірісі мекемесінде инспекторлық қызмет атқарады. Алпысыншы жылдары «Абай» колхозында агроном, колхоз басқармасы төрағасының орынбасары, ал кеңшар құрылғанда №3 фермада жұмысшы, шаруашылық меңгерушісі болады.

1971-1977 жылдары Жаңатаң  бөлімшесінде түрлі жұмыс атқарып, содан кейін зейнеткерлікке шығады.  Мектеп директоры болған ауылдасы Өмірзақ Өтепбергенов Ұлы Отан соғысына қатысқандықтан азаматтық танытып, архивке өз шаруасымен барғанда Имаш  Әубәкіровке тиісті құжаттарды да тауып алып, оны екінші топтағы мүгедектікке жатқызып, тиісті төлемақыларын алуға көмектеседі.

«Әкем оған дейін оны еске алмай жүре берген» — дейді қыздары.

Еңбекте ерекше танылған Имаш аға ауылдық кеңестің депутаты болып сайланған. Оның омырауына «Германияны жеңгені үшін», «КСРО Қарулы күштеріне 50, 60, 70 жыл» мерекелік медальдары тағылса, соғыстың соңғы жылдардағы өлшеусіз еңбегі үшін 1947 жылы «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалі беріледі. Сонымен қатар «Жуков» медалі, Отан соғысының ІІ дәрежелі ордені т.б. ардагердің еңбегінің бағаланғанын көрсетсе керек.

Имаш Әубәкіровтың әулеті Жаңатаңдағы үлгілі тәрбиелі отбасының бірі болды. Жолдасы Шәрипамен 1941 жылы Жұрын жақта танысып, шаңыраққа келін етіп түсіреді. Шәрипаның әкесі Шоша деген кісі бай болған. Сол өңірдегі дәулетті адамның малының көптігі соншалық, Жем өзеніне құлағанда су ақпай, тоқтап қалатындай еді дейді екен бұрынғы үлкен кісілер. 1930 жылы дүние-мүлкін, малын тәркілеп, Алға ауданына жер аударған. Олар Тепсең деген жерде тұрған. Әкесі мен Шәрипаның ағалары аштықтың құрбаны болады.  Отбасынан Шәрипа мен Нағима ғана қалған.  Шешесі таңертеннен қара кешке дейін тапқанын балаларының аузына ұсынған. Шәукіл әжей үнемі үлкен шекпен секілді көйлек киіп жүреді екен.  Соның әр жеріне тігілген қалтаға тары, бидайды салып, жетімдерге бергенін әңгіме етіп, қиыншылық жылдар жайлы сыр ашатын дейді жиендері. Жиырма жасында жесір қалған кейуананың көрмегені жоқ. Байдың әулетінен деп көре алмаушылардың көзінен де, сөзінен де ығыр болған. Кейін Имаш енесін көшіріп алып бірге тұрған.

Көзіміз көрген Шәрипа келбеті келген көрікті де келісті жан еді. Ешкімді жатырқамайтын. 1954 жылдары Қазақстанға Ресей, Украинадан түрлі мамандар келеді. Галя, Вера деген екі дәрігерді үйіне жатқызады. Бірі орысша, екіншісі қазақша білмей, ыммен сөйлесіп, қолмен көрсетіп тіл табысады. «Кішкентай ғана тар үйде бір үйдің баласындай болып тұрғанбыз» деп сол күндерді еске алады қызы Ақбал.

«Әкем мен шешем 8 бала тәрбиелеп өсірді. Анам екінші, үшінші дәрежелі «Ана даңқы» медалінің иегері. Әкем қыздарына ерекше мейіріммен қарайтын еді,— дейді Балдай. — Керісінше ұлдарына қатты болды. Бізді қыз деп айтпайтын. Әй, бала, деп атымызды атамай жұмсайтын. Қанша қиындық көрсе де тамағымыз тоқ, көйлегеміз көк болды, жоқшылық көрмедік. Отбасы қамқоршысы бола білген әке «бұлар жатжұрттықтар ғой, барған жерінде қатарынан кем болмасын» деген оймен оқытты. Әкенің арқасында тәрбие көрдік. Мен Қыздар педагогика институтын бітіріп, Талдықорған жақтың жігітіне тұрмысқа шықтым. Кейін Алматыға қоныс аудардық. Жылына бір-екі рет іздеп келіп тұратын. Қазір сол бір жылдар есіме түссе, әкемді аңсаймын, суретіне қарап көңілімді басамын. Ауылда тұрғандықтан үй шаруасына қарайтын. Жетімдік тауқыметін көп тартқан адам болғандықтан ба, ұлдарына тапсырманы қатаң беретін. Бірақ, қайтымы тез болатын. Артынан «қарақтарым, манағы шаруаны тыңдырдыңдар ма, ұмытып кеткен жоқсыңдар ма?» деп сұрап отыратын. Немерелерінің келешегін ойлап, Ақтөбеде тұрғын үй кезегіне тұрып, пәтер де алып берді. Ауылдастары әкемді жұмыста қатал болды деп еске түсіреді. Сәл нәрсеге күйіп-пісіп қалатындығы жетімдіктің тауқыметі салдары болса керек».

«Кешегі тоқырау жылдарында жекешелендіру болып, техника, мал бөліске түсіп жатқанда жартымды нәрсе тимесе керек. Сонда «артель ұйымдасқанда жалғыз сиырымды ортаға салып ем, сол еңбегімнің де еш болғаны ма деп өкпелеп қиналған екен» дейді күйеу баласы Бекең. Ардагер 88 жасында өзі өскен ауылда дүниеден озды.

Қимас сапарға шығарып салу рәсімінде ауыл басшыларының бірі «Имекең көп қиындықты бүгінгі ұрпақ үшін көрді. Жастайынан еңбекке араласты. Жиырмаға жеткенде колхоз басқару да оңай шаруа емес. Соғыста болды, халық шаруашылығын қалпына келтіруге ат салысты. Көз алдымда ақбоз атын мініп, бір шаруаға кетіп бара жатқанда осы адам шаршамайды екен деп ойлаушы едім. Енді міне, мәңгілік мекеніне кетіп бара жатыр» деп көпшіліктің жанарына жас ұялатқан-ды. Қызмет барысында біреуге қатты, біреуге жай айтуы мүмкін.

Заман, аштық, сұрапыл соғыс, елдегі қиындық ерте есейткен ардагер Имаш Әубәкіров бейнесі оны білетіндер жадында. Ал кейінгі ұрпаққа оның өмір жолы сабақ болары сөзсіз.

— Бір қызым дүниеге келгенде баламыздың бауы берік болсын деп менің

шешемнің есімін қойыпсың. Ол дұрыс болған, ұмытпауға жақсы болар,— деп бір үзік сыр ашты қызы Ақбал.

Иә, жақсы адамның жүректе сақталары сөзсіз. Ағайыннан алыстамай, құда- жекжатымен сыйласа білген ардагердің ғұмыры балаларына ғана емес, жерлестеріне де  өнеге. Ауылға барып, Имекеңнің үйінің орынын, өсірген ағаштарын көргенде көп нәрсе көкейіңе келіп, дүние-ай, осындай қарттар да өтті-ау өмірден деп бір толғанысты, қиналысты күй кешесің. Өмір осы…

Ауданның құрылғанына 90 жыл болса, ес білгеннен бастап, соның бар шаруасына атсалысқан Имаш Әубәкіров біздің ауыл құрметтейтін үлкен жүректі азамат еді.

 Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button