Экономика

Ақтөбенің өнімдері Астанада сатылуда

Қазір ақтөбелік тауар өндірушілердің өнімі Астана нарығында кең сұранысқа ие. Елордаға айына 15-20 тонна сүт өнімдерін өткізіп отырған хромтаулық «Агрофирма Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді Ақтөбедегі он шақты фирма бүгінде тауарды халықаралық бөлшек сауда талаптарына сәйкес өндіруге көшкен.  

Жергілікті тауарлар халықаралық нарыққа жауап береді

Ақтөбеде сапалы әрі кең сұранысқа ие өнім шығарып жатқан компаниялар өз тауарларын еліміздің әрбір аймағындағы сауда нүктелеріне өткізіп отыр. Әрине, ақтөбелік өнімдер елордамыз Астана қаласы нарығында да сатылып жатыр. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың айтуынша, бүгінгі күні тамақ өнеркәсібі саласында ақтөбелік он шақты компания өз өнімдерін халықаралық бөлшек сауда талаптарына сай етіп шығарып отыр. Басқарма басшысы осындай компаниялардың ішінде Хромтау ауданындағы «Агрофирма Тау» ЖШС жұмысын ерекше атады. Аталған компанияның өзгелерге қарағанда маңыздылығы неде деген сауал қойғанымызда ол: «Қазір бұл компания аудандардағы шағын қожалықтардан сүт қабылдап жатыр. Мұны өте үлкен іс деп бағалауымыз керек. Себебі, бірінші кезекте сүтті өткізіп отырған шағын қожалықтардың жұмысына қолайлы жағдай туғызып отыр. Екіншіден, компанияның өзіне де бұл тәсіл өте тиімді. Бүгінгі күні бұл компания тауарды тек Астана, Шымкент қалаларына ғана емес, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда секілді облыстарға да жеткізіп жатыр. Өзге аймақтардан да осы компанияның өніміне деген сұраныс жоғары. Компанияның ел аймақтарына өз тауарларын өткізудің тағы бір себебі — өнімнің дәмділігінде болып тұр. Осылайша кәсіпорын нарықта ұтып отыр. Себебі, «Агрофирма Тау» серіктестігі өндірген өнімдердің құрамына құрғақ сүт қосылмайды. Алайда сүтті шағын шаруашылықтардан жинау оңай шаруа емес. Мұны айтып отырған себебім, сүт-тауарлы фермаларға қойылатын талап өзгеше болады. Мал азығынан бастап, ондағы жұмыс жасайтын мамандардың өзі талапқа сай болуы керек. Ал «Агрофирма Тау» кәсіпорны шикізатты әр ауладан жинайтын болғасын, әрине, таңдау, талғау  болады.  Сүт те дәмі мен сапасына қарай әртүрлі болады. Сондықтан сүттің сапасы өнімнің сапасына бірден-бір байланысты. Бұл фирманың бірден-бір маңыздылығы —  шаруашылықтардан осылайша сүтті жинауында болып тұр. Бұл кәсіпорын бір емес, бірнеше ауданнан сүт жинайды. Содан кейін өз өнімдерін өндірісте өңдеп, тауарлы белгімен шығарып,  сатылымға жөнелтіп отыр. Бұл жерде ескеретін бір жайт, қазір шағын маркеттер тауар өндірушілердің бәрінің бірдей өнімін алмайды. Ең әуелі байқау жариялайды. Себебі, олар тауар сөрелерінің талабына сай өнім орналастыруға тырысады. Ол үшін ең өтімді өнімді таңдайды. Бұл жерде Батыс Қазақстан облысының сауда желілері  «Агрофирма Тау» серіктестігінің  өнімдерін байқауға түскен қазақстандық, ресейлік 11 компанияның ішінен таңдап алды. Өнімді сататын компанияларға тауар өндіруші кәсіпорынның қазақстандық, болмаса  ресейлік екені маңызды емес, ең бастысы — тауар өтімді болуы шарт. Қазір аталған компанияның өнімі Астана нарығына да шығарылып жатыр.

Ақтөбелік компанияның өнімі танымал болып, елорда төріндегі сауда нүктелерінің сөрелерінен орын алуы — бұл үлкен нәтиже әрі мақтаныш.

— Ақтөбеде бұдан басқа қандай компаниялардың өнімдері Астана нарығында кең сұранысқа ие болып отыр?

— Ақтөбедегі «Рокс» компаниясының шығаратын өнімі жоғары сапаға әрі сұранысқа ие. Бүгінгі күні «Рокс» өндіретін өнімдерді астаналықтардың тұтынып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл компания астаналықтармен  бірнеше жылдан бері тығыз байланыста жұмыс жасайды.

Астана — үлкен мегаполис. Бұл — өз өнімі өтімді, нарыққа сай келетін компаниялар үшін үлкен мүмкіндік туғызатын шаһар. Осындай мегаполис қалалардың нарық талабына сай болуы үшін тауар өндірушілер не істеуі қажет? Бүгінде Еуропа қайта құру және даму банкінің қаржылай емес қолдауына ие болған «Агрофирма Тау», «Айс», «Жаңа Әлжан» секілді Ақтөбедегі өзге де компаниялар өз өнімдерін Астана, Алматы қалаларына өткізіп отыр. Себебі Еуропа қайта құру және даму банкінің көмегімен мұндай кәсіпорындар өнімді заман талабына сай етіп шығарады. Бұл жерде өнімді арнайы таңбалау, белгілеу, жарнама ұраны, тіпті қораптың түсі мен түріне дейін ірі мегаполис қалаларда халықаралық талапқа сайы шығарылады.  Мәселен, шұжық өндіретін компаниялар өз өнімін Ақтөбе нарығына сәйкес шығарса, ал сол өнімді мегаполис қалаларға өткізу үшін халықаралық ритейлге, яғни бөлшек сауда талабына сай ету керек. Сондықтан Астана, Алматы секілді ірі қалалардың нарықтағы талаптарына жауап беру оңай шаруа емес. Біздегі өнім өндірушілер халықаралық нарық талаптарына жауап беретін өнімді кең сұраныспен жергілікті жерде өндіріп отыр әрі мұндай нарықта өз үлестерін алуда. Бұл — Ақтөбе облысының тауар өндірушілері үшін үлкен мүмкіндік. Мұның өзі облыстағы бизнес саласының жан-жақты әрі кең көлемде дамығанының айқын дәлелі.

— Астана қаласының 20 жылдық мерейтойының лайықты аталып өтуіне ақтөбелік кәсіпкерлердің үлесі бар ма?

— Елордамыздың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақтөбенің «Ваниль» кондитерлік өнімдеріне Астанадан сұраныс жоғары болып жатыр. Бүгінгі күні кондитер фабрикасы мерейтойлық белгімен өз өнімдерін нарыққа шығарып үлгерді. Ақтөбе әуежайынан «Ваниль» өнімдерін сататын арнайы орын ашылды. Себебі Астанаға баратын адамдарға астаналықтар осы кәсіпорынның өнімдеріне көптеп тапсырыс береді. Кейде аяқ астынан тапсырыстар болып жатыр. Соңғы кезде «Ваниль» өнімдерін Ақтөбеден Астана қаласына апаратындар көп.     Сондықтан бұл — жолаушылар үшін жасалған үлкен мүмкіндік. «Ванильдің» Астана нарығында сұранысқа ие болуы да оңай шаруа емес. Астана — ерекше мәртебеге ие қала. Былай қарағанда, сондай мәртебеге ие қаланың тұрғындарын жергілікті өніммен қызықтырудың өзі қиын. Сондықтан бүгінгі күні Ақтөбе облысында Астананың сұранысына жауап беретін кәсіпкерлер де, кәсіпорындар да бар. Жыл сайын халықаралық нарыққа сәйкес өнім өндіретін компаниялар саны да артуда. Бүгіннің өзінде Астана қаласында тамақ өнеркәсібі бойынша онға жуық ақтөбелік компания өз өнімдерін елордаға жеткізіп отыр.

Жалпы облыста кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Биылдың өзінде шағын және орта бизнесті дамыту үшін нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін облысқа 5 миллиард теңге қаражат қарастырылды. Бұл қаржыға қол жеткізіп жатқандардың көпшілігі — ауыл шаруашылығында еңбектеніп жүрген жандар. Міне, осындай қожалықтардың өнімі Астана төрінде кең сұранысқа ие болуы — ақтөбеліктер үшін үлкен жеміс.

Қаймақ — астанадағы ең өтімді өнім

Мирболат Ақдәуітов, «Агрофирма Тау» ЖШС директоры:

— Бүгінде кәсіпорын халықаралық нарыққа жауап беретін өнім өндіруге көшті. Өнім сапасына қатаң бақылау бар. Сондықтан біз өнім өндірудің өндіріс конвейрінен сауда сөрелеріне дейінгі аралықтағы барлық жұмысына аса жауапкершілікпен қараймыз.

Бүгінгі күні «Агрофирма Тау» серіктестігінде сүт өнімдерінің 25-тен аса түрі өндіріледі. Кәсіпорын базасы Хромтау ауданының территориясында орналасқан. Аудандағы сүт зауыты өз жұмысын 2015 жылы қыркүйекте бастады. Зауытта күніне 15 тонна өнім өндіріледі. Бүгінгі күні біз жетпістен аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Оның көпшілігі — жергілікті тұрғындар.

Қысқа уақытта фирма өнімдері облыстан өзге, көрші аймақтарға, оның ішінде Астана қаласына да жеткізіледі. Қазір астаналықтардың біздің өнімге деген сұранысы жоғары. Бір айда Астана қаласына 15-20 тонна көлемінде сүт өнімдері жеткізіледі. Әсіресе, астаналық тұтынушылар біздің кәсіпорында өндірілетін майлылығы 20 пайыздық қаймаққа мол тапсырыс береді. Тапсырыс көлеміне қарай біз екі аралыққа өнімді көлікпен тасымалдаймыз. Тасымалдау ісінде өнімнің сапасын жоғалтпауына ерекше мән беріледі. Сондықтан сүт өнімдері рефрижераторлармен және арнайы мұздатқышы бар фуралармен жеткізіледі.

Қазір «Агрофирма Тау» серіктестігінің Мәртөк ауданында сүт қабылдау пункті бар. Алдағы уақытта өзге аймақтардан да осындай пункттер ашу ойымызда бар. Сондықтан бүгінгі күні кәсіпорын өндіретін өнім толықтай қазақстандық мазмұнға сәйкес келеді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button