Экономика

Астық экспорты — табысты сала

Қазіргі таңда Қазақстанда мұнай, табиғи газ және  металдардан кейін экспорт бойынша  үшінші орынды астық өндірісі алып отыр. Қазақстан — əлемдік астық нарығының басты мүшелерінің бірі болып табылады. Құнарлы жер аумағы мен қолайлы климаты солтүстік аймақтарда миллиондаған тонна астық өндіруге өте   тиімді.

Еліміздің бұл саладағы әлеуеті әлемдік нарықта ерекше бағаланып отыр. Экономикалық бірлестік және даму ұйымы (OECD) мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (UNFAO) жақында ауыл шаруашылығының болашағына жасаған зерттеу болжамдарында, Қазақстанның астық өндіруі мен оны экспорттау көлемі, Украина және Ресей елдерімен бірге  ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігін жақсартуда айтарлықтай орынға ие болып отырғандығын көрсетті.

Сарапшылардың пікірінше,  алдағы 10 жылда аталған үш елдің бидай экспорты бойынша бірге алғандағы көлемі әлемдік деңгейдің шамамен 33 пайызын құрайтын болады. Осылай талдау жасаушылар  2020 жылға қарай Ресей, Украина, Қазақстанның экспорт көлемі АҚШ-тың деңгейінен екі есе асып түседі деген болжам жасап отыр.

2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері мен оның өңделген өнімдерінің экспорты 12,5%-ға , оның ішінде өңдеу өнімдері 10,7%-ға артты.

Диқандар  21 млн тоннадан астам астық жинап,  соның 9,1 млн тоннасы экспортталды.

Республика бойынша былтырғы экспорттың негізгі көлемі бидайдан (27,7%), ұннан (19,7%), майлы дақылдардан (10,5%), арпадан (5,8%), өсімдік майынан (3,9%), мақта талшығынан (3,8%), бұршақ дақылдарынан құралды. Негізгі өткізу нарықтары – Өзбекстан, Ауғанстан, Ресей, Тәжікстан, Қытай, Иран, Қырғызстан, Түркия, Италия, Латвия елдері болды.

2017 жылы облыс бойынша 505,8 мың тонна астық жиналды. Оның 118,8 мың тоннасы  алыс-жақын шетелдерінің он еліне және Еліміздің басқа облыстарына жөнелтілді.

Облысымыздағы астық қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызметтер көрсетуге лицензиясы бар 6 астық қабылдау кәсіпорындарынан  Иран, Италия, Түркия, Ресей, Қырғызстан,Тәжікстан мен Өзбекстан елдеріне 107,3 мың тонна астық, оның ішінде  72,6 мың тонна бидай, 34,7 мың тонна  арпа экспортталды.

Биылғы жылдың 1 маусымына аталған кәсіпорындардан Түркия, Иран және Ресей елдеріне 30,9 мың тонна астық экспортталды. Оның 28,5 мың тоннасы теміржолмен, 1,5 мың тоннасы Ресейге автокөлікпен және  0,9 мың тоннасы авто контейнермен жөнелтілді. Тасымалдың бұл түрі облыста алғаш рет қолданылуда. Іс жүзінде тиімді болған жағдайда экспорттаушылар  кең көлемде қолдануға дайын.

Астық экспортының артуына астық терминалдарының үлесі зор. Қазіргі кезде ондағы жабдықтар алдыңғы қатарлы техникамен жасақталған.  «ҚазАгро» ҰХ» АҚ-ның еншілес ұйымы болып табылатын «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның терминалдарында  кідіріссіз тәулік бойы жұмыс істейтін мүмкіндіктер берілген.

Республика көлемінде 2017 жылдағы қызметінің қорытындысы бойынша «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ, жақын жəне алыс шетелдерге жалпы алғанда  120 мың тоннадан астам дəнді жəне майлы дақылдарды экспорттады, соның ішінде: Иранға 56 мың тоннадан артық арпа, Қытайға 40 мың тоннадан астам бидай мен 0,6 мың тоннаға жуық өсімдік майы, Əзірбайжанға 15 мың тонна бидай, Өзбекстанға шамамен 5 мың тонна бидай, Бельгияға 3 мың тоннаға жуық зығыр тұқымы.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге арттыру бойынша қойған тапсырмасына қол жеткізу үшін біраз жұмыстар атқару керек.

Үстіміздегі жылы мамыр айында Қытай Халық Республикасының Сиань қаласындағы  ШЫҰ мүшелері арасында ҚР мен ҚХР арасындағы сауда қатынастары перспективалары және  ҚХР нарығына негізгі қол жеткізу шарттары  қаралған конференция өтті. Кеңес барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға мүдделі отандық кәсіпорындарды инспекциялау мәселелері көтеріліп, Қытай тарапы қазақстандық өндіруші кәсіпорындарға қойылатын ветеринарлық-санитарлық талаптарымен таныстырды.

ҚХР нарығына шығатын бизнес иелері инспекциялауға өздерінің өндірістік объектілеріне өз бетінше дайындық жүргізулері тиіс.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде    аталған іс-шараларды өткізу үшін кешенді жұмыс тобын құру жұмыстары жүргізілуде.

Осы жұмыс тобы  үстіміздегі жылғы тамыз айында облысымыздағы 2 ірі лицензиялы кәсіпорындарда: «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты»  және «Одақ ЛТД» ЖШС-ларында инспекциялау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Бұл облысымыздың экспорттық әлеуетін көтеру бағытындағы жүргізілетін негізгі қадамдардың бірі болып саналады. Алдағы уақытта да осы мақсаттағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Биыл ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 40 пайызға өсіру жоспарланған.

А.СИТМҰХАМБЕТОВА,

облыстық аумақтық инспекцияның

мемлекеттік астық инспекциясы

бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button