Спорт

«Ақтөбе» алтыншы орынға көтерілді

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 2:0

Әлем чемпионатының қызығы басқаға бас бұрғызбай тұрған шақта Ақтөбенің Орталық стадионына 10500 адам жиналуы біздің жанкүйерлеріміздің өз командасын қаншалықты сүйетінін анық аңғартса керек. Ал бұл турды Қазақстан бойынша барлығы 22500 адам тамашалағанын, орта есеппен әр кездесуге  3750 адам келгенін ескерсек, Ақтөбенің жоғары жанкүйерлік мәртебесіне дау айту мүмкін бола қояр ма екен?! Бұл — бірінші ерекшелік.

Екіншіден, өткен 14-турда қарсыластар қақпасына 3 гол өткізген Маркос Пиззелли бұл жолы 2 доп авторы атанды. Осылайша ол 11 доппен чемпионат сұрмергені атағын нықтай түсті. Өйткені екінші, үшінші орындағы Адеринсола Эсеола («Ақжайық») мен Патрик Твумаси («Астана») 8 голдан ғана соққан. Екінші тынысы ашылған Маркос 9 допты соңғы 5 кездесуде соққанын да атап өткен жөн.

Үшіншіден, «Ақтөбе» ойын кестесінде бірден төрт саты ілгерілеп, 10-орыннан 6-орынға бір-ақ өрледі. Олай болатыны, жерлестеріміз, міне, қатарынан үш кездесуде жеңіске жетті.

Ал кездесу барысына келсек, «Ақтөбе» қарағандылықтарға ойланып-толғануға артық уақыт та берген жоқ, бірден шабуылға көшті. Көшкенде де жанкүйерлердің дуылдай қолдауымен бірден игертпес тасқынға айналды. 6-минутта Бағдат Қайыров қарсыластар қорғаушысы Маттео Мужектің аяғындағы допты қақшып түсіп, оң қанатпен ілгері тартты да, айып алаңына келе қалған Маркос Пиззеллиге тамаша пас тастады. Ал ақтөбелік сұрмерген қателескен жоқ, қақпаның «тоғыздығын» дәл көздеді, қақпашы Игорь Шацкий қарсы әрекет жасап та жарытпады — 1:0.

Алаң иелері бұдан соң да тыным таппады, есепті ұлғайтудың бірнеше мүмкіндіктері болды. Әттең, Саша Марьяновичтің тепкен добы маңдайшаға тиіп кері серпілсе, Сильва Рейналдо екі рет қақпашымен жекпе-жекке шығып, айласын асыра алмай діңкеледі. Рас, тайм соңына таман қонақтар да қарсы шабуылға шығуға тырысып бақты. Бірақ алыстан жасалған соққылар онша нәтижелі бола қоймады.

Екінші таймда да алаң иелері қонақтарға дес берген жоқ, шабуылды одан әрі үдете берді. Сөйтіп жүргенде 52-минутта қарағандылық жартылай қорғаушы Александр Мигуновтың аяғынан қағып алған допты Хрвое Милишевич сол маңайда, алаң ортасында жүрген Маркос Пиззеллиге ысыра салды, ал Маркос сәл ыңғайланып алды да, күтпеген жерден сол аяқпен шірене соққы жасады, жандәрмен ұмтылған қарағандылық қақпашы ауа қармап қалды — 2:0.

Бұдан кейін де есеп ұлғая түсерліктей мүмкіндіктер болды. Әттең, сол мүмкіндіктерді Силва Рейналдо, Александр Симчевич, Милан Радин, тіпті Маркос Пиззеллидің өзі сәтті пайдалана алмады. Ал 64-минутта ақтөбеліктер азшылықта қалды. Төреші Фуркат Атажанов (Шымкент) ойын тәртібін өрескел бұзды деген желеумен Александр Симчевичке «қызыл қағаз» көрсетіп, жасыл алаңнан қуды. Расына келгенде, тап осы сәтте А.Симчевич алаңнан қуылатындай әрекет жасаған жоқ болатын, тіпті ескерту қағазын көрсету де артық жаза еді. Өйткені қарсыластардың футболшысы допқа алдымен аяғы тиген А.Симчевичке өзі келіп соқтыққан. Дегенмен болар іс болды. Ал жерлестеріміз өз капитандарының орны жоқтығын білдірмеді. Қақпаны тас қорған етіп бекітіп қойды.

Осылайша «Ақтөбе» командасы кезекті жеңісін тойлады. Команданың бас бапкері Владимир Муханов кездесуден соң өткен қысқаша сұхбатында бұл жеңіске осы ойын қарсаңында футболшылармен әңгімелесуге арнайы келіп, барлық жағдайлар жасалатынын айтқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ықылас-қолдауы да мол шарапатын тигізгенін ерекшелеп айтты.

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 2:0

Голдардың авторы: Маркос Пиззелли, 6-минут (1:0); Маркос Пиззелли, 52-минут (2:0).

Ескерту қағазын алғандар: Р.Нұрмұхаметов, 32-минут; Б.Қайыров, 78-минут («Ақтөбе») — А.Володько, 51-минут; Е.Ткачук, 58-минут; Е.Тарасов, 62-минут; А.Мигунов, 79-минут («Шахтер»).

64-минутта ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін Александр Симчевич («Ақтөбе») жасыл алаңнан қуылды.

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Виталий Волков, Бағдат Қайыров, Жамбыл Көкеев (Антон Шурыгин, 78-минут), Саша Марьянович, Хрвое Милишевич, Руслан Валиуллин, Маркос Пиззелли (Дидар Жалмұқан, 90+1 минут), Милан Радин, Сильва Рейнальдо (Саят Жұмағали, 67-минут), Александр Симчевич (капитан).

«Шахтер»: Игорь Шацкий, Эгон Вух, Дамир Кояшевич, Александр Мигунов (Геворг Наджарян, 82-минут), Матео Мужек, Игорь Пикалкин, Евгений Тарасов (капитан), Айдос Тәттібаев (Сергей Шафф, 46-минут), Евгений Ткачук, Марат Шахметов, Александр Володько (Милан Стоянович, 70-минут).

1 шілде 2018 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 10 500 адам.

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Ертіс»-«Жетісу» — 0:2

«Ақжайық»-«Тобыл» — 1:3

«Қайсар»-«Қайрат» — 1:2

«Атырау»-«Қызылжар СК» — 0:0

«Астана»-«Ордабасы» — 5:3

*   *   *

16-турдан соң 46 ұпаймен «Астана», 38 ұпаймен «Қайрат», 31 ұпаймен «Тобыл» көш бастап келеді. Дегенмен астаналықтардың екі ойыны артық.

4-5 орында 22 ұпайы бар «Ордабасы» мен 21 ұпайы бар «Жетісу» тұр.

17 ұпайдан жинаған «Ақтөбе», «Ертіс» және «Ақжайық» 6-8 орындарға жайғасты.

9-10 орын иелері — 16 ұпайдан жинаған «Шахтер» мен «Қайсар».

11-орындағы «Қызылжар СК» командасы 15 ұпай, ал соңғы, 12-орындағы «Атырау» 11 ұпай жинады.

*   *   *

17-турдың ойындары 5,6,7 шілдеде, бейсенбі, жұма, сенбі  күндері өтеді.

7 шілде күні «Ақтөбе» Петропавлда «Қызылжар СК» командасымен кездеседі.

29 сәуірде өткен бірінші ойында қызылжарлықтарды 2:0 есебімен ұтқан болатынбыз.

Басқа кездесулер:

5 шілде, бейсенбі

«Ордабасы» (Шымкент) — «Қайсар» (Қызылорда)

«Тобыл» (Қостанай) — «Астана» (Астана)

6 шілде, жұма

«Қайрат» (Алматы) — «Ертіс» (Павлодар)

7 шілде, сенбі

«Жетісу» (Талдықорған) — «Атырау» (Атырау)

«Шахтер» (Қарағанды) — «Ақжайық» (Орал)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button