Әлеумет

«Чек талап ет, жүлде ұтып ал»

Акция

Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығы бірлесе, «Чек талап ет, жүлде ұтып ал» акциясын ұйымдастырды. Аталған шара қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы ірі сауда орталықтарында жүргізілуде.

Шараның мақсаты — азаматтардың тауар, жұмыс және қызмет тұтынушы ретінде жеке құқықтарын қорғау, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, көлеңкелі экономиканың алдын алу.

Акцияға кез келген тауар тұтынушысы фискальды түбіртектің қарапайым көшірмесін ұсыну арқылы қатыса алады.

— Сатып алушылар кей жағдайда қарапайым тұтынушылардың құқықтарын білмегендіктен, чек талап етпейді. Егер сатып алған тауарының сапасы нашар болып шықса немесе ұнамай қалса ақшасын қайтарып алуға чекті пайдалану керек. Арнайы салық ережесіне сай  жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер арнайы кассалық аппараттарды қолдануға міндеттелгенмен, олардың барлығы бірдей бизнестің кіріс-шығыс мәліметтерін көрсеткісі келмейді. Сондықтан чектер тек сұраныс бойынша беріледі, — дейді Ақтөбе қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Гүлзира Қоғабаева.

Оның айтуынша, ұтысқа қатысушылар «Wipon» мобильді қосымшасы арқылы акция жүргізілген мезеттегі алынған түбіртектердің суреттерін жолдаулары қажет. Ұтыстың жеңімпазы түбіртекті кездейсоқ таңдау әдісі арқылы анықталады. Осылайша неғұрлым көбірек түбіртек жолданатын болса, соғұрлым қатысушыға бас жүлде автомобиль ұтып алуға мүмкіндік бар. Жүлделер мен сыйлықтар ұтысы ай сайын Қазақстанның барлық өңірлерінде өтеді. Акцияның қорытындысы биылғы жылдың соңында мемлекеттік кірістер комитетінде өтеді.

Бірнеше рет жіберілген фискальдық чектер ұтыс ойындарына қатыспайды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button