Рухани жаңғыруӘдебиет

Оқжетпес

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында қыруар шаруа жасалып жатыр. Өткенімізге үңіліп, жоғымызды түгендей бастадық. Бабалар болмысын бажайладық. Белгілі ақын,  Қазақстан Республикасы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлының «Жүсіп би» атты поэмасы  — соның бір көрінісі.

Оқжетпес

(Жүсіп би туралы қисса)

Қадір Аллам жаратқан

Он сегіз мың ғаламды.

Ғаламға сай жаратқан

Сафиолла Адамды.

 

Күнді берген Күндей ғып,

Түнді берген түндей ғып.

Жер бетіне таратқан

Адамзатты гүлдей ғып.

 

Ұлы, ұлы ұл туған

Жүрегіне жыр тұнған.

Жарты әлемді жаулаған

Исі Түркі бір туған.

 

Тапқан мәңгі жарасым,

Бақ пенен сор, наласын…

Алаламан, бөлмен-ді

Алты алаштың баласын.

 

Сол Түркіден тараған,

Аузына жұрт қараған.

Әлім деген көк теңіз

Алмас азу абадан.

 

Жолбарыстай пішінде,

Арыстандай күшінде.

Бір атасы Жақайым,

Алты Әлімнің ішінде.

 

Әлімтауды жайлаған

Жолбарысын сайлаған…

Самарқанда Жалаңтөс

Тасқа қылыш қайраған.

 

Тәшкеннің жоқ бөтені

Ерлер туған жетелі.

Билік айтқан кешегі

Ақша бидің мекені.

 

Сол Тәшкеннің төрінде,

Нәсіп болған жерінде

Тыным тапқан Жақайым

Алтынтаудың өрінде.

 

Ол да ерлер сапында

Сөз сөйлеткен ақынға.

Жақайымның зәузаты

Жүсіп мырза хақында.

 

Бір қиссаны бастадым,

Тыңдаушы жұрт дайын ба?

Жақып сопы баласы

Ер Жүсіп би жайында…

Әлқисса, Жүсіптің ағасы Төлеген Өтеулібаласы 1917 жылы 49 жасында дүние салыпты. Төлегеннен туған Орынбасар үш айлық, анасының омырауында емізулі екен. Тағдыры жеткен Төкең: «Туыпты ақ Сазаннан Орынбасар, Артымда бала туып, қалды нашар. Жүсіпжан, соны саған тапсырамын, Шөлдесе балапандай аузын ашар» — деп бірнеше күн өлеңмен бақұлдасыпты.Таңға жуық Сазан шешеміз келіп, ауырып жатқан шалының тізесіне басын қойып жатып: «А, Құдай, Төлегенді алғанша мені ал!..» — деп жылай беріпті. Сөйтіп жатып қалғып кетіпті. Таң саз бере Сазан, артынша Төлеген де қатар үзілген екен. Сөйтіп, Орынбасар үш айлығында жетім қалып, Жүсіптің қолында өсіпті.

Ер еді ол аты да ірі, заты да ірі,

Намысты, парасатты, нәті тірі.

Қаһары қатты, бірақ қайтымы тез,

Би Жүсіп, әділ Жүсіп Жақыпұлы.

 

Бұл жайды есі бүтін ер айтады,

Ер айтса елдің қамын жеп айтады.

Деген сөз ел ішінде тарап кеткен:

«Жүсекең айтса, онда жөн айтады!»

 

Жесірдің жасын сүртіп жанарынан,

Жетімнің мұң үркіткен қабағынан.

Татитын он кісіге несібе бар

Жүсіптің бір кісілік табағынан.

 

Жүсіптің ізі даңғыл басып өткен,

Соңы жыр ғұмырының, басы көктем.

Жаратқан Зылиxа мен Балаусадай,

Екі жар, сегіз перзент нәсіп еткен.

 

Ақ жолдан ауытқымай ел кешегі,

Атаның ақ жолымен селбеседі.

Өмірден ағалары ерте кеткен,

Зылиxа — Жүсіп бидің жеңгесі еді.
Осындай болса болар xан қызы да,

Бөленген ел-жұртының алғысына.

Зүбира, Нәзипа бар Зылиxадан,

Мырзалы жалғыз бала — жалғыз дара…

 

Тағдырдың бұлты төніп аспанында,

Сұм жалған жалт бұрылды қас-қағымда.

Мәрия бала үстінде көзін жұмып,

Әлия қайтыс болған жас шағында.

 

Би Жүсіп жан емес-ті жеке көшкен,

Ұлына серік керек тетелескен.

Мырзалы қалмасын деп жалғыз болып,

Балауса анамызбен некелескен.

 

Алғашқы Үмбетырза тұмса туған

Балауса анамыздың құрсағынан.

Рәзия, Баймұратты қоса берді

Жүсіпке қызды аңсап, ұл сағынған.

 

Сөзі бар, көзі де бар — мұрағаты,

Мұрағат — бабалардың ұлағаты.

Бұл күнде ақар-шақар елге айналған

Кешегі Жүсіп бидің жұрағаты.

 

Әлқисса, ал әлеумет, соныменен,

Қабыл боп ер тілегі оңыменен.

Естияр, есті ұрпақ бой түзеді,

Бабаның салған сара жолыменен.

Әлқисса, Зылиха Смайылқызы әуелі Саханға айттырылған екен, ол мезгілсіз дүние салыпты. Содан кейін әмеңгерлік жолмен қайнысы Жүсіп алған. Зылиха қыр шектісі ішінде Тілеуге жиен екен. Туған балалары өле беріп, содан жалғыз Мырзалы қалған. Нәзипа деген қызды туғанда Зылиха қырық жаста екен. Сол шамада Жүсіп Ермағамбетқызы Балаусаны алады. Балауса босанған кезде Жүсіп үйде болмапты. Сонда айналадағы ағайын: «Балауса ұл туды ғой, Жүсіп жақын жерде болса естісін де, тысқа шығып айқайласаңдаршы» — депті. Сонда шешесі Зейнеп шығып, баласының атын айтып: «Жүсіп-ау, Жүсіп, іздегенің табылды, абыройың жабылды» — деп сүйінші сұрапты. «Ұлың жалғыз еді, енді екеу болды» дегені екен ғой…

Көненің көкіректе отын жағып,

Сыр шертіп шежіреден отыралық…

Әзелде сөз басында айтып кеттік,

Жүсіптің жан әкесі сопы Жақып.

 

Таныған адалын да, xарамын да,

Иманы жүрегінде, жанарында.

Тәу етіп, зиярат қып Түркістанда

Пірге қол берген дейді заманында.

 

Дәулеті ақылына сай болған-ды,

Жөн көрген қонақ сыйлап, жайланғанды.

Жақыптың өз әкесі Өтеулі де

Аймаққа аты мәлім бай болған-ды!

 

Қонақжай, көңілі дарxан ел бар еді,

Теңізден соққан самал жел бар еді.

Аралдан қиыр жатқан Ақбастыда

Көкарал деген көркем дөң бар еді.

 

Кідіріп жалған өмір көші мүлде,

Тербеліп мәңгіліктің бесігінде.

Осынау Көкаралда тыным тапқан

Бабалар, беу, баяғы осы күнде.

 

Өтеулі дәулетімен бұзып-жарған,

Артында айбынымен ізі қалған.

Анайы, Дарайы деп аталатын

Барақтың екі бірдей қызын алған.

 

Жәнібике жалғыз-ақ қыз Анайыдан,

Жақып пенен Төлеген Дарайыдан.

Алтынсары, Балсары, Болған ару,

Ғұмыр кешкен тағдырлы талайынан…

 

Сопының басқан жері нұрдан дейді,

Аллаға мінәжат қып тұрған дейді.

Айтармыз ол туралы кезі келсе,

Жақыптан тоғыз бала туған дейді.

 

Кей-кейде жүрегінен шуақ өніп,

Жыр жазған көрінеді бұрап, өріп.

Жақыптан тәспісі мен жалғыз ауыз

Мынадай жыры қапты мұра болып:

 

«Әлшүкір, әуел барып білдің әліп,

Оқыдың ағузы-біллә сабақ алып.

Әптиек, ақ кәләмді тамам етіп,

Сауатты анық білдің көзің танып.

 

Қайтыпты атаң еткен сізге еңбек,

Оқисың әр нақышты мейірің қанып.

Оқуға ықылассыз болып едім,

Мен жүрмін осы күнде болып кәліп».

Әлқисса, Жүсіп алдын болжап отыратын мырза-сахи кісі екен. Жамағайын інісі Раманқұл Қыдырәлібаласы «Ауан» деген жерде ауылсовет. Аралдан келген сот Жүсіптің үстінен түскен арыз-шағымды қарап, бір жарым жылға соттайтын болады. Амал қанша, буыны қатпаған Үмбетырзаны анасы Зейнепке қалдырып, кенже кемпірі Балауса екеуі Көкаралдан Ауанға келіп, төбенің басына шығып тұрғанда бір самал жел маңдайынан желпіп өтіпті. Сонда кемпіріне қарап: «Маған осы ешкім еш жамандық жасай алмайды-ау, бір самал жел бетімнен желпіп өтті, сол тегін емес» — депті. Ауданнан келген сот Ауанда Раманқұлдың үйінде қонақасы ішіп отыр екен. «Елде не жаңалық бар екен?» десе: «Тап бүгін Жүсіп Жакупов дегенді мал басын кеміткені үшін соттап келе жатырмын» — депті. Мұны естіген Раманқұл аға: «Қап-ай, одан менің сотталғаным жақсы еді ғой» – депті. Сол кезде есіктен кіре сөйлеп келе жатқан Жүсіптің төбесі көрініпті. Содан ісінің ақыры оңға айналып: «Жыл жарымға кетіп, күн жарымда қайттым» —  деп, Көкаралға кері қайтады. Жүсіптің маңдайын сипаған әлгі самал жел жақсылықтың ескертпесі екен дейді.

Жалғанды жалған дедік, арман дедік,

Алланы, о не дейсің, алған, беріп?

Алланың бергені бар, алғаны бар,

Жақыптан тоғыз перзент қалған дедік.

 

Ержетіп неке суын ішпеді де,

Арманы бірге кетті іштерінде…

Тұңғышы Сақан, сосын Молдағазы,

Одан соң Алтынғазы — үш періште!

 

Есен-сау Жүсіп пенен Иманәлі,

Жақыптың секілді бір иман, ары.

Соғыстан қайтпай қалды Әмірәлі,

Соны ойлап ғазиз жүрек қиналады.

 

Келер ме күткен кісің жолға қарап,

Салауат өткеніне, бол саламат.

Рәйла, Нәзирадан із қалмады,

Ұрпақ бар Зәбирадан — сол қанағат…

 

Бағасын, бағын айтып затындағы,

Өзі мен сөзін қозғап атындағы.

Қиссаны әрі қарай сабақтаймыз,

Би Жүсіп, әділ Жүсіп қақындағы.

Кіргізген қара сөздің әрін Жүсіп,

Жатқа да, жақынға да мәлім Жүсіп.

Қолы ашық, жомарт, саxи, мейірімді,

Алланың сүйген құлы Кәрім Жүсіп!

 

Жамандық жақсылықпен егіз деген,

Оны да Жүсіп биің негіздеген.

Қан тамған қылышынан қызыл Кеңес,

Өз малын өзіне адал жегізбеген…

 

Тізесін Жүсіп биге батырған кім,

Қонақ қып күткені үшін жақындарын.

Бір күнде қос қонаққа қос қой сойып,

Ел біледі ер Жүсіптің «шатылғанын».

 

Шықты ақыр күйе, жала арқанды үзіп,

Тарпынып текті туған тарпаң Жүсіп.

«Адалдың аты арып, тоны тозбас»,

Ақ Жүсіп, абзал Жүсіп, дарxан Жүсіп!

 

Ұмтылған кісіліктің өріне кіл,

Шықты ғой талай елдің төріне бұл.

Жүреді нөкерлерін қасына ертіп,

Жүсекең би болса да сері көңіл.

 

Ол келсе күй қалықтап, ұшады өлең,

Көңілдің кірін шайып құса көмген.

Маңғыстау, Қарақалпақ өз алдына,

Ақтөбе, Шалқар, Арал құшағы кең.

 

Бәріне жаттығы жоқ, жақынындай,
Кісіге жол ашық қой ақылы бай.

Би Жүсіп қайда барса құрмет даяр,

Бағзының жау түсірген батырындай.

Әлқисса, ел арасында «Жүсіп жын» деген сөз қалған. Ашуы да тез, қайтымы да тез адам болса керек. Қатты ашу қысқанда өз тілін өзі шайнап тастайды екен… Адамда арман көп болады ғой. Бір күні Орман молда екеуі әңгіме-дүкен құрып отырғанда Жүсіп: «Мен айналама жақсылықты көп жасадым, жақыныма еңбек қылдым, бірақ соның қарымтасы қайтпады» — депті. Сонда Орман молда: «Әй, Жүсіп-ай, қайта сен жақсы екенсің, арманың жоқ екен еңбекті жақын-жуығыңа жасаған. Ал мен жақсылықты айдалаға жасаппын, осы күні сол арман болып жүр» — депті. Қай еңбектің де қарымтасы Алладан, алайда ағайынға жасасаң арман аз болады екен ғой…

 Әлімнің алты ұлынан өрістеген,

Оралар жауға шапса жеңіспенен.

Тараған кіндігінен Жаманақтың

Үш ата Шыңғыс, Баубек, Өріс деген…

 

Төрт бала төрт жағында барыс-келіс,

Айбары алты Әлімге таныс тегіс.

Шыңғыстың жалғыз ұлы Жақайымнан

Ақбура, Тоқбура мен Ағыс, Көгіс.

 

Көгістен және тағы төрт бала бар,

Төртеуін жауға шапса, өртке балар.

Бәйімбет, Көлімбет пен һәм Торжымбай,

Назарша, берік еді сертке олар.

 

Төрт бала және де бар Бәйімбеттен,

Жаратқан Бәйімбетті пайымды еткен.

Дәл осы Бәйімбеттің Бадығынан,

Үш ұл бар, үшеуі де айбыны өктем!

 

Бадықтың Дүйсемінің Қалдыбайы,

Қалдыбай елге қамқор малды бай-ды!

Қос ұлы Қарамеңді, Сырымбет те

Ер болды ел-жұртына алды жайлы.

 

Әлқисса, меңді туған Қарамеңді,

Тамсантқан Қарамеңді тамам елді.

Ішінде алты ұлының Қоңыр бөлек,

Қоңырға байлық қонған саналы ер-ді!

 

Қос ұл бар Қоңыр байдың кіндігінен,

Күн күлген Қоңыр байдың түндігінен.

Өтеулі, Тасым деген екі бала

Еліне үлгі болған бірлігімен.

 

Білмесең өткеніңді өзіңе сын,

Тариxсыз қалай, қайтіп көз ілесің?!

Әлқисса, әуелгіде сөз еткенбіз,

Өтеулі ұрпағының шежіресін…

Әлқисса, өмірінің соңғы жылдары Жүсіп би қоныс жаңғыртып, Ақбастыдан Ақтөбе жаққа көшіпті. Ел-жұртымен қоштасып, ірге көтеріп бара жатқан сол күндердің бірінде баласы Мырзалы қалың елді, ағайын-туысты жинап әкесіне қонақасы беріп, дүйім жұрттың алдында бата сұрап тұрған сәті екен дейді.

Мырзалы — Жүсіп бидің сүйікті ұлы,
Жаратқан Мырзалыны биік қылды.
Жиналған мынау асқа жұмыла жұрт
Жүсіптің ақ сөзіне ұйып тұрды.

«Көзімнің қарашығы — сенсің, балам,
Артыңнан ойлы ұрпақ ерсін, балам.
Ал енді қолыңды жай, әлхамдулла!
Әлхамның берекесін берсін, балам!»

— Деді де би орнынан қозғалды кеп,
Қадалған Мырзалыға көз қалды көп…
Мырзалы назырқанды «Ұрпағына
Әкемнен сонда қандай сөз қалды?» деп.

«Осы ма, о, сондағы ата жолы,
Бұл өзі қандай шолақ бата болды?
Әкемнің бар айтқаны осы ма?!» деп,
Мырзалы әкесіне қапа болды.
«Алланың маңдайыңа жазары бар,
О, балам, мына жайды назарыңа ал:
Әлхамда мың бір жылдың берекесі,

Әлхамда мың бір жылдың базары бар!

Әлхамда несібе бар, жарасым бар,
Әлхамнан Алла берген аласыңды ал.
Ал саған әкең соның бәрін қиған,
Сен неге жақсы сөзге боласың дал?!»

— Деп сонда басу айтты Абыз дала,
Даланың кеудесі бай аңыздарға.
Қобыздың қияғынан дәуір көшіп,
Домбыра қоңыр күйін ағызғанда…

Өмірге бір ұл келді Мырзалыдан,
Мырзалы өмір-бақи ырзалы оған.
Күмбірлеп көкейінен жыр төгіліп,
Маржан сөз ызғып аққан тіл-жағынан.

Болмайды ақ батада қапы бұрау,
Бата мен Әлхамыңның аты бір-ау.
Әлхамның берекеті нәсіп болған
Ол ұлдың нәмі Берік, заты жырау.

Сөз айтқан заманына, ғасырына,
Айналып бір соғармыз асыл ұлға,
Берікті айтпағанмен, асылында,
Ойы мен сойы келмес жасыруға.

Әлқисса, Жүсіпбидің даналығын,
Айтайын батасының даралығын.
Жалғаған Әлхамменен Әлхамдулла
Мыңжылдық пен мыңжылдық аралығын.
Әлқисса, Көптілеу Андағұлдың Боқан руынан шыққан, заманында «ақсақ бөрі» атанған Тойқожа батырдың жұрағаты. Сол Тойқожадан — Шоңқара, Қалдан деген екі бала. Қалданнан — Арғынбай, Айдынбай деген және екі бала туыпты. Арғынбай Тораңғылдың қасында Көксай деген жерде жатыр. Арғынбайдан — Сламбай, одан Нұрпейіс. Сламбай өте туымды болған. Боташ деген жерде «Сламбай қазған шыңырау» деген шеген құдық бар. Керімбаласы Әбдіжәміл де, Мұраттың Көптілеуі де Жүсіп биге түпнағашы.

Беларан, Көтібоқ пен Біргөмдіде
Жүсіптің аталары жүрген күнде…
Көкарал, Ақбасты мен қайран Ауан
Жәннаттай жер қадірін білген кімге.

Ақын көп бұл даланы өлең еткен,
Бұл дала толған тарих, керемет кен.
«Қан мен тер» кітабына кейіпкер боп
Мұраттың Көптілеуі деген өткен.

Жайылған даңқы биік әлемге кең,
Әбекең — Әбдіжәміл, Әбең көкең.
Тарихқа мәңгі — бақи қашап кетті
Есімін Көптілеудің «Кәлен» деген.

Аспай ма ердің және бағасы енді,
Көптілеу асыл тонның жағасы еді.
Жүсіптің анасына туған іні,
Сол Кәлен би Жүсіпке нағашы еді.
Әлқисса, Жүсіп би жайындағы баянымыз осы жерден түйінделе тұрсын, енді оның ұлы Мырзалы туралы бірауыз сөз. Майдангер Мырзалы көрім аңсақ адам екен, әсіресе оның Лашын, Тұйғын деген тазы иттері туралы аңшылар тамсанып айтады. Ақтөбе жеріне көшкен әкесін іздеп келген Мырзалының алдынан ауылдан Жүсіп алып келген тазысы шығып, жата қалып еркелегенде, жеті қазынаның бірінің ел сағынғанын көріп жыламаған жұрт қалмапты…

Бұлақтай тұнып аққан сағасынан,
Қымыздай бұрқыраған сабасынан.
Мырзалы есті сөзді еміп өсті
Пәкизат Зылихадай анасынан.

Мырзалы мұңсыз өсті мархабатты,
Жүйрік ат, ұшқыр тазы — салтанатты.
Қапыда, қапияда бұрқ ете қап,
Сұм соғыс қасіретін арқалатты.

Өмірдің жеткендей боп бағасына,
Жас көңіл түсті солай сабасына.
Сол қолы, оң аяғын тастап келді
Майданның қан қақсаған даласына.

Мырзалы жарқылдаған ақ алмас-ты,
Жігітке қарап жатқан жарамас-ты.
Жалғыз қол, сылтып басып жалғыз аяқ,
Еңбектің майданына араласты.

«Аяғым, қолым шолақ, кем» демепті,
Адамға сенім екен ең керекті.
Байланыс бөлімінде басшы болып,
Халыққа отыз төрт жыл еңбек етті.

Өзі де шағын емес, айбары кем,
Батырдай жауға тиген байрағымен.
Тең тұрып, тең сөйлесіп ғұмыр кешті
Сол елдің игі-жақсы қаймағымен.

Отырса дүниені шолғандайын,
Тік тұрса үйге тіреу болғандайын.
Көргенде Мырзалыны көңіл қош боп,
Сөйлессең жан сарайың толғандайын.

Қайраты қара суды бөгегендей,
Уақытты бағытынан шегергендей.
Ақ жүзін термен жуып еңбек етті,
Шамданса, атан түйе шөгергендей.

Салғызбас жалған өмір арқаны кең,
Әкенің өмір кешті «Әлхамымен».
Бұл күнде бұл фәниден көшіп кеткен
Мырзалы — ол да әне тарпаң, ерен.
Әлқисса, Жақып сопымен бірге туған Төлеген деген шайыр інісі болған. «Мұсатай, тәуір жекжат, тамырым-ай, Мен жүрмін Барби ауылын сағынып-ай. «Штатта анау-мынау деп айттың» – деп, Ешкіні қуып алдың нағылып-ай. Тамырмен осы күні қалайсың деп, Жатыр ғой Сәйке, Дүйсем жабылып-ай» деген жыры қалған.Осы қысқа қайырымның өзінен-ақ Төлегеннің өлеңдегі қарымы көрінетіндей. Жақып пен Төлегеннің әкесі – Өтеулі. Аралдың оңтүстік жағында Ақбасты деген аз ауыл бар. Сол аймақта Көкарал деген үлкен дөң жатыр. Жүсіп бидің ата-бабаларының ескі көңі осы. Сол жерде Жүсіптің арғы әулетінің атымен аталатын «Өтеулінің қорымы», «Жақыптың жары», «Төлегеннің сайы» деген жер атаулары бар.

Өрістен қайтқан төлдей жамыратып,
Мақамын мамырлатып, маңыратып.
Диюдай дүлей, бірақ жаны нәзік
Ақшамда домбырасын аңыратып…

Сөз жалғап бір тылсым ән,ерен үнге,
Ойыңды жетелейді көне күнге.
Шомасың, шомыласың, шөлің қанбай
Тарихтың қатпар-қатпар тереңіне.

Осындай ерлер керек бұл өмірге,
Ел қамын өзек еткен тілегіне.
Қазақтың өткен-кеткен бар ғұмыры
Сыйып тұр ат басындай жүрегіне.

Айтарын ашып айтар ежіктемей,
Жарайды дос болуға сезіктенбей.
Қолында найзасы жоқ, домбыралы
Қапыда Махамбетке кезіккендей.

Жыраудай жан жүрегін жуған өлең,
Ісі жоқ, іш тартпаған думанменен.
Айналды алты Алаштың перзентіне
Аз ауыл Ақбастыда туған өрен.

Даласын, даңғыл кеуде даналарын,
Нұр дидар, асыл текті аналарын
Пір тұтып отырады мақтанышпен
Сөз қылып баяғы өткен бабаларын.

Өмірдің сонда ұғасың мағынасын,
Бет сипап «әумин» десең,ағарасың.
Түгендеп өткендерді түгел шолып,
Жаңартып кесенесін, сағанасын.

Үлгі боп қасына да, досына да,
Ақжолда жүрген адам тосылар ма?!
Үш жүздің басын қосып ана жылы
Ас бергенЖақайымға осы бала.

Қара жер, көгілжім көк куә бұған,
Қазақтың өнері үшін туа қалған.
Жақып пенТөлегендей атасынан
Сопылық, шайырлығы мұра болған.

Ақпейіл, ақ дастарқан, ақтан асы,
Берікжан Мырзалының ақ ботасы.
Берікке «Әлхамдулла» жыр боп қонды,
Кешегі Жүсіп бидің ақ батасы!


Әлқисса, Жүсіп бидің татар тұз-дәмі таусылып, ғазиз жаны кеудесінен әні-міні ұшқалы жатқан сәті екен дейді. Ақырғы сәт тақағанда адам-жаратылыстың санасына не келіп, не кетпейді. Сағымға айналып, көз алдынан аунап бара жатқан сары дүниенің арасынан атадан бәсіре болған баяғы жан серік аты – Сары тұлпар елес болып көрінгендей ме…

Би Жүсіп сезіп бәрін жатыр анық,
Біткенін тіршіліктің оты жанып…
Кісідей қол бұлғайды арғы беттен
Жарықтық Сары тұлпар оқыранып.

Тамсантқан талай мәрте қанша елді,
Сол күнді жатыр, міне, аңсап енді.
Алдына жан салмаған сары құйын,
Сырласы, Сары тұлпар — жан серігі.

«Сарыны жыл мініппін, ай мініппін,
Басына бәсі келер қай күліктің?!
Атақты Едігенің Қара аты ғой
Әкесі Сары тұлпар сәйгүліктің…».

Бәйге алған талай той мен асыңа кеп,
Тұрған сәт Сары аттың тасы өрлеп.
Жүсіпке өз қолымен беріп кеткен
Әкесі Жақып сопы бәсірелеп.

«Жүйріктің соры қалың, бағы жарым,
Ел-жұртқа ажалыңның мәні мәлім.
Мерт болдың қапияда қанды қолдан
Аузымен құс тістеген, жануарым.

Еске алсам от шарпиды жүрегімді,
Көрмесем үзер ме едім күдерімді?!
Егіліп қайтқан сәтім әлі есімде
Арқалап ер-тоқым мен жүгеніңді.

Аттанам, біліп тұрмын анық бүгін,
Сары атым, көкейіңді танып тұрмын.
Ер-тоқым, өмілдірік — бәрі де алтын,
Ар жақтан қалай өттің, жарықтығым?!

Жем беріп, сұлы беріп баққан атым,
Сен мені көкке алып ұш, ақ қанатым.
Намысын алты Әлімнің ту көтеріп,
Арына Жақайымның шапқан атым».

Қасқайып қарсы тұрып ар алдында,
Ажалға адам құсап бара алдың ба?!
… Би Жүсіп: «Таң алдында көшем» — деді,
Деді де көшіп кетті таң алдында…

Сөз жетпес би Жүсіптің ақылына,
Жел жетпес Сары тұлпар тақымында…
Көз жетпес бір сапарға бет түзеген
Оқ жетпес «Әлхамы бар» батыр ұлға.

Адамның бәрі өледі, бәрі пенде,
Алайда әлі тірі әлі күнге.
Би Жүсіп әділет пен шындық іздеп
Жүргендей Сары атымен сары белде.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ

Оқжетпес. 2018 жыл, мамыр.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button