Рухани жаңғыру

Латын әліпбиіне көшу — жаңғыру жолындағы маңызды қадам

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жылдан асып барады. Бұл мақала күллі қазақстандықтарға зор серпіліс әкелді. Мақалада қазіргі жаһандану заманында сыртқы өзгерістерді жақсы жағынан қабылдай отырып, ішкі руханият үшін айрықша мәнді ұлттық болмыс пен ұлттық кодты сақтаудың жолдары барынша айқындалып ұсынылды. Ұлт болмысын сақтау жолында қазақ әліпбиіне реформа жасау — маңызды қадамдардың бірі ретінде аталды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласы — аса маңызды саяси-идеологиялық құжат.

Мақалада: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап көрсетілген.

Рухани жаңғыру — аса күрделі ұғым, ол, ең алдымен, әр жеке адамның санасындағы өзгерістерден басталады. Елбасы өз мақаласында: «Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» — дейді. Ал бірнеше саяси-қоғамдық құрылымды, талай тар кезеңді басынан өткерген қазақ елі үшін сананы өзгерту, санаға әсер ету, ұлттық кодтың санадан берік орын алуы, алдымен, ұлттық болмыстың барлық белгілерін жинақтау, түгендеу, жүйелеу, саралау сынды істерден бастау алмақ.  Мақалада көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру барысында бір жыл ішінде: елдің атын шығарған перзенттерінің жетістіктері мен есімдерін насихаттау мақсатында «100 жаңа есім» жобасы; көне ескерткіштерді түгендеп, «Киелі жерлер географиясын» жасау, т.б. көптеген істерге жұрт куә болды.

Қоғамның әр мүшесі ұлттық байлық және жеке байлық  (материалдық байлық емес) деген ұғымдарды нақты ажыратып, танып-білуі керек. Осы екі байлықтың қайнар көзі де, сондай-ақ оларды танып-білуге негіз болатын басты құрал да — ұлттың тілі. Сондықтан рухани жаңғыру жолында әліпбиді өзгертудің маңыздылығын қоғам түсіністікпен қабылдап, бұл іске қолдау білдіріп отыр. Әліпби дегеніміз — жазу, ал жазу — халықтың тағдыры. Әліпбидің ауысуы санаға, жеке адамның дамуына, қоғамдағы орнына ықпал ететіні белгілі. Жалпы, әліпбидің әр нұсқасы адамның ойлау жүйесіне, көзге, тіпті қолдың бұлшық еттеріне дейін әсер ететіні белгілі. Демек, жаңа әліпбиге көшудің нәтижелері салмақты болмақ.

Өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарынан бастап қазақ жұрты латын жазуына көшті. Ол тұста елдің сауат ашуға, жаңаша білімге ұмтылысы жоғары болғандықтан, латыншаға көшу тез іске асырылды. Латынша таңбаларды таңдауға  қазақ зиялылары белсене атсалысты:  қазақ тілтанымының іргетасын қалаған ғалым Қ.Жұбановтың, одан бөлек  Х.Досмұхамедовтің, Қ.Кемеңгерұлының, Н.Төреқұловтың өз жобалары болды, олардың ұсыныстары арқылы ең оңтайлы нұсқа іріктелді.

Қазір де әліпбиді латыншаға көшіру барысында көптеген вариант ұсынылып отыр, тіпті бірнеше вариант көпшіліктің, қоғамның талқысына да түсті. Талқылау кезінде пікірлердің ұштасатын, ұштаспайтын тұстарының болуы — заңды құбылыс. Әліпбиді барынша жетілдірудің оңтайлы, қажетті жолдарының бірі осы.

Қазір латынша әліпбиді қолданысқа енгізу жолындағы маңызды істердің бірі — қазақ жазуының жаңа емле ережелерін және жаңа ережелердің ғылыми негіздемелерін қалыптастыру. Қоғам дамуы мен қазақ әдеби тілі динамикасының  қазіргі сипатында шетел сөздері қазақ ұлтының тілдік санасында орныққан, қазақтілді қоғам мүшесінің шетел сөздерін қолдануда  коммуникативтік қабілеті жоғары, шетел сөздерінің дыбысталуын сақтайды. Олардың қатарында, әрине, күнделікті тілдік қарым-қатынастың қажеттілігін өтейтін, қазақша баламасы жоқ сөздер де, сондай-ақ төл тілдік баламасы бар бола тұрса да, сөйлеу тілінде жұмсалатын сөздер де бар. Айталық, компьютерлік технология бойынша терминдер осы сала маманының өз қызметін атқаруы үшін қажетті; ал күнделікті тұрмыста жиі айтылатын квитанция, квартплата, афиша, банкет, сюрприз, сувенир, пробка (жолдағы кептеліс), зонт, аптека, дача, сотовый телефон, киоск, премия, капуста, помидор, укроп, варенье, клубника, редис тәріздес сөздердің көпшілікке ұсынылған, мерзімді басылымдарда кездесетін қазақша баламалары болса да, қолданысқа енбей отыр. Мектеп оқулықтарында да ғылыми терминдердің қазақша аталымдары молынан қамтылған, алайда ғылыми сараптамалар мен сауалнамалар арқылы ол ұғымдардың қазақ тілінде жасалған жаңа атауларын мектеп оқушыларының сабақтан тыс жағдайда соншалықты қолдана бермейтіндігі анықталған.

Елбасы жұртшылыққа зор ой салған бағдарламалық еңбегінде екі ережені түсініп, байыбына барудың қажеттігін айтқан еді: «Біріншісі — ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі — алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Осы пікірдің, әсіресе, қазақ әдеби тілінің құрамындағы халықаралық терминдердің емлесін, айтылуы мен жазылуын реттеудің өзектілігіне қатыстылығын ерекше ескеру керек.

Қазақ әдеби тіліндегі шетел тілі сөздерін жаңа әліпби бойынша таңбалауға қатысты бірнеше пікір-ұсыныс айтылды. Оның бірі — шетел сөздерінің баршасын дерлік қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкестендіріп, айтылуы бойынша таңбалау; екіншісі — кирилше жазылып келген шетел сөздерінің таңбалануын сол қалпында қалдыру; үшіншісі — шетел сөздерінің түпнұсқа тілдердегі қалпын, жазылуын қолданысқа енгізу, нормалау.

Қай пікірдің де ұтымды, қажетті тұстары аңғарылады.

Орыс тілі арқылы енген шетел сөздерін қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына бейімдеудің қалыптасқан дәстүрі бар, мәселен, өткен ғасырлардан бері, әсіресе, күнделікті тұрмыстық шетел атаулары төл тілдің айтылу заңдылықтарына бағындырылған, сондықтан кәмпит, жәрмеңке, пошта, нөл, нөмір, пойыз, станса дегендердің басқа тілдік негізі кей реттерде аңғарыла бермейді. Бұл қатар  соңғы жылдарда бірте-бірте толығып келеді, бұған шенеунік, зауыт, режім тәріздес мысалдар дәлел бола алады. Осы заңдылық арқылы  жіңішкелік белгісі (ь) бар сөздерді де бірізді етуге мүмкіндіктер бар, мысалы, морал, филм, валс, асфалт, алпинис.

Дегенмен шетел сөздерінің барлығы бірдей қазақ тілінің табиғи дыбысталу заңдылықтарына бағына бермейді. Кірме сөздердің дені — ғылыми-техникалық аталымдар. Соңғы жылдары қазақ мәдениетінде гастрономиялық атаулар молынан көрініс табуда. Сэндвич, чизбургер, фаст-фуд, фишбургер, мангостин, маракуйя, артишок, питахайя, папайя, ростбиф, панкейк, чизкейк секілді сөздер тұрмыстық-мәдени орындарда жиі қолданылады. Оларды дыбысталуы арқылы қалыптастыру әлемдік стандартқа сәйкес келе бермейді және шапшаң түсінуге де кедергі болады. Кейбір халықаралық аталымдарды айтылу заңдылықтарына бағындырар болсақ, бірнеше вариант пайда болуы мүмкін. Мәселен, алюминий атауын қазақша айтқанда, алиумини-алумин-әлумин қатарлары пайда болады.

Ал кирилше жазылып жүрген шетел сөздерінің таңбалануын сол қалпында (алюминий, корпорация, мониторинг) қалдыруға келгенде, бұл орайда қазақ қоғамының ұтатын тұсы — қазақтілді ортаның қазірге дейін қол жеткізген жоғары сауаттылығына нұқсан түспейді.

Шетел сөздерінің түпнұсқа тілдердегі қалпын, жазылуын қолданысқа енгізу, нормалау жайы да сөз болып келеді. Сomputer, Facebook, Twitter, Google, instagram, Investor, Marketing, Fitness, Notebook, Traffic,  Grant, Crossword, Test, compania, credit, transfer, holding, Referat, Sputnik дегендер қазіргі жазу практикасында ішінара болса да көрініс тапқан.

Осы пікірді ұсынғандағы бір мақсат — латын әліпбиі арқылы ағылшын тілін үйренуді жеңілдету жолдарын қарастыру.

Заңмен бекітілген емле ережелерімен қатар, қоғам өмірінде тілдің үлес-салмағының өзгеруіне, ұлғаюына қарай туындап отыратын өзгешеліктерді таратып, түсіндіріп, осы арқылы тілді пайдаланушының сауаттылығын арттыруға, әдеби нормаларды қалыптастыруға ықпал ететін көмекші құралдар қажет. Таяу болашақта латыннегізді әліпби арқылы білім беруге арналған оқулықтар мен оқу құралдары, түрлі анықтамалықтар мен сөздіктер жасау ісі басталған және олар қолданысқа түскен кезде, шет тілдерінен енген сан алуан сөздердің реттелуінің қаншалықты маңыздылығы мен қиындықтары айқын көзге түсетін болады. Емле ережелерін реттеу, тиімді нұсқаны әбден сарапқа салу бірқатар маңызды іс-шаралардың — ұлт мәдениеті мен ұлттық біртектілікті танытатын орфографиялық сөздік, орфоэпиялық сөздік, шетел сөздерінің сөздігі, емлесі қиын сөздер сөздігі, анықтағыштар, басқа да әдістемелік құралдар түзу мен жасаудың, мамандар даярлауға атсалысудың жемісті және игілікті болуына жол ашады.

А.АЛДАШЕВА,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button