Спорт

Мемлекеттік рәміздер — ұлттық мақтанышымыз

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Астана қаласының 20 жылдығы және «Бақытты бала» жобасы аясында облыстағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері арасында «Рәміздер — ел нышаны, спортшылар — ел беделі» атты спорттық-патриоттық байқау өтті. 

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға 8-18 жас аралығындағы 18 команда қатысты. Байқауда оқушылар патриоттық тақырыпта мәнерлеп өлеңдер оқып, қазақстан тарихы пәні мен еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы тест сұрақтарына жауап берді.

— Бүгінгі шараның басты мақсаты — өскелең ұрпақтың танымдық қызығушылығын дамыту, мемлекеттік рәміздер бағытындағы ой-өрісін кеңейту. Еліміздің көк байрағын желбірететін осы — спортшылар. Сондықтан рәміздерге деген құрметті жас ұрпақтың бойына дарытудың маңызы зор, — деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы Нұрғиса Пұсырманов.

Сайыс қорытындысы бойынша Есет батыр атындағы дарынды баларға арналған облыстық мектеп-интернат-колледжі жеңімпаз атанды. 2-орынға облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ие болса, Цеханович атындағы Шалқар қаласының №1 мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі мен №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві спорт мектебі 3-орынды алды.

— Бүгінгі жарысқа «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен келіп тұрмын. Үш жылдан бері жүзумен айналысамын.

Әрбір жас өз елінің шынайы патриоты болуы тиіс. Туымыз көптеген халықаралық деңгейдегі шараларда көкке көтеріліп, Әнұранымыз орындалғанда ерекше мақтанышқа кенелеміз. Менің де басты мақсаты — биік белестерді бағындырып, елімізді шетелдерге таныту, — деді байқауға қатысушылардың бірі Әлішер Алпысбай.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Астана, Алматы, Маңғыстау қалаларына экскурсияға жолдамалар берілді. Ал байқауға қатысушылар облыстағы тарихи-мәдени жерлерді аралауға мүмкіндік алды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button