Тарих

Үлкендіктің үлгісі еді…

Алдыңда ағаң болған қандай жақсы…

Осы бір өлең жолдарын тыңдаған сайын көз алдымызға ел ағалары атанған, көпшіліктің қамқоры, жалпы жұрттың жанашыры болған алдыңғы буынның өнегелі өкілдері келеді. Солардың бірі Райыс аға Сүйінтаев болатын. Ол облыстық салалық кәсіподағының төрағасы қызметін атқарған кезінде жақынырақ танысып, содан кейін жиі сұхбаттасып тұратынбыз. Сонда сөз арасында суыртпақтап отырып ол кісінің өмір деректерін біраз біліп алғанмын.

Бір әңгімесінде Ырғыз ауданындағы Сталин орта мектебін 1951 жылы бітіріп шыққанын айтқан. Мектепте Абай өлеңдерін тиянақтап, жан-жақты оқытқанын әсерлі түрде баян еткені де жадымда. Жас жігіт шағында да, егделеу тартқан тұсында да сол Абайдан қол үзбепті. Қара сөздерін қайталап оқып, күнделікті өмірінде бағдар етіп ұстаған. Өлеңдеріне ой жүгірте отырып, өзіне ұлы ақынның сын көзімен қараған.

Сондықтан да болар, 1995 жылы сонау Семей жерінде Абайдың 150 жылдық мерейтойы өтеді дегенде, сабыр тауып отыра алмады. Зайыбы Сараны, немерелері Төлепберген мен Жанарды жанына алып, өзінің «Жигули» көлігімен жолға шығып кетті. Рудный қаласында тұратын институтта бірге оқыған жолдасы, тау-кен инженері Әлсабыр Дәрменбаев пен зайыбы Роза бұларға қосылды.

Осы сапардан оралған соң Райыс аға бізге жол әсерлерін баяндап берген. Абай-Шәкәрім кесенесінде болғанын, Абайдың тұрған үйінің орнын көргенін айтқан. Гала-концертке қатысыпты. Өзбектің «Ялла», Ресейдің «На-на» ансамбльдерінің өнерін тамашалаған.

«На-на» тобының жетекшісі Бәри Алибасов Семейдің жігіті екен.  Әкесі қазақ, шешесі татар. «Сол жігітпен дәмдес болып, сұхбаттастық» деп бір айтып қалғаны жадымызда.

Біздің байқағанымыз, Райыс аға бір ғасырда бір болатындай ұлы тойға ас ішіп, аяқ босатуға бармаған. Тіпті ешкімнен ешнәрсе дәметпей, өздері апарған палатканы тігіп жіберіп, сонда демалған. Ас-суларын да өздері қамдаған.

«Біз құрмет дәметіп немесе біреуге салмағымызды салайық деп барған жоқпыз, басты мақсатымыз – Абай рухына дұғамызды бағыштау, тірінің өліге жасаған құрметі еді. Шүкір, оны да орындадық» деп марқайып отырғаны бар.

Біз Райыс ағаның осы бір қасиетін бүгінгі күнге де үлгі болатын ұстаным деп қабылдаймыз.

Абайды тиянақтап оқыған адамның өлең жазбауы мүмкін емес қой. Бұл кісі де қалам тербеуден құр алақан емес еді. Өлеңдерінің бірсыпырасын оқып көрдік, тақырыбы — туған жер, өскен өлке, ұшқан ұя секілді мәңгілік тозбас құндылықтар төңірегінде болатын.

Абай өтті өмірден,

Өшпейді бірақ көңілден… —

деген жолдары өзінің жүрегінің түкпіріндегі шын ниетінің жоралғысындай еді.

«Аға, Абайдан басқа қай ақынды жақсы көресіз?» деп сұрағанымыз бар бірде. Ол қазақ ақындарының барлығын да оқып тұратындығын айтты да, солардың ішінде Сырбай Мәуленовке бүйрегі ерекше бұратынын білдірген. Ақынның «Соғыстан қайтқан солдаттар» деген өлеңіне қатысты ойларын ортаға салып, мыңдаған адамның жүрек жарасын, көңіл сағынышын сипаттайтын туынды ғой деп тебіренген…

Енді Райыс ағаның өмірбаянына аз-кем тоқтала кетелік. Ол Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын  бітіргеннен кейін жолдамамен Қарағандыда кен орнында еңбек етеді. Сол жерге тұрақтап жұмыс істеп, қала берер ме еді, егер әкесі Тәңірберген мазасызданып, Ақтөбеге қайта-қайта шақырмаса.

Уақытында соғысқа қатысып, ел қорғаған, туған жерге жеңіспен оралған соң Ырғыз ауданында ауылдық кеңесте қызмет атқарған, ферма меңгерушісі болған, ауылдың басқа да сан-салалы шаруаларының тізгінін ұстаған майдангер сірә, қартайған шағымда балам сырт жаққа сіңісіп, елге жат болып болып кетер деп қауіптенсе керек.

Тәңірбергеннің үлкен шаңырағында өмірге Маржан, Райыс, Илияс, Сәнім, Аманша, Жеңіс, Кеңшілік, Аманкүл, Аманжол, Аманкелді, Ырыскүл секілді перзенттер бірінен соң бірі келіп, бала күлкісі молырақ естілгенімен, әке байғұс солардың әрқайсысын бір жалғыздай сезінген болса керек.

Сонымен, әке айтты — болды. Жігерлі жас маман Ақтөбеге келген соң кәсіподақ саласында еңбек етті, Ақтөбе қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болды, қаладағы Пролетар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Сондай лауазымды қызметтерде жүріп ол талай адамдарға жақсылық жасапты, қолдау көрсетіпті.

Ол дүниеден өткен соң да оның атына алғысын білдіріп, жан-жағына жақсылығын айтып отыратын жандар аз болмапты. Олардың арасында әртүрлі ұлт өкілдері кездеседі.

Пролетар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып жүрген кезде бір зауытқа жиналысқа барады. Жиналыс соңынан бір жұмысшы  келіп жолығып, арыз айтады. Ол көлік алуға өтініш бергеніне көп болған, соған жәрдемдесуді сұрайды. Рекең зерттеп көрсе, ол алдыңғы қатарлы жұмысшы екен.  Содан көп кешіктірмей шешім шығарып, «Жигули» автомашинасын әпереді. Бір күні жаңағы жұмысшы бір конверт ұсынады. Ішінде  ақша болады. Рекең ол кісіге «Мен саған машинаны ақша үшін емес, сенің еңбегің, адамгершілігің үшін әпердім», — деп оған кейіп, кеңседен қуып шыққандай етеді.

Бір кездескенімізде Райыс аға облыстық «Ақтөбе» газетін 1960 жылдан бері тұрақты оқитынын айтқан еді. Сондай-ақ, «Ана тілі» газетінің шыға бастаған кезінен барлық сандарының тігіндісін жинап жүретінін білдік.

Бүгінде Райыс ағаның шаңырағының шырайын кетірмей, ұстап отырған Сара апай үлкен әулеттің ақылшысы, жақындарының жанашыры. Ағаның мәпелеп өсірген үш тал гүлі — Айгүл, Ләззат, Мира бүгінде кәсіптерінен береке тауып, әкенің абыройлы атағын жақсы жалғастырып келеді.

…Райыс аға өмірден өткелі ширек ғасырға жуықтап қалыпты. Егер ол арамызда жүргенде биыл сексен бес жасқа толар еді. Өлшеулі ғұмырында елге аға болудың бір үлгісін көрсеткендей сондай жүрегі жылы жандар айналамызда көп болса екен деп ойлайсың кейде…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Райс ага карапайымда,кайырымды жан ед!.Онын алдына барган адамдарга жардемдесетинин оз басымнан откергенмин.1975 жылы жанадан ашылган мектепке курал-жабдыктар алу ушин Актобе каласындагы базистик дукенге келип,керегимиздй алганбыз.Оку басталар уакыт таяу,егин жинау науканыда кызып тургандыктан колик маселеси киындык тугызды.
    Ага алдына отинишпен кирип,жана оку жылына керек жабдыктарды жеткизуге жардем сурадым.Жагдайды тусинген ол киси дереу авто мекемеге конырау шалып жардемдести. Сонда Райс Суйнтаев Актобе каласындагы Пролетар ауданынын екинши хаитшысы болып кызмет аткаратын.Болтирик шешен айткан; «Жаксы деген кисинин алды-арты бирдей жарык болар»доп келип тур.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button