Әлеумет

Бизнеске жағдай жасау көзделді

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері Байғанин ауданы кәсіпкерлерінің  мақсат-мұраттарын, талап-тілектерін білді.

Осы топ бес күн бойы ауылдарды аралап, түсінік жұмыстарын жүргізді. Кәсіпкерлермен, шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Кәсіпкерлік басқармасының, аграрлық несиелеу корпорациясының, ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының, сондай-ақ  «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы мен «Даму» кәсіпкерлікті  дамыту қорының Ақтөбе филиалдарының өкілдері  2017-2021 жылдарға белгіленген жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасындағы өзгерістерді түсіндірді. Мал шаруашылығын дамытуға, лизингпен ауыл шаруашылығы техникаларын алуға байланысты кеңестер берді. Шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылып отырғанын айтып берді.

Жұмыс тобы төрағасының орынбасары, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев, байғаниндіктердің кәсіпкерлік мәселесіне мейлінше зейін қойып, мүдделілік танытқанына маңыз берді. Жергілікті тұрғындар несие беру, бизнес-курстардың оқыту жағдайларына айрықша ықылас бөлген.

— Мәселен, Дияр ауылы — облыс бойынша ең шалғай елді мекен. Бір сүйсінерлігі, осы ауылдың әр шарбағында  көп мал ұсталады. Сондықтан да ауыл тұрғындарының сауалдарының дені малға субсидия беру  мүмкіндіктеріне келіп тіреледі. Шағын несиелеу мекемелерінің өкілдері жергілікті жерлерде қолма-қол рәсімдеу жүргізіп, қандай құжаттар жинастыру қажеттігін айтты. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры  немесе несиелеу серіктестігі арқылы алты пайыздық несиеге рәсімдеу мүмкіндіктерін көрсетті — деп, бізге ауыл тұрғындарымен жүргізілген жұмыстарды баяндады Асқар Көкеев.

Сартоғай ауылдық округінде топ мүшелері Алтай батыр аулының тұрғындарымен кездесті. Жергілікті тұрғындар осында өткен семинар-тренингте бизнес бастаудағы  қиындықтарды жеңілдету, жеңу жолдарымен танысты.

Миялы, Матайқұм ауылдарында якорлық кооперация мүмкіндіктері туралы әңігіме болды. Жаңажол ауылдық округінің Оймауыт елді мекенінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында  несиелерді рәсімдеу кезінде туындайтын проблемалар, оларды шешу жолдары  ортаға салынды.

Ең тығыз-таяң, көп шаруа аудан орталығы Қарауылкелдіде атқарылды. Осында тігін шеберханасында, әсемдік салонында, кемпингтерде, балабақшалары мен шығармашылық үйірмелерінде, спорт клубтарында шеберлік кластары өткізілді. Ауданда кәсіпкерлік пен қызмет көрсетуді дамытудың өзекті картасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізілді.

— Шеберлік кластарының тақырыптарын біз ауылдықтардың өздерінің  қажеттіктері мен тілектерін ескере отырып әзірлегенбіз. Бизнес-жаттықтырушылар ретінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер шақырылды. Олар өздерінің жеке іс-тәжірибелерімен бөлісті. Жобаға мүдделілік танытқан қандай да бір ауылдық тұрғындарға кәсіпкерлер қамқорлық көрсетіп, олардың одан әрі өз ісін ашуына жәрдемдесуге мүмкіндік жасалды, — дейді Асқар Көкеев.

Сондай-ақ азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау кезінде де ауылдық кәсіпкерлердің бірқатар проблемалық мәселелерін шешудің сәті түсті. Мысалға, «Сәтжан» шаруа қожалығының басшысы Оралы Нұрмановқа бұған дейін бұрғыланып қазылған мал суаруға арналған ұңғының құжаттарын алуға  көмектесті. Ал бұл құжат оған субсидия алу үшін қажет болатын. Сол сияқты «Дәулет-77» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Ақпановқа ауыл шаруашылығы техникаларын алу үшін несие алуды жеделдетуге жәрдем берілді. Бір айдың ішінде кәсіпкер «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Ақтөбе филиалы арқылы лизингке трактор алады. Мұнымен бірге, барлық тілек білдірушілер Байғанин ауданының орталығында маусым айында өтетін «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы курсына жазылды.

Әрбір ауыл адамының кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне байланысты кәсіби көмек алуына мүмкіндік туды.

Айжан ШАУКУЛОВА,

Байғанин ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button