Рухани жаңғыру

Делегаттар әлеуметтік ғимараттарды аралады

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының 1 жыл толуына арналған конференция қонақтары бейсенбі күні түстен кейін «Халықтық кеңсе» мемлекеттік қызмет көрсету орталығы жұмысымен танысып, «Сымбат» мектебіне барды.

«Халықтық кеңсе» — «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Мемлекет басшысы белгілеген тапсырмаларды орындау аясында жүзеге асырылған бірегей жоба. Басты мақсат — азаматтардың «бір терезе» принципі бойынша мемлекеттік қызметтерді сапалы және қолайлы түрде алуын қамтамасыз ету.  2017 жылдың 27 қыркүйегінде ашылған «Халықтық кеңседе» бүгінде қызметтің 20 түрі көрсетіледі. Бұл жерде тұрғындар мемлекеттік қызметті алу үшін түрлі сатылардан өтіп жүрмейді. Өтініш берсе болғаны, мамандар тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды.

Тұрғындар үшін қызмет көрсететін «Халықтық кеңсе» мемлекеттік қызмет көрсету орталығы жұмысымен танысқан делегаттар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең маңызды бағытының бірі  — «Тәрбие мен білім» саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін «Сымбат» жеке мектебіне барды.

Батыс-2 ауданында орналасқан  мектепте бүгінгі таңда 436 бала білім алуда. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап жаратылыстану бағытын толықтай ағылшын тілінде оқыту жоспарланған. Барлық кабинеттері заманауи тұрғыда жабдықталған білім ордасының 36 оқушыға лайықталған арнайы кино залы бар. Сонымен қатар қыркүйек айынан бастап «Рухани жаңғыру» кабинеті жасақталған.

«Рухани жаңғыру» кабинеті төрт бағыт бойынша жұмыс жасайды. 2017 жылдың қыркүйек айынан өз жұмысын бастаған кабинетте Ақтөбе облысының  электронды картасы жасақталған. Бұл жерде біздің балалар облыстың кез келген ауданында  орналасқан ескерткіштерді осы карта арқылы электронды түрде таба алады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «100 кітап» жобасы  идеясын негізге ала отырып,  «Сымбат» мектебінің оқушылары оқуға міндетті деген 100 кітаптың тізімін жасақтап, электронды нұсқасын жасап шығардық. Бұл жерде кез келген оқушы қолындағы смартфонына электронды кітаптың штрих кодын сканерлеп алып, оқи алады. Және аудио түрінде тыңдай алады, — дейді мектеп директоры Берік Оразов.

Бұдан соң делегаттар «Жұбановтар әлеміне» барып, халқымыздың ұлттық өнері дәріптелген концерттік бағдарламаны тамашалады.

Өзара тәжірибе алмасу қашанда қажет. Осы уақытқа дейін әр аудан өз қазанында қайнап, өздігінше жұмыс жасап келсе, бүгін сол жұмыстарын көрсетіп, өзге аудандағы әріптестерімен пікір алмасуға мүмкіндік туды. Ой-өрісіміз кеңейіп қалды. Біздің Қобда ауданында да «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі жұмыс жасайды. Ол жерде осы бағдарлама аясында атқарылып жатқан барлық жұмыстарды жинақтап жатырмыз. 2017 жыл Қобда ауданы үшін рухани серпіліс, жаңғыру, жаңару жылы болды. Шежірелі  ауданымыздың тарихын қастерлеу бағытында көптеген жұмыстар жасадық. Оның бір көрінісі деп «Мәңгілік ел» мемориалдық кешенін айтуымызға болады. Сонымен қатар ауданға кіреберісте Қобыланды батыр ескерткіші, ал Орал жаққа қарай шығаберісте Исатай Таймановтың ескерткіші орнатылды. Жыл сайын жұмыс ауқымы кеңейіп келеді. Биылғы жылға да көптеген шаралар жоспары бекітілді,  — дейді Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақшолпан Оразова.

Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына орай облыс көлемінде ұйымдастырылған шараға әр ауданнан 10 адамнан делегация шақырылды. Басты мақсат — өзара тәжірибе алмасу. Делегация құрамында — аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімінің басшылары, аудандық жобалық кеңсе басшылары бар.

Ақтөбе облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бас менеджері Нұрлыхан Хасеновтың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары өңірде әлі де  жалғасын табатын болады.

Ең бастысы — заманға сай лайықты өмір сүру үшін өзгеру қажет екендігін түсінген өңір тұрғындары бағдарламадағы мақсаттарға үлкен қолдау көрсетіп, жергілікті атқарушы органдамен бірлесе жұмыс жүргізуде.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button