Денсаулық

Бұрын-соңды жасалмаған күрделі ота

Облыс әкімдігімен бірлескен меморандум аясында ресейлік дәрігерлер тегін ота жасады  

Облыстық жедел жәрдем ауруханасында Ақтөбеде бұрын-соңды жасалмаған күрделі ота сәтті өтті. Бұл — жоғары технологияның нәтижесі. Сондай-ақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сыртқы байланысты нығайта түсудегі еңбегінің жемісі. 

Біздің ауруханаға жол апатына ұшырап, беломыртқасы сынған науқас түсті. Ол кісіге Ресейдің Орынбор облысынан шықырылған дәрігер Денис Давыдов ота жасады. Біз ресейлік әріптестерімізді науқастың жағдайына байланысты арнайы шақырттық. Олар екі облыстың арасындағы меморандум аясында тегін ота жасады. Ота үшін қажетті құрал-жабдықтарды, дәрі-дәрмектің бәрін ақысыз алып келді, — дейді облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рақымжан Арыстан.

Ресейлік маман ақтөбелік хирургтерге жоғары технологиялық әдіс бойынша жасалған осы отаға байланысты шеберлік сабағын өткізіпті.

Аурухананың бас дәрігерінің айтуынша, беломыртқаның сынуына байланысты бұған дейінгі оталар қарапайым әдіс бойынша жасалған. Бұл жағдайда омыртқаға тіреуіш ретінде темір пайдаланылатын болған.

Дегенмен, бұл науқас үшін қолайсыздау болатын. Себебі, темірдің аты — темір. Қимыл-қозғалысқа қиындау тиеді. Әрі мұндай отадан соң науқас ұзақ уақыт, 8 айдан астам уақыт емделеді. Ал кешегі жасалған отадан кейін науқас 4 сағаттан кейін орнынан тұрып кетті, — дейді Рақымжан Арыстан. Оның айтуынша, беломыртқасы сынып, ауруханаға түсетін науқастар көп.

—  Жол апаты жиілеп кетті. Құрылыс алаңдарында құлап, мертіккендер де кездеседі. Сол себепті, бұл күрделі отаны жасау үшін ресейлік мамандар қолданған жоғары технологиялық әдісті біз де енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін алдымен мамандарымызды оқытып, қажетті жабдықтарды сатып алуымыз керек.

Жалпы, соңғы жылдары біздің облыс көршілес Ресеймен, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Қытай, Израильмен түрлі салада тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр. Медицина саласында да үлкен жұмыстар атқарылуда. Мұның бәрі — біздің облыстың әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмысының нәтижесі, — дейді аурухананың бас дәрігері.

Тәнзила Әбдібаева:

— Әйтеке би ауданына қарасты Қарабұтақ ауылынан Ақтөбеге келе жатқанда жол апатына ұшырадым. Аудан орталығындағы ауруханада бір аптадай жаттым. Содан мені осында, облыстық жедел жәрдем ауруханасына әкелді. Шүкір, жағдайым жақсы. Жоғары технологиялық әдістің арқасында отадан кейін небары 4 сағаттың ішінде орнымнан тұрдым. Қуанышымда шек жоқ. Сол себепті, осындай мүмкіндікке ие болғаным үшін, науқастардың сапалы медициналық көмек алуына барлық жағдайды жасағаны үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғысым шексіз. Сондай-ақ, маған ота жасаған, емдеген дәрігерге, медицина қызметкерлеріне  ризашылығымды білдіремін.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button