Әлеумет

Болашақтың бағдары

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы

Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын халыққа жеткізіп түсіндіру мақсатында облысымызға келген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сапары біздің ауданымызда да жалғасты.

Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев Қызылжар ауылдық округінің орталығы Құрылыс селосының және аудан орталығының тұрғындарымен жүздесті. Бес әлеуметтік бастаманың маңызын айта келіп, ол Елбасының Үндеуінде айтылған әр бастаманың  еліміздің әр тұрғынына қандай жаңа мүмкіндіктер беретініне   тоқталды.

— Баспаналы болу — әр адамның басты арманы. Сондықтан бірінші бастамада тұрғын үй мәселесін шешу үшін тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру көзделіп отыр. Осы мақсатта Елбасы «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама бойынша  несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-15 пайыз емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болады. Сонымен қатар, бастапқы жарна баспана құнының 30-50 пайыз мөлшерінде емес, 20 пайыз мөлшерінде ғана талап етіледі. Ай сайынға төлемді азайту үшін несие мерзімі 25 жылға ұзартылады, — деген Мәжіліс депутаты жалақысы төмен еңбеккерлердің еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту,  жоғары білім алудың қолжетімділігі мен білім сапасын арттыру, студенттерді жатақханамен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында шағын несие беруді көбейту, ел тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатындағы қалған бастамаларды да кеңінен баяндап өтті.

Кездесулер барысында көпшілікке ортақ көкейде жүрген мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Құрылыс ауылында болған кездесуде зейнеткер Темірбек Зейінов ауылға газ тарту, интернет желісін орнату мәселелері туралы сөз қозғады.

Аудан орталығындағы «Ырғыз-Торғай табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесінде өткен кездесуде  резерват директорының орынбасары Мереке Жұбаниязов Елбасы бастамаларын ұжым болып талқылағандарын айта келе, ауданымыздағы ерекше қорғалатын аумақтар туралы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін депутаттың назарына аударды.

Тұрғындар сауалдарына жауап берген Омархан Өксікбаев:

— Елбасы көтерген  бастамалар — болашақтың бағдары . Осы жолда  ынтымақ пен бірлікті ту етіп, еселі еңбек етуіміз қажет, —  деп жұмыс сапарын қорытындылады.

Т.БЕКЖАНҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

 Сабақтас мәселелердің салмағы

Бейсенбі күні Ойыл ауданына арнайы келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шавхат Өтемісов пен Кеңес Абсатиров Саралжын ауылдық округінде болып, тұрғындарға Президенттің бес әлеуметтік бастамасын нақты мысалдармен әңгімелеп, түсіндірді.

Бес әлеуметтік бастаманың маңызы мен мақсатына тоқталған Шавхат Өтемісов ел талқысына ұсынылған бағдарлама жобасы тұрғындардың ұсыныс-тілектері негізінде толықтырылып, мамыр айында бекітілетінін жеткізді. Халық қалаулыларының осындай кездесулерінде айтылған ұсыныстар сарапталып, Үкіметте пысықталатын бағдарлама негізінен әлеуметтің аз қамтылған тобына арналғанын аңғару қиын емес. Мәселен, тұрғын үй үшін берілетін несиенің мерзімі ұзартылып, алғашқы төлемі мен үстеме пайызы қысқартылуы осыны көрсетеді. Бұл жас отбасылар үшін қолайлы болатынына қазіргі екінші деңгейлі банктердің ұсынып отырған ипотекалық несиесімен салыстыру арқылы көз жеткізуге болады. Өйткені, қазіргі қолданыстағы ипотекалық несие екінің біріне қолжетімді емес. Соған қарамастан өткен жылы 11,6 миллион шаршы метр тұрғын  үй пайдалануға берілген. Кешегі кеңестік заман тұсында Қазақстанда мұндай көлемде тұрғын үй құрылысы жүргізілген жоқ. Әйтсе де, әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша елімізде бүгінгі таңда әлі де 2,6 миллион адам баспанаға мұқтаж. Ол Қазақстан халқының 14 пайызын құрайды.

Бұл бағдарламаның халықтың көңілінен шығуы осындай қиындықтарды еңсеруге бағытталғандығынан болса керек.

Сонымен қатар жоғары білім алушыларға қосымша 20 мың гранттың ұсынылуы да ұрпағының болашағын ойлаған адам үшін қуаныш. Ал оның 11 мыңы техникалық және ауылшаруашылығы мамандықтарына бөлініп отыр. Жатақхана мәселесін шешу жолдарының қолға алынуы сабақтас мәселенің салмағын жеңілдетері сөзсіз.

Халық қалаулыларына сауал жолдаған аудандық мәслихаттың депутаты Берік Бисекенов аймақтың экологиялық мәселесін қозғады. Облыстың үш ауданының ауылшаруашылығының тіршілігіне тірек болып отырған, қапталын қамыс пен қоға басқан Ойыл өзенінің аңғарын тазарту үшін Ауылшаруашылығы министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің назар  аударуына ықпал етуді өтінсе, зейнеткер Қабидолла Мұқамбетқазиев суармалы шабындықтарды қалыпқа келтіру туралы ұсыныс айтты. Ал аудандық мәслихаттың депутаты Спартак Төремұратов ауылдық жерлерде ауылшаруашылығына қажетті мамандарды тұрақтандыру үшін мемлекет тарапынан ынталандыру қажеттігін алға тартты.

Мәжіліс депутаттары сауалдарға жауап беріп, ал кейбір ұсыныстарды тиісті органдарға жеткізетіндігін айтты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Мүмкіншілігі мол өңір

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев ауданда болған бір күндік жұмыс сапарында қаладағы «Қамқор-вагон» ЖШС Шалқар вагон жөндеу депосы филиалының жұмысымен танысып, Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерген білім ордасы —№8 орта мектепте болды.

Осы мектептің мәжіліс залында өткен кездесуге  қала тұрғындары көптеп жиналды. Аудан әкімі Б.Қаниев депутаттың жұмыс барысын таныстырып, тұрғындарды еркін пікір алысуға шақырды.

Сөз кезегінде Омархан Өксікбаев Елбасының бес әлеуметтік бастамасының әрбір бағытына тоқталып, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының атқарып жатқан істерін баяндады. Елбасының сындарлы саясатына сай, жұртшылықты қазіргі жасалып жатқан әрбір мүмкіндікті пайдаланып, еңбек етуге шақырды. Еліміздің әр өңіріндегі әлеуметтік жағдайларды айта келіп, депутат Шалқар ауданында мүмкіншіліктің көп екенін айтты.  Көгілдір отын мен ауызсуға қолы жетпей отырған өңірлерді мысалға келтірді.

Жиналған қауымның арасынан еңбек ардагерлері Аманғали Төлебаев, Мәжит Жақыпов, Ғанибек Сұлтанов, Ділдаш Батырғарина, т.б. Шалқар көлінің бүгінгі ахуалы мен келешегі, аудан мен облыс орталығындағы теміржол қатынасы жұмысын жүйелеу, тағы сол секілді маңызды мәселелерді ортаға салды. Жазбаша да сауалдар депутат қолына тиді. Жастар жағы тұрғын үй мәселесі, жұмыссыздық, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасын жандандыру мәселелерін жеткізді.

Әрбір қойылған сауалдың жауапсыз қалмайтындығын жеткізген Мәжіліс депутаты елдің айтқан мұң-мұқтажын тиісті орындарға жеткізетін болды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Тұрғындармен пікір алмасты

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шафхат Өтемісов пен Кеңес Әбсатыров ауданымызға келіп, Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасына байланысты тұрғындармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме өткізді.

Мәжіліс депутаттары аудан орталығында былтыр халықтың игілігіне берілген «Отан ана», «Мәңгілік ел» саябақтарын аралап көрді. Калиновка, Егіндібұлақ ауылдарындағы орта мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік орындардың жұмысымен танысты. Осы аталған ауылдардың тұрғындарымен кездесіп, олармен ашық пікір алмасты. Елбасының бес әлеуметтік бастамасында белгіленген кіріс салығын азайту, тұрғын үй бағдарламасы, шағын несиелерді беру жобаларының қалай жүзеге асатыны жайында ауыл тұрғындарына түсіндірді. Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан интернет жылдамдығын арттыруға, егін мен мал басына берілетін субсидияларға өзгертулер енгізуге қатысты ұсыныстарын білдірді.

 А.ШҰҒАЕВ,

Қобда ауданы. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Конец формы

 

 

Конец формы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button