Мәдениет

«Ғасырлар асып жеткен ән»

Зерде

«Жұбановтар әлемі» орталығында Қызыл Тұрдалыұлының шығармашылығына арналған «Ғасырлар асып жеткен ән» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Кітап ақын, аудармашы Нұрлыбек Қалауовтың құрастыруымен жарық көріп отыр.

Жиынға ақтөбелік зиялы қауым өкілдері, Қызыл ақынның туған жері — Бабатайдан арнайы келген қонақтар, жастар мен студенттер қатысты. Кешті белгілі ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев жүргізді.

Кітапқа Қызыл ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қатысты, сондай-ақ, әндерінің тарихы жөніндегі зерттеу, бұрынырақта жарық көрген мақалалар, сонымен қатар он әннің нотаға түсірілген нұсқасы енген. Кітаппен бірге, дәстүрлі әнші Рысты Сүлейменованың орындауында Қызыл әндері жазылған дискі де жарыққа шықты. Тұсаукесер рәсімінен кейін, осы дискіден Қызылдың бүгінгі күні ең көп таралған «Мешін-тауық», «Ой, көк» әндері тыңдалды.

Жиында мәдениет саласының ардагері Өтеміс Әкімов, белгілі журналист Идош Асқар, бабатайлық ұстаз Амангелді Жоланов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Көпенов, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі Ардақ Құспанов, т.б. сөз сөйлеп, Қызыл ақынның шығармашылығы, әндерінің тарихы төңірегінде ой-пікірлер мен деректер айтылды.

— Ашаршылық жылдарында қасіретті жағдайда өмірден өткен Қызыл ақынның шығармашылығы беріге дейін зерттелмеді, мұрасы насихатталмады. Менің әкем мұны үнемі өкінішпен айтып, «Қызылдың жатқан жерін білуші едім, соны көрсетіп кетейін, тым болмаса бейітін көтерерсіңдер» — деп отыратын. Оны іске асырудың сәті 1999 жылы түсті. Ақсақалдар бастаған істі ауыл азаматтары қостап, мүмкіндігімізге қарай, әншінің бейітін тұрғызып, құлпытас қойдық, — деді Амангелді Жоланов.

Ал Идош Асқар ақын, әнші Қызыл Тұрдалыұлы туралы кітаптың жарыққа шығуы — қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттауға қосылған үлкен үлес екенін айта келіп, кезінде Қызылдың шығармашылығына арнап мақалалар жазған Нұрымжан Жұмағалиев, Құрал Тоқмырзин сынды қаламгерлер есімдерін ризашылықпен еске алды.

Кітапты құрастырушы Нұрлыбек Қалауов:

— Қызыл туралы бала кезімізден естіп, оның әндерін тыңдап та, айтып та өстік. Әрине, бұл кітапты ертерек қолға алу керек еді. Алайда, «Ештен кеш жақсы» деген… Бұл бағыттағы зерттеулер алда да жалғасын табатын болады, — дейді.

Кеште әншілер — Әділет Күзембаев, Алма Адаханова Қызылдың «Қоғажай», «Шай құйған», «Жетім қыздың әні», т.б. туындыларын орындады.

Айта кетелік, кітаптың жарыққа шығуына баспагер Нұрлан Жұмағалиев демеушілік етті.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button