Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!Әлеумет

Қаржы мемлекеттің бақылауында болуы керек

Еліміздегі алғашқы жинақ кассасы 1923 жылы Ақтөбе қаласында ашылыпты.

Осылай басталып, еліміздің аумағында жинақ жүйесінің құрылуы Қазақстанның халық банкі тарихының бастауы саналады. Осы қаржы жүйесінің тоқсан бес жылдық тарихына орай, біз халықтық банкте жиырма жылдай басшылық қызмет атқарған, еңбек ардагері, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі Бақыт Бірлепесов ағамен әңгімелескен едік… 

 Өмірдің ыстығы мен суығы

 — Шежіресі ғасырға таяп келе жатырған бұл банктің сіздің жаныңызға қаншалықты жақын екенін біз жақсы білеміз. Өйткені саналы ғұмырыңыз осы салада өтті деуге болады. Демек, бұл қаржы жүйесінің кешегісі мен бүгінгісі туралы айтар ғибратты әңгімеңіз жеткілікті. Амандық болса, алдағы жылы сексеннің сеңгіріне шығады екенсіз, өмірдің ыстық-суығын бір адамдай бастан өткергеніңіз анық…

— Оныңыз рас, біздің балалық шағымыз мақтанатындай болған жоқ, соғысқа килікті. Менің туған жерім қазіргі Хромтау өңірі ғой. Соғыс жылдарындағы ұжымшардың тірлігін көрдік. Ер-азаматтар майданға аттанып, ауылдағы ауыртпалықтардың бәрі әйелдердің, бала-шағалардың иығына түсті. Әкем жасы ұлғайған адам еді. Соның өзін ауылда қалдырмай, еңбек майданына алып кетті. Құлсарыда мұнай саласында істеді. Ауылда 4 баламен қалып, қиындықты шешеміз көрді. Айнала жоқшылық, тамақ, киім тапшы, жағатын отын жетіспейді. Ұжымшарда  он төрт сағат жұмыс істейді. Қолдағы жалғыз сиырын кешкілік сауса, күндіз ұжымшар сабан айдауға жегеді. Сондай жағдайда төрт баланы асыраған марқұм анамызға мың да бір рақмет! Буынымыз бекімей жатып, өмірдің қиындығын көп көрдік. Соғыс тыншығасын, әкем ауылға оралды. Еңбек десе, құлшынып тұратын адам еді. Қой бақты. Бірте-бірте жағдайымыз жақсарып, ісіміз оңға баса бастады. Он жылдық мектепті бітірдім. Кеңес әскері қатарында болып, оралдым. Латвияның Рига қаласындағы есеп-несие техникумын бітіріп, қаржыгерлік мамандық алып шықтым. Өзімнің туған ауданым Новоресейге (қазіргі Хромтау ауданы) келіп, алғашқыда аудандық статистика мекемесіне инспектор болып орналастым. Арада шамалы уақыт өткенде, аудандық жинақ кассасына инспектор болып ауыстым. Сөйтіп жүріп Алматының халық шаруашылығы институтын сырттай оқып, банк ісі мамандығын алдым. Аудандық жинақ кассасында бір жыл екі ай жұмыс істеген соң, облыстық жинақ банкінің бас ревизорлық қызметіне шақырылдым.

— Бұл қай жылдары еді, үйленіп пе едіңіз? Әке-шешеңіз қолыңызда болды ма?

— Әлі үйленіп үлгермегенмін. Әке-шешем ауылда қалды. Қалаға салт келдім. Бұл Ақтөбе өлкенің орталығы болып, дүрілдеп тұрған 1963 жыл болатын. Банкінің бастығы орыс ұлтының өкілі еді. Сол 16 ауданнан мені қалап, бас ревизор етіп қойды. Бұрынғы өзіме бастық болған ревизорлардың үстінен енді мен қарайтын болдым. Облыста он шақты,  әр ауданда бір, екіден ревизор бар. Бірақ мені Алматыдағы бастықтар «жас, тәжірибесі жоқ» деген сылтаумен бекітпей, біраз әуреге салды. Бірақ оларға Ақтөбедегі бастығым: «Банктің келешегі осында болады» деп, табандап тұрып алды. Ақыры соның күштеуімен шаққа бекідім.

Жұмысқа жастық күшпен кірістім. Бас ревизор және бастықтың орынбасарымын, банктегі үшінші адаммын. Арада аз уақыт өткенде, Бестамақтағы жинақ кассасын тексеріп, қымқырылған 18 мың сом қаржыны таптым. Ол заманда бұл көп қаржы. Атағым шыға бастады. Өлкеге өткізетін жылдық есепті ескертусіз тапсырып жүрдім. Сол үшін өлкеден алғаш сыйлық беріліп, ауылда қалған  әке-шешеме базарлық алып, артынып-тартынып барғаным әлі есімде.

Шаяхметовтің шақыртуы

Алайда әлгіндегі ұрлық ақшаны тапқаным маған бедел әкелгенмен, өзімнің ұстазым, екінші әкем санайтын бастығыма — Александр Иосифович Кривошеевке жайлы болмады, ертерек зейнеткерлікке шығарып жіберді. Соның өзінде де, қоштасар сәтте маңдайымнан сүйіп: «Банкінің келешегі сенде» деді. Зейнеткерлікте болса да, байланысымды үзбей, сыйлап, құрметтеп өттім. Біраз  жыл жұмыстас болғанда, мен бұл кісіден көп нәрсе үйрендім. Егер сондай басшыға тап болмағанымда, менің Ақтөбе қаласында табан тіреп қалуымның өзі екіталай еді. Маған қалаға келгесін бес айдан кейін мекеменің ұсынысымен үш бөлмелі жаңа пәтер берілді. Кезінде оның өзі біраз дау туғызды. Үстімнен арыз жазылып, облыстық атқару комитетінің төрағасы Хасен Шаяхметовтің қабылдауына шақырылдым. Көмекшісі бір дұрыс азамат екен, кірерде жөн сілтеп, өзімді қалай ұстауды үйретті. «Ағай, «әлен-пәлен» деген артық сөзді жаратпайды. Аты-жөнімен айтасыз. Ұлықсатсыз отырмайсыз, өзі отыр дегенде ғана, отырасыз» деді. Сол тәртіптің бәрін орындап кірдім. Шашы тас бұйра, ет жеңді адам екен. Екі институт бітірген, омырауына екі ромбигін тағып алған. Маған «отыр» деді, отырдым. Содан кейін айтқаны: «Омыртқаң бекімей, буының қатпай нағылған баласың, жұрт үйсіз жүргенде үш бөлмелі пәтер алған? Сүйреткішің кім, итергішің кім осы қалада, кәне, маған айт? — деді.

— Хасен Шаяхметович, сүйреткішім де, итергішім де жоқ. Қызметке шақырды, келдім. Қызмет істеп жатырмын. Әке-шешем ауданда тұрады. Үлкен баласы отбасымен бөлек шығып кетті. Олар, менің мойнымда. Қарындасым институтта оқып жатыр, оған да мен қарайласуым керек. Таяуда үйленемін. Үй болмайтын болса, тастаймын да, ауылға қайтамын, — дедім.

«Пәтерді кім берді?» деді. «Александр Иосифович» деп шынымды айттым. Табан астында тікелей телефонға қостырып, бастығыммен сөйлесті. Ол шешімді өзгеріссіз қалдыруды өтінді. Бұған дейін екеуі Солтүстік Қазақстан өлкесінде партиялық қызметте бірге жасаған екен. Содан соң, маған «жұмысыңа бара бер» деді. Тек пәтер емес, өмір бойы жеген нанымның жартысы осы бастығымнан үйренгенім десем артық болмас. Банк ісінің қыр-сыры өз алдына, сауатты жазуды, басшы ретінде өзімді ұстауды, заңсыздықпен күресуді, өзге де толып жатқан қасиеттерді мен сол кісіден үйрендім.

— Сіз одан кейінгі банк басшылығына келген басшылармен ұзақ қызметтес болмай, облыстық статистика басқармасына  жауапты қызметке ауысып кеттіңіз. Өнеркәсіп, күрделі құрылыс, ауыл шаруашылығы  салаларын бақылайтын бұл бөлімде талай заңсыздықтың бетін ашып, көпшіліктің есінде қалған атышулы істерге мұрындық болғаныңыз белгілі. Ал сол қызметтен 1975 жылы облыстық жинақ кассасына бастық болып келуіңіздің реті қалай?

— Бұл орынға он шақты адам ұсынылған екен. Облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі шақырып, мән-жайды түсіндіргеннен кейін, келісімімді бердім. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ливенцовтың, облыстық атқару комитетінің төрағасы Қозыбаевтың қабылдауында болып, барлық бюро мүшелерінің алдынан өттім. Алматыға баруым керек еді, бірақ сол кездегі республикалық жинақ банкінің басшысы: «Уақыт алмай, Мәскеуге ұш!» деп тәртіп берді. Одақтағы банк басшылары, басқарма мүшелері бірден бекітпеді. Себебі, соңымнан арыз келген екен. Сол алдымнан шығып, біраз бөгелдім. Менің кандидатурамды талқылау кезінде, бұған дейін Алматыда бірге жұмыс істеген, КСРО банксінің бас бухгалтері: «Мен бұл адамды жөргегінен білемін» деп отырып алды. Соның арқасында бекідім.

Қызмет және отбасы

 — Сол бекігеннен табан аудармай, бір банкте жиырма жылдан астам уақыт басшы болдыңыз. Сол жылдарда Сізді жоғары қызметке шақырмады ма?

— Расында да, Ақтөбенің  жоғары лауазымды қызмет атқарған партия, кеңес қызметкерлерінің біразы осы банктен шыққан. Олардың қатарында аудандарда бірінші басшы болған Төлеу Алдияров, Нұрғожа Орынбасаров,  тағы басқалары бар. Өзі 1932 жылы біздің аймақта алғаш ашылған, мен он бірінші  бастығымын. Жиырма жылдай басқардым. Осы жылдарда ондай ұсыныстар да болды. Мысалы, Алматыға, республикалық жинақ банктің бірінші орынбасарлығына қайта-қайта шақырды. Одақтық банк жүйесінен Қырғызстанның банкісі басшысының бірінші орынбасарлығына ұсыныс жасады. Алайда оларға келісімімді бермедім.

— Бір қиырдағы Ақтөбеден Сізді қаржы жүйесіндегі сондай лауазымды қызметтерге шақыруының себебі не? Әлде бұл салада білікті кадрлар тапшы болды ма?

— Олай деуге болмас. Бірақ бұл кезде мен өзімнің үлгілі қызметіммен біраз танылған едім. Біздің банк социалистік жарыста Одақ бойынша үш дүркін үшінші орынды жеңіп алды. Бірнеше мәрте банкілер арасындағы ауыспалы Қызыл туды иеленді. Мәскеуде, Алматыда өткен қаржыгерлердің жиындарына қатысып,  банкінің іс-тәжірибесімен бөлісіп жүрдім. Қаржы саласы қайраткерлерінің бүкілодақтық  конференциясында мемлекеттік қаржының сақталуын қамтамасыз ету жөнінде баяндама жасағаным да бар. Бір салада ұзақ жылдар жемісті қызмет істегесін жоғары жақтағылар да мені  білді.  Өйткені Ақтөбе банкісінің нығаюуына біраз еңбек сіңірдім. Мен қабылдап алғанда қаладағы жинақ кассасы кеңсесінің өзі азып-тозып тұрған, от жағып, пешпен жылытылатын көне ғимаратта отыр екен. Ал аудандарда мүлде арнаулы кеңсе үйлері жоқ болатын. Соның бәрін арнайы құрылыстар салдырып, жаңа ғимараттарға көшірдім. Олардың бірсыпырасы күні бүгінге дейін қызмет етіп тұр. Банк жүйесін кеңейтуге де көп үлес қостым. Тек осы қаладан банктің 27 бөлімшелерін аштым. Әрбір зауытта, фабрикада, ірі кәсіпорындарда, кеңшарлар мен ұжымшарларда  кассалар ашылып, жұмыс істеді. Бұл оларға тиімді болды. Банк жүйесіндегі 234 мекемеде екі мыңнан астам адам қызмет істеді.

— Ол кезде қанша касса болса да, банктің басшылығы бір жерде еді. Қаржылық мәселелер өзіңіз басшылық жасаған №81 Ақтөбе орталық жинақ кассасында шешілетін-ді. Әсіресе, қайта құру науқанының қиын кезінде, екі қоғамның өлара шағында талай адамдар несие сұрап, алдыңызға барғаны белгілі? Олардың мәселесін қалай шешетін едіңіз, әділ болдым деп ойлайсыз ба?

— Қай кезден де менің ұстанымым тазалық болатын. Адал болдым, ешкімге қиянат жасамадым. Қаржы тапшылығының мейлінше шығандаған кезі ғой, бар қаржыны банкінің тәртібін мұқият сақтап, алдыма келген әр адамның жағдайын ескеріп, қылдай етіп бөліп беруге тырыстым. Көп адамдар пәтер жағдайын жақсартуға, үй, саяжай үйін салуға несие сұрап келетін. Олардың ішінде баспана жағдайы мүлде қиын тұрғындар, жас отбасылары да болды. Олардың да, шамам келгенше, жағдайын ескеріп, жәрдемдесетінмін. Қазір үйде отырған шалмын. Сөйтіп отырсам да, біреулер мені іздеп, ескеріп жатады. Сондағы айтатыны: «Кезінде  тарығып, алдыңызға барғанымызда несие беріп едіңіз. Содан жалғасып көшке ілескенбіз» дейді, ризашылығын білдіреді. Олардың ішінде басшылық қызметте жүргендері де бар. «Жас өспей ме?» деген сол. Бір қызығы, менің есімде солардың біреуі де жоқ. Бірақ әлгіндей кездесулерден халыққа жасаған қызметімнің жемісін көргендей, марқайып қаламын.

— Қызмет істеген жылдарда банк саласынан, жоғары басшылықтан алған марапаттарыңыз , көрген құрметтеріңіз көп, беделіңіз жоғары екенін көрдік. 1992 жылы еліміздің банк қызметкерлері АҚШ-қа сапарлап, шетел тәжірибесінен дәріс алғанда, 18 облыстың ішінен жалғыз сіз барыпсыз. Алайда бір жылдан соң, жұмысты тапсыруға тура келген…

— Сол тұстағы ақшаның ауысуы, жаңа ақшаның кіруі сынды шаруалардың күні-түні басында жүрдім, жақсы өткердік. Алайда осы тұста банкінің жоғарғы басшылығына түсініксіз адамдар келді… Бұрынғы басшылармен сыйласып жұмыс істеп келіп едік. Ал мына азаматтар өзінің ыңғайын жыққысы келді, мен оған көнбедім. Сөйтіп, қызметті тастауға тура келді.

— Жақсы қаржыгер болғаныңызды білдік, ал отбасында, отағасы ретінде қалай болдыңыз?

— Әңгімемнің басында  қалалық өмірді бойдақ болып бастағанымды айттым. Бірақ кейін пәтер алғасын отбасын құрдым. Жұбайым Гүлшат екеуіміз екі ұл, бір қыз өсірдік, немере сүйдік. Қазір немерелеріміз Айнұр Бақытова Алматының халықаралық университетінде оқиды. Арман мен Абинұр мектеп жасында. Бір өкініштісі, жас ұлғайғанда жанымдағы зайыбымнан айырылып қалдым, сол жаныма батады.

— Қазіргі банктердің қызметіне көңіліңіз тола ма? Олардың жұмысын қадағалап отырасыз ба?

— Банктер өте көп, банкротқа ұшырап жабылып жатырғандары да бар. Қызметтерін толық атқара алмай, бірімен-бірі қосылғандарын да білемін. Қаржы институттарының бұлай жұмыс істеуіне жол беруге болмайды. Мен қаржы саласы мемлекеттің қатаң бақылауында болуы керек деп есептеймін.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button