Әдебиет

Көптен бері сіздермен сырласпадым…

Сағындық НИЯНҚҰЛОВ

НАУРЫЗ

Жарасты әзіл, көңілді күлкі бұл маңда,

Жиналған бәрі Наурыз атты думанға.

Жер-Ана төсі бусанып бір сәт иіп тұр,

Күміс күн көктен шуақты нұрын құйғанға.

 

Қалмайды ешкім қолдағы барын жасырып,

Ән айтар, билер, өнерлерін де асырып.

Көнекөз қарттар әңгіме құрса қауқылдап,

Қазанда жатыр наурыз көже асылып.

 

Кім-кім де болсын ат басын тіреп, тоқтайды,

Жарыстан озсаң, сенікі, достым, бас бәйгі.

Дәм татар бәрі сол күнгі ұлттық тағамнан,

Қазағым менің пейілін әппақ сатпайды.

 

Жігіттер тербеп алтыбақанда қыздарды,

Жаратпас ешкім бірлікті, салтты бұзғанды.

Дүйім жұрт қоштап, риза болар қол соғуға,

Сезбес те тіпті көктемнің желін ызғарды.

 

Даламдай қазақ пейілің сенің кең екен,

Тарқамасын деп тілеймін дөйім берекең.

Сан жылдар салып оралған қайта ортаға,

Қош келдің деймін Наурыз ырыс, мерекем!

 

***

 

КУӘСІ БОП ӨТКЕННІҢ

 

Ей, Жер-Ана, қасиетті бақ мекен,

Қаншама ұрпақ дәм-тұзыңды татты екен?!

Сен келесің куәсі боп өткеннің,

Жылдар зулап өтіп жатыр ақ бөкен.

 

Өйткені сен бәрін бастан өткердің,

Шаттандың да, кейде тіпті кектендің.

Ол күндерді көрдім деп мен айта алман,

Шындығында бұл өмірге кеш келдім.

 

Әрбір тасың жауға оқ боп атылған,

Оқып келем тарихыңды жасымнан.

Ал тауларың мүсінделген аумайды,

Сұстанып бір қатып қалған батырдан.

 

Енді адамзат көзден жасын төкпесін,

Кең далаңда адам қаны бөкпесін.

Біз тудық қой бақыт үшін, жыр үшін,

Шіркін ғұмыр жауқазын боп көктесін!

 

 

***

 

ҚАЙДАСЫҢ, АЯУЛЫ АҒА!

ақын Т.Айбергеновке

 

Қайдасың, аяулы аға, арқалы ақын,

Шабытты жырларыңмен жар салатын.

Теңіздің буырқанған толқыны едің,

Дұшпанды күліп тұрып қарсы алатын.

 

Өткен күндер сынаптай білінбейді,

Жанарымда бір тамшы дірілдейді.

Ақ жаңбырлар өлеңдей төгіп өтсе,

Ақ қайыңдар өзің боп күлімдейді.

 

Кеттің бе алыс өлкеңнен жырақ мекен,

Сағынышымды жаныма тұрақты етем.

Топтан озған ақ сауыр киік едің,

Көзі қиып, қай мерген құлатты екен?!

 

 

***

 

ДАЛА

 

Жазық белдер, кең аймақ, дала-дастан,

Ғашық еткен өзіне бала жастан.

Асыр салып төсінде шапқан кезде,

Асау желі бөркімді ала қашқан.

 

Таршылықты кең дала ұмыттырған,

Өр ұлдарын шыңдаған, шынықтырған.

Көз жіберсең шұғылалы көкжиекке,

Дала деген байлық қой тұнып тұрған.

 

Нөсерден соң құлпырып кетеді бір,

Шалғынына қуат боп жетеді нұр.

Ат үстінде ойнатқан алмас қылып,

Дала деген батырлар мекені бұл!

 

 

***

 

СЫР

 

Менде іні, қарындас пен жоқ аға,

Өкінішпен кем-кетігің тола ма?

Ой үстінде үнсіз жүрсем кейде мен,

Дара туған дана деп те санама.

 

Досым болсаң, кір үйіме шаттана,

Мен сендерге барымды айтам ақтара.

Сендерсіңдер көңілімнің көктемі,

Тілейтінім тек асыра мақтама.

 

Талабым бар жүзді қонақ етерлік,

Пейілімді келгенде емес, кетерде ұқ.

Өздеріңдей қарапайым пендемін,

Мінім де бар бір басыма жетерлік.

 

Сөзшең де емен жұртты аузына қаратқан,

Ұмтыламын қалмау үшін санаттан.

Азамат деп қолымды алсаң болғаны,

Артық сөйлеп, көлгірсуді жаратпан!

 

Мен бәріңді дос көрем…

 

Шыққан кезде қылшылдаған қырқасына қырықтың,

Көбейе ме сездім енді сыншысы да жігіттің.

Үлкен-кіші ертелі кеш құлағыма құяды,

Сабырлы да салмақты бол, балалықты ұмытқын.

 

Осылайша үгітпенен қатырады басымды,

Күліп келсе дұшпандарым, ал достарым ашулы.

Жауап іздеп қинасам да жұдырықтай жүректі,

Біз түсінбей жүрміз бе әлде құпиялау ғасырды?

 

Тілеулестер қиналсаң да дейді көзге жас алма,

Бақыт оңай қонбақ емес, төзіміңді тос алға.

Азабы көп, кедір-бұдыр соқпағынан жалғанның,

Бұралаңдау, бірақ тыныш шындық жолы қашанда.

 

Көлеңкемнен үріккенге демеймін де қоштасын,

Мансабымды тартпан алға ашпаса да қақпасын.

Ұмтылмаймын өш алуға, күдіктенбе сен менен,

Қойныма жасырып ап, тығып жүрген жоқ тасым.

 

Қырықтамын, өзгергем жоқ, мінезім де ештеңем,

Той қумаймын, рас кейде қызметімнен кеш келем.

Ақ ниетпен күліп кірсең төрім дайын қашанда,

Бөліп-жармай, о, адамдар, мен бәріңді дос көрем!

 

1995 ж.

 

***

 

КІМ ОЙЛАЙДЫ?

 

Кім ойлайды жәй аққан,

Жылғаны бұлақ болмас деп.

Кім ойлайды саяқтан,

Ой жүйрігі озбас деп.

 

Кім ойлайды бақытты,

Бастан ұшып кетер деп.

Кім ойлайды уақытты,

Жылдар жылжып жетер деп.

 

Кім ойлайды арманның,

Жетермін деп шегіне.

Кім ойлайды жалғанның,

Жетелер деп төріне.

 

Жұмылса халық біріге,

Ойлайды істің сәттісін.

Кім ойлайды тіріде,

Бұл өмірдің тәттісін!

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button