Әлеумет

Тоқсанның тағылымы

Еңбек адамы

Алдыңғы буын ағалардың өмірбаянына көз салсаңыз, көп тарихтың  тереңіне бойлайсыз. Мәселен, кезінде облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына бір кісідей еңбек сіңірген, есімі осы өңірдің әрбір ат үстінде жүрген азаматына дерлік таныс, сыйлы, құрметті жан ретінде көзге түскен Тасқали Хайдаров аға бүгінге дейін жүріп өткен жол өзінің берекелі белестерімен, байыпты бекеттерімен назар аудартар еді.

Ол қазіргі Батыс Қазақстан облысының Казталовка ауданында дүниеге келген. Алғаш рет өмір есігін ашқан Тереңкөл деп аталатын ауыл ыстық мекен ретінде жүрек түкпірінде жатталып-ақ қалған сынды. Сол жерде жалаң аяқ жүгіріп, қатарларымен өз уақытының қызығы-қиындығын бірге көріп өсті. Әкесі Хайдар Төлекұлы жеке шаруашылықпен шұғылданып, соғыс кезінде еңбек майданында жауынгерлерге азық-түлік, киім-кешек жеткізіп беру жұмыстарының басы-қасында жүрген. Анасы Узила отбасының тірлігімен шұғылданып, үй шаруасын дөңгеленте жүріп, үш перзентін қатарынан қалдырмай тәрбиелеп өсіреді.

Мезгілдің де талабы шығар, бала Тасқали жас кезінен-ақ еңбекке араласады. Мешіткөл елді мекеніндегі орталау мектепті бітіріп, жаз бойы комбайншы жәрдемшісі болып жұмыс істейді. Бұғанасы қатпаған жасөспірімнің үлкендер қатарына қосылуы осы тұстан басталады. Айналасындағылар оған енді азамат деп қарай бастайды.

Сөйтіп, он төрт жасар ересек атанғанын өзі де білмей қалады. Көп ұзамай колхозда есеп жүргізуші қызметіне қабылданады. Одан әрі бухгалтер, бас бухгалтердің орынбасары міндеттерін орындауды мойынға алады. Ал он бес жасында Казталовка МТС-ның бас бухгалтері болып бекітіледі. Сол тұстарда үлкен мекеме саналатын мұндай құрылымда есеп-қисап жұмыстарына басшылық ету жоғары жауапкершілікті талап ететін. Бірақ бала бухгалтер сыр бермейді. Бар мен жоқты шотқа салып, шаруаны тап-тұйнақтай етіп түгендеп отырады. Ол жиырма жасында сол аумақты тәжірибелі бухгалтерлердің бірінен саналады. Содан да болар, оны Одақтық Қаржы министрлігінің Фурманов ауданы бойынша бақылаушы-тергеушісі етіп тағайындайды. Бұрын бір мекеменің есеп-қисабына ғана бас ауыртатын ол енді өзінің бұрынғы әріптестерінің жұмысындағы кемшіліктермен күресуге шығады. Осылайша қоғам байлығының талан-таражға салынбауына, бөлінген қаржының ұқыпты жұмсалып, ел игілігіне жаратылуына көп көмегін тигізеді.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру жұмыстары біршама жолға қойылып, халық арасында мамыражай тіршіліктің алғашқы нышандары бой көтере бастағандай кез туындаған тұста республика Қаржы министрлігі тәжірибелі деп танылған Тасқали Хайдаровты сонау Нева өзені жағалауындағы Ленинград қаласына оқуға жібереді. Мұндағы Қаржы институты қай уақытта да білікті мамандар даярлайтын, талай сапалы кадрлар түлеп ұшқан айрықша жоғары оқу орны саналады. Осында сырттай білім алуға кіріскен талапты жас қысқа мерзім ішінде революция бесігі атанған тарихи шаһардың талай құпиясына үңіледі. Алайда араға аз уақыт салып қазақстандық студенттердің ендігі оқуларын Алматыда жалғастыруына пәрмен беріледі. Осылайша С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті қабырғасынан қаржыгер-экономист мамандығын алып шығады.

Тасқали аға өзінің өмірінің мәнді тұстары тұтыну қызметімен байланысты болғанын айрықша қадап тұрып айтады. Өйткені жас кезінен бойға жинаған тәжірибесі, білімі мен білігі осы салаға молынан жұмсалды, өзін де осы бағытта көрсете білді. Фурманов аудандық тұтынушылар одағы басқаруы сол үлкен жолдың бастауы іспетті болды. Одан беріректе Батыс өлкесі ашылғанда Ақтөбеге шақырылып, бұрынғы бірнеше облыстың аумағын қамтитын аймақта тұтынушылар одағы төрағасының қаржы жөніндегі орынбасарлығына тағайындалды. Айналасы бірер жыл маңында өлке қайтадан таратылып, облыс дәрежесі қалпына келтірілді. Облыстық тұтынушылар одағының төрағасы Ғалихан Әлмәмбетовпен бірге Тасқали Хайдарұлы қызметін жалғастырып, халыққа қызмет ету міндеттерін орындай берді.

Байқап отырсаңыз, әр заманның өзіне тән міндет-мақсаттары болады ғой. Сол тұстарда шалғайдағы ауыл тұрғындарын күнделікті азық-түлікпен, өндірістік тауарлармен қамтамасыз ету, қыстың аязына, жаздың аптабына шыдам танытып, күні-түні ат үстінен түспейтін шопан-малшылардың мұқтажын өтеу алғашқы кезектегі атқарылуы тиіс шаруалар қатарына енетін. Шаруашылықтардың орталықтарында, бөлімшелерде дүкен үйлерін тұрғызу, сауда жасаудың материалдық базасын орнықтыру шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатты. Тұрғындар үшін сол уақыттың қажеттілігі — сіріңке, сабын, май шам үшін пайдаланылатын керосин болғандығына бүгінде біреу сенсе, біреу сенбес. Кеңестер Одағында ірі базалық кәсіпорындармен сауда келісімшарты жасалады, солардан жеткізілетін тауарларға небәрі 2,2 пайыздық үстеме қосылады.

Тасқали Хайдаров облыстық тұтынушылар одағының төрағасы қызметін атқарған тұста Ақтөбе, Хромтау, Қандыағаш қалаларында, Мәртөк селосында шұжық өндіретін цехтар салынды, Шалқар мен Қандыағашта, сондай-ақ Ақтөбеде екі қатарлы әмбебап дүкендер бой көтерді. Сол кездің өлшемімен алғанда бұл аз шаруа емес еді. Облыс орталығынан шалғайдағы Ырғыз, Комсомол аудандарында наубайхана іске қосылды. Ақтөбе қаласында ет қабылдап, мұздататын қойма салынды. Мәртөктегі сыра зауыты, Ақтөбедегі көлемді көкөніс қоймасы да ел игілігіне пайдалануға берілді.

Тасқали аға алпыс жасқа толып, құрметті еңбек демалысына шыққанымен, үйреніп қалған ұжымы оны орталарынан жібере қойған жоқ. Осында жеті жылдай бөлім басқаруы да сол әріптестерінің өзіне деген құрмет-ілтипатынан болар, сірә. Сауда саласында өзімен бірге еңбек еткен Емберген Дәрібаев, Жандәулет Қапаров, Хисметолла Ғабдрахманов, Тыныштықбай Сырымбетов, Сақыпжамал Есенғұлова секілді әріптестері туралы ол бүгінде де жылы лебізін, ыстық ықыласын білдіріп отырады.

Тасқали аға өзінің өмірлік серігі, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері атағына ие болған ұлағатты ұстаз Ғайни апамен бірге алты бала тәрбиелеп өсірді. Шәріп, Мәлік, Талғат, Роза, Мәншүк, Әлия есімді перзенттері ата-ана тәрбиесін ақтап, өздері таңдаған мамандықтары бойынша жемісті еңбек етіп, елге танылды. Әке-шешелеріне немере-шөбере сүйгізді.

Кеңестер Одағы тұтынушылар одағының үздігі атанған Тасқали аға сол бір қызмет еткен жылдарындағы көңілінде жатталып қалған кезеңдерді әлі күнге дейін ұмытпайды. Өзінің ізінен ерген кейінгі буын өкілдеріне әңгімелеп бергенді де бөтен көрмейді. Кейде сауда саласындағы бүгінгі күннің тірлігіне қарап отырып, кешегі уақытпен де ойша салыстыратыны бар. Нарық әкелген өзгерістерге оң көзбен қарайды.

— Қай кезде де халыққа қызмет ету — абыройлы міндет. Бұл салада атқарған жақсы істерің де, сондай-ақ кемшіліктерің де көзге бірден түседі. Сондықтан біз жауапкершілікпен жұмыс істеуге ұмтылдық, абыройға жетуіміз де соның арқасы болар, — деп өткен шаққа қатысты әңгіме түйінін ақсақал осылай тұжырымдайды.

…Қазақта әр санға байланысты теңеулер немесе балама сөздер айтылып жатады әдетте. Біздің тақырыбымызға қатысты алсақ, «Тоқсан тарау жол», «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» деген секілді тіркестер тілге оралып-ақ тұр. Тасқали ағаның тоқсанның төріне көтеріліп тұрғаны біздің бүгінгі әңгімеміздің себепшісі болды.

Тоқсанның тәлімін кейінгі буынға тарата беріңіз, Тасқали аға!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button