Рухани жаңғыру

Байтұрсыновқа арналған кітап таныстырылды

Дөңгелек үстел

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсыновтың Орынбордағы қызмет жолы, жалпы өмірі туралы сыр шертетін кітаптың тұсаукесері өтіп, сондай-ақ Ақтөбе мен Орынбордың арадағы байланысын қамтыған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Еңбектің авторы — тарих ғылымдарының кандидаты, Орынбор педагогикалық университетінің доценті, Ресей Федерациясы өлкетанушылар одағының мүшесі Татьяна Тугай. Монографияда Ахмет Байтұрсыновтың ұстаздық қырындағы Орынбордың әсері мен маңызы туралы баяндалған. Кітапты жазған зерттеуші-қаламгердің өзі:

— Қазақ зиялылары тақырыбы бойынша ізденіп, оны зерттегеніме біраз жыл болды. Соның ішінде Орынборға табаны тиген, сонда еңбек еткен ағартушылар жөнінде қалам тербегендердің бірімін. Сондықтан осы саланың өкілі ретінде Байтұрсынов тұлғасының қай жағынан да қызықты, тағылымды екенін толық сеніммен айта аламын. Оның ғылымдағы жолы ғана емес, рухани әлемі, өмірлік ұстанымы да көпке үлгі етуге тұрарлық.

Осы орайда жуырда «Бәйтерек» қайырымдылық қорының өкілдері маған жолығып, осы тақырыпты көптен бері зерделеп жүргенімді білетінін айтып, кітап жазуыма ұсыныс білдірді. Бір сөзбен айтқанда, монографияның жарыққа шығуына бірден-бір қолдау жасаған солар.

Әлгінде айтқанымдай, бұрыннан зерттеп жүрген тақырыбым болғандықтан, «Оренбургский путь Ахмета Байтурсунова» кітабын құрастырып шығуыма көп уақыт кеткен жоқ. Шамамен бір жылдың ішінде бәрін жинақтап, оқырманға ой салатын дүниені жасауға тырыстық, — дейді.

Орынбордағы қазақтардың ғана емес, осындағы жұртшылықтың да қызығушылығына ие болған кітапта «Қазақ» газетінің шығу тарихы, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқандар жайлы мәліметтер бар.

Қазақтың біртуар азаматы жайлы еңбектің таныстырылымына, сонымен қатар жоғарыда аталған кітаптың шығуына мұрындық болған қайырымдылық қордың мүшелері, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, ардагерлер мен жастар қатысып, өздерінің пікірлерін ортаға салды.

Айта кетейік, шара барысында «Ақтөбе және Орынбор: жаңа ізденістер көкжиегі» тақырыбындағы дөңгелек үстел де өтіп, онда ғалымдар мен оқытушылар пікір алмасты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button