Мәдениет

Болат ӘБДІЛМАНОВ: Болливуд пен Ақтөбе қатар шақырғанда мен екіншісін таңдадым

Т Е А Т Р

«Болливуд, әлде Ақтөбе?..». Белгілі актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов үшін биылғы жыл осындай сауалмен басталды. Оны Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры — «Ревизор» қойылымында Дуанбасының ролін ойнауға, ал үнділер нақ сол уақытта тарихи фильмге түсуге шақырған. Актер ойлана келе, соңғы ұсыныстан бас тартыпты.

Сөйтіп, жуырда «Ревизор» спектаклінің (режиссері — Ж. Жұманбаев) премьерасына келген актермен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

— Тахауи Ахтанов атындағы театрдан ұсыныс алдымен түсті де, мен театр директорының бастамаларын құптап, оған келетінімді айтып, уәде беріп қойдым. Уәдеге беріктік — халқымыздың ежелден ұстанып келе жатқан жолы. Сондықтан уәдеден тайқымауды ойлап, Болливудтың ұсынысынан бас тарттым. Бір жағынан, Ақтөбе мен үшін — қасиетті, киелі аймақ. Өйткені менің анам осы өңірде дүниеге келген. Ақтөбені таңдағаныма өкінбеймін, — деді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Болат Әбділманов.

Біз де онымен әңгімені анасы туралы сөзден бастағанды жөн көрдік.

 

— Ақтөбе топырағы қазақ өнерінің бүгінгі биігіне үлкен үлес қосқан Нұрсұлу Тапалова, Роза Жаманова, Бақыт Жанғалиева және басқа да ару қыздарымен мақтана алады. Солардың қатарында сіздің анаңыз, белгілі сахна шебері Алтын Ружева бар…

— Анам — Байғанин өңіріндегі Оймауыт ауылында дүниеге келген, отбасында аға-інілері бар да, қыз баладан жалғыз болып, еркелеп өскен жан. Арғы аталары Қызылбас, Қоңырбас есімді елге белгілі, дәулетті адамдар екен. Зұлмат жылдарда: «Балаларым байдың тұқымы ретінде қудалауға түспесін», — деген оймен, атасы фамилиясын «Ружев» деп ауыстырған. «Руж» — француз сөзі, қазақшаға аударғанда, «қызыл» дегенді білдіреді. Француз тілін пайдаланғанына қарағанда, білімді, көзі ашық жан болса керек. Сондай әулеттен шыққан анам қаршадайынан үлкен арманға қол созып, өнер жолына түскен. 1947 жылы Алматы киноактерлер мектебін бітіріп, осы Ақтөбедегі музыкалық драма театрында еңбек еткен. Ал бүгінгі Тахауи Ахтанов театры да өз тарихын сол театрдан бастап жазады екен. Ендеше, бұл сахнаның мен үшін орны бөлек. Оның үстіне, биыл анамның туғанына 90 жыл толады.

— Ақтөбедегі қазақ музыкалық драма театры 40-жылдардың соңында жабылып қалған ғой?

— Иә, көп ұзамай Ақтөбедегі музыкалық драма театры жабылып, анам Жамбыл облыстық драма театрына жұмысқа ауысты. Сол ұжымда ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Театр сахнасында қазақ арулары — Баян сұлу, Еңлік, Ақтоқты, «Айман-Шолпандағы» Айман, Ақжүніс бейнелерімен қатар, Александр Островский, Шыңғыс Айтматов, басқа да классиктер шығармаларындағы басты кейіпкерлерді сомдады. Островскийдің «Без вины виноватые» пьесасындағы Кручинина ролі үшін ол республикалық театрлар байқауында бірінші дәрежелі дипломға ие болған, ал сыншылар: «Алтын Ружева — қазақ сахнасында Островскийді тұңғыш ашқан актриса» деген баға беріпті. 1976 жылы Қазақстанның халық артисі атанған. 1979 жылы Атыраудағы, яғни ол кездегі Гурьев облыстық драма театрына директор болып тағайындалған. Өмірінің соңғы жылдарында Талдықорған облыстық драма театрында еңбек етті.

— Сіз анаңызға еліктеп өскен болсаңыз керек?..

— Анам ғана емес, әкем Оразғали да — өнер адамы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі. Ол да одақтық, республикалық байқауларда сан мәрте жүлделерге ие болған, анам екеуі — Қозы мен Баян, Кебек пен Еңлік болып, өнерде де, өмірде де қол ұстасып өткен жандар. Өнер маған әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған болса керек… Алайда, өнерге ата-анама еліктегеннен келдім деуге болмас. Мен әжемнің тәрбиесінде, әкемнің ағасы Мәзімбайдың шаңырағында, яғни ата-анамнан алыста өстім. Ол кісі шопан еді. Жер жаннаты — Жетісуда, Ақсу өңіріндегі Қаракөз, Кеңқарын ауылдарында шопанның жалғыз ұлы болып, ат құлағында ойнап, табиғаттың бар қызығын тамашалап, далада өстім.

— Яғни, еркіндікте…

— Екі-үш үйі ғана бар қойлы ауылдың адамдары кешкілік бас қосып, маған қисса, жыр-дастан оқытатын. Мен «кейіпкерлерімнің» бейнесіне енуге тырысып, дауысымды құбылта оқимын, іс-қимылдарын да келтіремін. Бұнымды тыңдаушыларым құптап, мақтай жөнеледі. Осындай кештер, ауыл өмірінің шуағы, даланың көз тоймас ғажап көріністері… Мені өнерге әкелген осылар болса керек. Ата-анамнан туған алты баланың ішінде олардың жолын мен жалғап келеді екем.

— Өнердегі ұстазыңыз кім?

— Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институты қабырғасында Қазақстанның халық артисі, екі мәрте КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ыдырыс Ноғайбаевтан дәріс алдым. Ол — қазақ театр өнерінің негізін қалаған Серәлі Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақовтардан кейінгі буынның өкілі. Театрда да, кинода да сомдаған образдарын жұртшылық жақсы біледі. Мен еңбек жолымды Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында бастадым да, кейін Мұхтар Әуезов атындағы театрға ауыстым. Осы тұста түсіме ұстазым Ыдырыс Ноғайбаев еніпті. Ол өзі жасап жатқан істі: «Әрі қарай жалғастыр!» — деп, маған тапсырып жатыр екен. Мұны жақсыға жорыдым. Расында, қазір ойлап қарасам, Ыдырыс Ноғайбаев ойнаған Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Абайды, Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» Петруччоны және басқа рольдерді сол сахнада ойнау маған да бұйырыпты…

— Актер үшін сахнаға шығарған қай ролі де қымбат болар. Әйткенмен, Абай образын сомдау — екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт әрі ерекше сын. Өзіңіз сахнада сомдаған Абай жан дүниеңізде қандай із қалдырды?

— Жан дүниемнің астан-кестенін шығарып, мені мүлде өзгертті десем де болады… «Шалқайғанға — шалқай, еңкейгенге — еңкей» — деген ұстаным бар ғой. Тірлік ағымымен жөңкілген көп пенденің қатарында мен де нақ осы ұстаныммен өмір сүрген едім. Абайға терең үңіліп, оны оқыған сайын, одан бас тарттым.

Абай жүрек тазалығын басты орынға қояды:

«Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі» — дейді. Жүректі не тазаламақ? Мейірім мен кешірім ғана… Абай ақылды да, білімді де, қайратты да — бәрін-бәрін жүрекке жүгіндіреді.

Абай поэзиясы — Құран сөзімен үндес поэзия. Құран: «Әр адам — Алланың жаратқан пендесі. Оны қорлама, оған қиянат жасама. Жазықсыз жанға қиянат жасау Аллаға қарсы шығумен бірдей», — дейді. Ал Абай айтады:

«Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла,

Пендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа, мүмин болсаң,

Ойла, айттым…

Адамдық атын жойма».

Әрине, мұндай мысалды сандап келтіруге болады.

— Қазақ театр өнерінің қазіргі беталысы туралы не айтар едіңіз?

— Қазақ театр өнерінің іргетасын қалаған тұлғалар шығармашылығынан бастап, кешегі 90-жылдарға дейінгі аралықты шолып қарасақ, алдыңғы толқын аға-апаларымыздың ұлттық ерекшеліктерге, өз құндылықтарымызға айрықша мән бергенін көреміз. Бұл өте маңызды. Мысалы, бірнеше ғасыр бұрын пайда болған жапон театрлары әлі де бастапқы ұстаным-бағыттарынан айнымай келеді, ал олардың қойылымдарын жұрт әлемнің түкпір-түкпірінен арнайылап келіп, тамашалайды. Құны екі мың доллар тұратын билеттер бір жыл бұрын сатылып кетеді. Олар көрерменді несімен қызықтырады десеңіз, басты себеп — ұлттық бояудың сақталғандығында… Біз де, өнердің қай саласында да, өз құндылықтарымызға адалдық танытуды, өз табиғатымыздан, өз жолымыздан айырылып қалмауды ойлауымыз керек. Қазір әркімге еліктеп, көрермен тарту, табыс табу деген сылтаулармен, жалт-жұлт еткен, құр жылтыраққа үйір боп барамыз ба деп қорқамын.

Кейбіреулер шетелден көріп келгенін, ұлттық табиғатымызға үйлесіп-үйлеспейтінін саралап жатпастан, сол күйі қайталайды. Мені осы жайт қынжылтады. Біз сырттан алғанның бәрін қазақтың таным-түсінігіне, болмысына бейімдеуіміз керек. Айталық, бүгінде Ақтөбе театры Николай Гогольдің «Ревизорын» сахналап отыр. «Ревизорда» Хлестаков қызға да, оның анасына да қырындайды. Мұндай қылық біз үшін шектен шыққан сұмдық нәрсе… Қазақтың арасында ондай болмаған, тіпті ол ақылға сыймаған. Сондықтан режиссер театрдың басшылығымен ақылдаса келе, бұл жерін өзгертті, Хлестаковтың қыз анасына деген құрметін ғана қалдырды. Қойылымды өз болмысымызға жақындату мақсатындағы осындай шешімдер көп болуы керек.

— Ақтөбелік әріптестеріңізді көріп-білдіңіз. Қандай пікір айтасыз?

— Жоғарыда ұлы Абайдың жүрек тазалығын басты орынға қоятынын айтқан едім. Сол тазалық, ең алдымен, актерге керек. Тағы да Абайға жүгінсек: «Өнер жарысында бәсекелессең де, әділ бол. Саф, сұлу өнер бықсық ойдан тумайды, шыншыл, таза жүректен туады». Ал марқұм Әзірбайжан Мәмбетов әрдайым: «Жүрегі қатыгез адамның сахнаға шығуға хақы жоқ» — дейтін еді. Бұл да — жүрек тазалығы туралы сөз. Жүрегі таза адам ғана бала мінезді, сенгіш, сезімтал келеді. Өзі сенгіш, сезімтал болмаса, актер көрерменді қалай баурап, қалай сендірмек?

Мен ақтөбелік әріптестерімнің бойынан сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрсеге ренжитін, балаға тән мінезді көрдім, соған сүйсіндім. Театрдың жаңа басшысы Нұрхан Кәдірбаев жаңа ізденістерді, жаңа істерді қолға алып жатыр екен. Сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button