Әкімдер есебі

Ақтөбеде жаяу жүргіншілер үшін 3 жер үсті жолы салынады

Биыл Ақтөбе қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарға жағдай жасау үшін 3 жер үсті жаяу жүргіншілері жолының құрылысы басталады. Бұл туралы кеше Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр ғимаратында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың биылғы жылғы ауылдық округ және қала тұрғындары алдындағы жетінші есепті кездесуінде айтылды. Қала әкімінің бұған дейінгі халықпен кездесулеріне 2 мыңға жуық адам қатысқан.  Есепті кездесуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекеме басшылары, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Кездесуде Ілияс Испанов былтыр Ақтөбе қаласы бойынша атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Атап айтқанда, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, жұмыспен қамту, желілік инженерлік қызметтерді дамыту бағытында атқарылған шараларға тоқталып, жол-көлік желісін дамыту, облыс орталығының және ауылдық округтердің елді мекендерін абаттандыру, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сондай-ақ «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ақылды қала» жобасы жайын сөз етті. Сонымен қатар, шаһар басшысы әлеуметтік саланы жетілдіру жайын айта келе, биылғы жылға арналған міндеттерді белгіледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында ел дамуының жаңа бағытын айқындап берді. Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру аясында «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды. Қазіргі кезде қоғам, жалпы болашақ ұрпақ алдында жаңа сапалық даму тұр. Оның басты тармағының бірі — цифрландыру. Елбасы Жолдауында айтылғандай, қазіргі кезде қоғам болып өндірісті және барлық құрылымдарды цифрландыру мәселесі бойынша жұмыстарды атқаруға көштік. Есепті кезең ішінде қаламыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің  барлығында оң динамика сақталған. Атап айтсақ, өндірістік өнім көлемі 2018 жылдың 1 қаңтарына 523,9 миллиард теңгені құрады. Физикалық көлемі — 107,9 пайыз. Бұл — республика бойынша ең алдыңғы орын саналады.  Өткен жылы инвестиция көлемі  146,1 миллиард теңгені құрады, — деп өз баяндамасын бастаған І.Испанов былтырғы жылы қаланы дамыту бойынша әр салада атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.

Белгілі болғандай, биыл Ақтөбеде жаяу жүргіншілер үшін 3 жер үсті жолының құрылысы басталады. Қала әкімінің айтуынша, бұл жолдар Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы «Ақтөбе Ажары» тұрғындар кешені маңында, сондай-ақ Ә.Молдағұлова даңғылындағы «ДСК» және автовокзал ауданында бой түземек.

І.Испановтың есепті баяндамасынан соң тұрғындар тарапынан жеке және әлеуметтік мәселелерге қатысты сауалдар қойылды. Қала тұрғындарының бірі №42 бағыттағы автобустың аялдамаға кешігіп келетінін айтып, мүгедектер мәселесін де қозғады. Яғни, оларды тегін дәрі-дәрмекпен және арбамен қамтамасыз ету ісінің салғырт жүргізілетінін сөз етті. Ақтөбедегі Оңтүстік-батыс ауданының тұрғыны, зейнеткер Әбілханова елді мекенге жаңа мектеп салу мәселесін көтерді. Себебі, аталған ауданның жаңа құрылыс ауданында 400-ге тарта үй бой көтерген. Ондағы балалар қыстың көзі қырауда аялдамада №20 автобусты күтіп, мектепке қатынайды. Бұл мәселеге қатысты Ілияс Испанов:

Қазір қала аумағында 13 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Былтыр 18 мектеп іске қосылды. Мектеп салу үшін сол ауылдағы немесе сол маңдағы балалардың саны ережеге сай болуы тиіс. Салынатын мектептердің ең шағыны  300 балаға арналады. Яғни, мұндай мектепте екі ауысымда 600 бала оқиды. Егер бала саны 600-ге жетпесе, біз онда мектеп салу ісін жоспарлай алмаймыз. Жоспарлаған жағдайда да министрлік тексеріп, мұндай жобаны жүзеге асыруға рұқсат бермейді. Рауан, Шилісай секілді ауылдардан мектеп салу үшін 8 жоба әзірлегенбіз. Әзірге бұл жобаларымызды осындай жағдайға байланысты жүзеге асыру ісін тоқтатып тастады. Сондықтан, Оңтүстік-батыс ауданына мектеп салу ісіне қайта талдау жасап, зерттейміз. Бұл мәселе содан кейін ғана қаралады, — деді.

Кездесуде Ақтөбе қаласындағы №16 орта мектептің мұғалімі Қарғалы селолық округіндегі перзентханада босанған келінінің жағдайын айтып, шағымданды. Қазір жас босанған ана облыстық денсаулық сақтау басқармасының ықпалымен Ресейдің Питер қаласында ем қабылдап жатыр. Мұғалім миынан зақымданған келінінің мұндай күйге түсуіне  дәрігерлерді кінәлайды. Бұл мәселеге қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жауап берді.

Біз бұл мәселені білеміз, шілде айынан бері айналысып жатырмыз. Бұл — вегетативтік жағдай. Яғни, науқастың миына терең зақым келген. Сондықтан оған ұзақ мерзімді оңалту емі қажет. Біздер бұл мәселеге қатысты Питермен байланысып жатырмыз. Бұл жерде ем жасалып жатыр. Ендігі мақсатымыз — біздің мамандарды Питерге жіберіп, науқасқа жасалып жатқан емді осында жүргізу. Себебі, ұзақ уақыт қаражат бөліп, науқасты шетелде емдей алмаймыз. Денсаулық сақтау министрлігімен байланыстық. Елімізде ондай патология бойынша шетелге квота берілмейді. Біз науқасты бақылауға алып, емін жалғастыратын боламыз. Мүмкіндігінше барлық жағынан көмек жасауға дайынбыз, — деді Ә.Қалиев.

Облыс әкімі бұл мәселеге қатысты шағымданушы мұғалімді жиыннан соң жеке қабылдайтынын айтты.

Қала әкімінің есепті кездесуінде арбаға таңылған Әлібек есімді жас жігіт шағым емес, мүгедектерге жасап жатқан қамқорлығы үшін бірқатар мекеме басшысына, алғыс білдірді. Әсіресе, қаладағы «Береке», «Восток» секілді демалыс орындарында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тегін қызмет көрсетілетінін айтып, жаңа жылда мүгедектер үшін қандай көмек болатынын сұрап, облыс әкімінен өзіне бата беруін өтінді.

Әлібек баламыз өнегелі, тәрбиелі сөз айтты. Адам өмірге келгеннен кейін, өмір сүру үшін талпынуы керек. Өкінішке қарай, барлық адамның он екі мүшесі сау бола бермейді. Ақтөбедегі Құралай Базарбайқызы бастаған азаматтар мен азаматшаларды көрген кезде, өзің ұяласың. Қазақ «жетім көрсең, жебей жүр» дейді. Бұл жай айтылған нәрсе емес. Қолыңнан келсе, қасыңдағыға көмектесуің керек. Баяғыда ашаршылық кезінде, соғыс кезінде әртүрлі ұлттың мыңдаған адамы қазақ жерін паналады. Міне, сол дәстүр жалғасып келеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек қолын ұсынып, қолдап жатқан азаматтар мен азаматшаларға алғыс айтамыз, реті келгенде, ондай жандарды марапаттап, құрмет те көрсетеміз. Мүмкіндік болып жатса, мемлекеттің де марапатын алып береміз. Әрине, жаңа жылда да мүгедектерге қолдау көрсетіледі, — деп Бердібек Машбекұлы өмір деген үлкен талпынысы бар Әлібектің деніне саулық тілеп, батасын берді.

Әрине, есепті кездесуде бұдан өзге де жеке бастың проблемалары айтылып, өзге де әлеуметтік мәселелер көтерілді. Бірқатары сауалдарды жазбаша қойды. Жергілікті билік өкілдері ешбір сұрақ назардан тыс қалмайтынын, белгілі бір мерзім ішінде нақты жауап болатынын айтып жатты.

Жиынды қорытындылаған сөзінде Бердібек Сапарбаев: «Жиында айтылған мәселелердің барлығы бізге белгілі. Ол мәселелерді тезірек шешу үшін ақша керек. Ақша болу үшін жұмыс істеуіміз керек», — дей келіп, ауыл шаруашылығына, әсіресе азық-түлік қауіпсіздін қамтамасыз етуге айрықша мән беріп, импортты азайту керектігін айтты.

Облыс әкімі өз сөзінде тәртіп, тәрбие, қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін де сөз етті. Тұрғындардың сауалына қатысты да бірқатарына жауап берді. Бердібек Машбекұлының айтуынша, қазір Ақтөбе қаласында 600 аула бар, алайда оның тең жартысы талапқа сай емес. Жергілікті билік балалар ойын алаңын қайта жаңартып, жаңғыртуға күш салып жатыр. Әсіресе, «Самұрық-Қазына» секілді ірі компанияларды бұл іске қатысты жұмылдырудың тиімді жолын қарастырған.

Балалар ойын ауласы демекші, биыл  Ақтөбеде «Бақытты балалар» жылы жарияланғанын айтқан облыс әкімі бұл іске барлық ақтөбеліктің, әсіресе кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың жұмыла жұмыс жасауы керектігін ескертті. Сол сияқты, ол әйелдің отбасындағы рөлін арттыру, қазақ халқының салт-дәстүрін ескере отырып, болашақ аналарға тәрбие беру мақсатында облыс орталығында салынып жатқан «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығының Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде іске асырылып жатқанын атап өтті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button