Әкімдер есебі

Мемлекеттік бағдарламалар толық орындалады

Мәдениет үйінде өткен аудан әкімі Нағымжан Алдияровтың тұрғындармен кездесу жиналысына  халық өте көп жиналды. Өткен жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жұмыстарды саралаған аудан әкімінің есебіне облыс әкімінің орынбасары Асқар  Биахметов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің  мемлекеттік инспекторы Асхат Қайнарбеков және ауылдардың әкімдері мен мекемелердің басшылары қатысты.

Аудан әкімі ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына және үстіміздегі жылдағы алда тұрған міндеттерге кеңінен  тоқталды . Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүйелі жүзеге асуы және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалатындығы айтылды. Аудандық бюджеттің орындалу жайы, ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілік пен мал шаруашылығы, жер қатынастары саласындағы жұмыстар жан-жақты қамтылды.  Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша 95,5 миллион теңгеге 2 жоба жүзеге асты. «Кең дала» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары бойынша 891,6 миллион теңгеге 5 жоба атқарылды. Осы жылы 600 балаға арналған мектеп пен 100 балаға арналған интернат құрылысы пайдалануға беріледі.

Аудан әкімі үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы саласында атқарылуға тиісті міндеттерге тоқталды.  Яғни биылғы жылы  мал шаруашылығы саласы кәсіпкерлері «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша жоспарларын толық орындауға тиіс. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  бағдарламасы негізінде көптеген салалар бойынша жұмыстар жоспарланғаны, сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары, денсаулық, білім беру, әлеуметтік салалардың жұмыстары туралы да айтылды.

Кездесу барысында аудан әкіміне тұрғындар біраз сауалдар да қойған еді. Оларға аудан басшысы нақты, дәлелді жауап қайырды. Ол сұрақтар негізінен дүкендердегі  азық-түліктердің  қымбаттығы, дәрігерлердің жұмысына байланысты болатын.

Есеп беру жиналысында аудан әкімі Н.Алдияров алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, ішкі саяси ахуалды нығайтуға,  тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді пысықтай түсті. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов жиналыста сөйлеген сөзінде Елбасының биылғы халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталып, өңірде атқарылуға тиісті жұмыстарды саралады. Аудан халқына үстіміздегі жылы да жаңа табыстарға жетеуіне тілектестік білдірді.

Жеңіс ҚОНЖАРҰЛЫ,

Алға қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button